Ақпарат

Тағамнан жұғады, тамақты жұтындырмай ауыртады

Қаралды: 612

Бүгінгідей күндерде адамға қауіп төндіретін аурудың бірі – ботулизм. Ол бүлінген тағамнан жұғады және жүйке жүйесінің зақымдалуымен жүреді, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе өлімге соқтыруы әбден мүмкін.

Ботулизмнің қоздырғышы анаэробты жағдайда көбінесе ауа жоқ жерде көбейеді, әсіресе дұрыс жабылмаған банкілерде, үй жағдайында консервіленген азықтарда, баклажан, қияр, саңырауықұлақ, балық, салаттарда көптеп кездеседі. Дұрыс  жабылмаған консервілер бөлме температурасы жағдайында улы заттар шығарады.

Ботулизмнің инкубациялық кезеңі орташа алғанда 4 – 6 сағат аралығын құрайды. Кей жағдайда 2 сағаттан 10 күнге дейін созылуы да мүмкін. Көп жағдайдағы негізгі инкубациялық кезеңі 18 – 24 сағат аралығы. Ауру жедел басталады, науқаста әлсіздік, жүрек айнуы, құсу, іштің ауруы, айналадағы затты анық көре алмау, тамақты жұта алмау пайда болады. Бір затты екеу етіп көреді (диплопия). Көз қарашықтары үлкейеді. Көзді қозғалтқыш бұлшық еттердің салдануы нәтижесінде көзінің қитарлануы, жоғарғы қабақтың түсіп кетуі (птоз) пайда болады. Сонымен бірге ауыз қуысының шырышты қабаты құрғайды. Шөл қысады, дыбысы жай шығады. Көмейінде бөгде дене тұрған тәрізді болады. Жеген тамақтары аузынан, мұрнынан шығады. Бұлшық ет салдануы­ның нәтижесінде басын ұстап тұра алмайды, адинамия болады. Бұлшық ет­тері қамыр тәрізді жұмсарады. Қабыр­ға­аралық бұлшық еттері салдануының нәтижесінде дем алуы қиындап, тыныс жиілейді.

Ботулотоксин ас қорыту жолдарынан қанға жақсы сіңіріледі. Алғашқы 24 – 36 сағаттың ішінде қандағы концентрациясы ең жоғарғы деңгейге жетеді.  Кім болса да үй жағдайында консервілеу кезінде көкөніс пен жемістерді өңдеу ережелерін және сақталу шараларын сақтамаған жағдайда сапасыз өнімге тап болатынын естен шығармағаны  жөн.

Ботулизмнің алдын алу үшін мынадай жайларды есте ұстау керек:

- Көкөністерді консервілеу алдында міндеті түрде тазалап жуу. Үй жағда­йында консервіленген өнімдерді қолдан сатып алмау. Тек сапалы азықты консервілеу. Сапалы және құрамы туралы сертификаты бар өнімдерді сатып алу.

Осы айтылған талаптарды сақтаңыздар, өз денсаулықтарыңызға немқұрайды қарамаңыздар!

Ж. СӘРСЕҚҰЛОВА,

Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының  бас маманы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру