Әлімжан Құртаев – Сенат депутаты

04.07.2017
Қаралды: 325

Елімізде Парламент Сенаты депутаттарын сайлау нау­қаны аяқталды. Депутат болуға Қазақстанның барлық өңірлерінен 38 үміткер тіркелген еді. 

Атап айтқанда, 9 облыс пен Астана қаласының әрқайсысынан – екі үміткерден, ал Атырау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан үш үміткерден қатыс­қан болатын. Осының ішінен 16 адам Сенат депутаты болып сайланды.

Оңтүстік Қазақстан облысынан Сенат депутаттығына Әлімжан Сейітжанұлы Құртаев сайланды. Ол кісімен бірге сайлауға «Стандарт-Цемент» ЖШС-нің бас инженері Сейіт­жаппар Есжанов түскен болатын. Сай­лау комисиясының мәліметі бо­йынша, Ә.Құртаев сайлаушылардың 82,14 пайыз дауысын иеленген.

Ә.Құртаевтың 2016-жылдың желтоқсан айынан бері «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келгені бел­гілі. Сенат депутаттығына Ә.Құр­таевтың кандидатурасы облысымыздағы Бәйдібек, Отырар және Түлкібас аудандық мәслихаттарының сессиясында ұсынылған болатын.

...ҚР Сенатында 47 депутат бар, олардың 15-ін Президент тікелей өзі тағайындайды. Қалғандарын жергілікті мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлайды. Сенат депутатының өкілеттік мер­зімі – 6 жыл. Депутаттар құрамы әр 3 жыл сайын ішінара жаңартылып тұрады.

Н. ӘБДІ 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ