Ақпарат

Таныспай жатып табысқан екен

Қаралды: 561

Таяуда әпкемнің үйінде қонақта болған едім. Сонда жиналған әйелдердің ішінде самбырлай сөйлейтін біреуінің ақжарқын мінезді, 

көңілді жүретін жан екенін байқадым. Әсіресе маған оның өзінің қалай отбасын құрғаны жөніндегі әңгімесі ұнады.

«Осыдан жеті жыл бұрын мен де бойжеткен қыз едім, – деді ол. – Университетте 3-курста оқып жүргенмін, тәтті  күлше шағаратын зауытта қосымша жұмыс істейтінмін.  Бір күні түнгі, бір күні күндізгі ауысымға түсіп жүрдім. Көпбалалы отбасының үлкені болғандықтан үйден ақша аз келеді, сондықтан қатарымнан қалмас үшін ауыр болса да осы жұмысты тап­қаныма қуанатынмын.

Бірде айлық жалақымды алған күні ауылдан інім келді. «Бекжан» базарына бармақ болдық. Осы мақсатпен үйден шыға берген кезде жеңгем қоңырау шалып: «Ерке қыз, бір жігіт сені сұрап қоймай жатыр. Өтінемін, таныса салшы. Қазір өзі саған қоңырау шалады», –  деді. Бір жездем: «Сені ешкім алмайды, біреу алатын болса саған машинамды беремін», – деп әзілдейтін. Неге екенін, ойы­ма сол сап етіп түсе қалды да, дереу ол кісіге қоңырау шалып: «Машинаңызды да­йындай беріңіз», – дедім. Жездем тағы да күліп: «Ол қашан да дайын ғой. Бірақ, әй, қайдам, сені біреу алады деуге күмәнім бар», – деді.

Сол екі арада әлгі жеңгем айтқан жігіт телефон шала қалды. Саябаққа шақырды, сол жерде кезде­сейік дейді. Базарға баруым керегін айтып едім, өзім жеткізіп саламын деді. Содан таныссам танысып кө­рейін деп саябаққа бардым.

Жігіт маған бір көргеннен ұнай қойған жоқ. «Цветі» қап-қара екен. Сөзді көбейт­пей, базарға баруым керегін, асығыстығымды айттым. Жанында жолдастары бар екен, «Бекжан» базарына дейін көлікпен жеткізіп салатындарын айтты. Баратын же­ріңе біреу жеңіл көлікпен, тегін жеткізіп саламын десе қарсы болмайсың ғой, мақұл дедім.

Сонымен жанымда туған інім мен тағы бір ауылдас інім бар, бәріміз әлгілердің көлігімен «Бекжан» базарына барып жеттік. Олар базардан киім таңдағанда жанымыздан қалмай жүрді.  Бірақ сәл бірге жүріп, сосын бір бутикке кіріп кетеді, біраз бірге жүрген соң тағы да  солай қайталайды. Інілерім: «Сіздің мынауыңыз қап-қара болып не істеп жүр?» – деп әзілдеп қояды. Сөйтсем «Бекжан» базарында менің болашақ енем, келінім, жеңгем жұмыс істейді, соларға мені «жарнамалап» жүрген екен. Барлығы да мені ұнатыпты: «Сендер үйге алып барыңдар, біз дайындала береміз», – деп келісіпті. Ал мен мұның барлығынан бейхабар едім. 

Інім өзіне ұнайтын костюм-шалбар табамын дегенше кеш болып қалды. Олар сол «Бекжан» базарынан ауылға таксиге мініп кетті. Ал мен үйге автобуспен қайтайын деп келе жатқан едім, алдымнан жаңа ғана танысқан жігіт пен жолдас балалары шыға келді. «Жүр, біз апарып тастаймыз», – деп қиылып қоймады. Үйге тегін жетіп алайын деп көліктеріне мініп алдым. Жолда жігіт мені кафеге шақырды. Алғашында қарсылық білдіре­йін дедім де, кейін барсам барайын, оны да көрейік деп шештім. «Жолдас қызымды шақырайын онда», – дедім жігітке. Ол бірден келісті.

Сонымен жігіт құрбым екеумізді кафеге ертіп барды. Бір үстелге отырғанбыз. Біраз адамдар келіп, мен жаңа танысқан жігітке: «Туған кү­ніңмен!» – деп жатыр. Құр­бым екеуміз түкке де түсінбей, бір жағынан қысылып, ұялып отырдық.

Сағат түнгі 12-ні шамалағанда үйге қайтуымыз керегін айтып, жиналуға кіріскенбіз. Олар шығарып салатын болды. Тағы да алаңсыз көлікте­ріне отырып алдық.

Сонымен жолда келе жатырмыз. Түнде қай жерде келе жатқанымызды аңғармаппын, бір ауылға кіріп бара жатқанымызды кеш аңғардым. Енді шындап қорқа бастадым. «Бұларың қалай? Не ойларың бар? Бізді үйімізге жеткізіп тастаңдар. Сөздеріңе сеніп отыр­мыз ғой», – деп едім, біреуі: «Уайымдамаңыз, үйіңізге аман-есен жеткізіп саламыз. Қазір мына жігіттің ата-анасы туған күніне тілек айтсын, сосын қайтып шығамыз», – деді жайбарақат.

Содан бәрімізді үйге кіргізді. «Оң аяқпен кі­ріңдер», – деді бір жігіт. Қайсы аяқпен кірсе де бәрібір емес пе деп қоямын, ойымда әлі де ештеңе жоқ.

Үй ішінде бастан-аяқ дастархан жасап қойған екен. Адам да көп. Келгендер барлығымыз бір дастархан басына жайғас­тық. Ыңғайсызданып: «Тезі­рек ата-анасын шақырсаңдаршы, тілек­терін айт­сын. Болды енді, біздің қайтуымыз керек», – деп едім, жігіттің жолдастарының барлығы орындарынан тұрып кетті. Мен әлі де ештеңені ұға қойған жоқпын.

Сәлден соң бөлмеге үлкен әжелер мен әйелдер, жас келіндер кіріп келді. Құрбым екеуміз аң-таң болып, түкке де түсінбей қалдық. Бір апа ақ орамал әкеліп менің басыма жапты. Не болып жатқанын енді ғана түсініп, қорқып кеттім, орамалды шешіп тастадым. «Мен қазір тұрмыс­қа шықпаймын! Әкемнің  мінезі жаман, ешкімді де аямайды!» – деп кетудің амалын жасап жатырмын. Бірақ онымнан түк те шықпады. Бәрі жабыла жүріп көндіріп, басыма орамал жауып, отырғызып қойды. Қысқасы, не керек, ертесіне беташар өтті,  қуғыншылар келіп, келін тү­сірген жақ туыстарымды жақсы күтіп шығарып салды. Әкем ақ батасын берді.

Қазір мен сол алғаш көргенде ұнай қоймаған сол қап-қара жігітпен бақыттымын. Көз қуанышымыз – екі қызымыз бар.

Жездем де отбасын құрғаныма шын жүрекпен қуанып, көп ұзамай-ақ өзінің мініп жүрген көлігін «су жаңа» бажасына сыйға тартты. Ал­маймыз деп едік: «Ердің екі сөйлегені – өлгені», мен балдызымның бағы ашы­луын тілеп, оны үнемі қайрап жүретін едім, енді бақытты болғанын көргеніме бақыттымын. Алмасаңдар, ренжимін», – деді. Әпкем де оған қосарлана жүріп бізді көндірді. Олардың бұл жақсылықтарын бір кездері еселеп қайтарамыз деген ниеттеміз».

...Ақжарқын мінезді бұл келіншек әңгімесін осылай аяқтады. Басынан өткен жайды әзілдей күле отырып баяндағанда жұрттың ішек-сілесін қатырды. Жұрт оны сүйсіне тыңдады.

Ол келіншекті бір көрген адамы осылайша алып қашқан екен. Бүгінде олар бақытты өмір сүріп жатыр.

Мен бұл туралы өзім сүйіп оқитын «Замана» газетінде жазуды шештім. Өйткені оның үлгі алатын жақтары да жоқ емес қой. Бүгінде бірнеше жыл бойы сыйласып, сырласып жүріп үйленген, сырға салып құда түсіп отбасын құрып жатқандардың арасынан да ажырасушылар шығып жатқанын жиі еститін болдық.  Ал отбасын бұзып, ажырасу деген жаман нәрсе ғой.

Жастар көрмей-білмей, алып қашып үйленсе де, келісіп, құда түсіп үйленсе де тіккен отаулары мығым,  шаңырақтары берік болса екен деймін.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру