Ақпарат

Су ішкенде, шомылғанда тым алаңсыз болмаңыз

Қаралды: 187

Жаздың аптап ыстық күндерінде адамның суды көп тұтынатыны белгілі. Суды ішеді, салқындау үшін су көздеріне түседі. 

Жалпы, сусыз тірі ағзалар тіршілігінің болмайтындығын барлығымыз жақсы білеміз. Егер пайдаланатын ауыз судың сапасы төмен болса, адам ағзасына әртүрлі ауру қоздырғыштары еніп, түрлі дерт тудырады. Бұл туралы оқырманның білгені жөн.

Яғни су жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың таралуында басты фактордың бірі болып табылады. Сарапшылардың мәліметі бойынша әлемдегі барлық аурулардың 80 пайызы ауыз су сапасының нашарлығымен және сумен қамтамасыз етудің санитарлық нормаларының бұзылуымен тікелей байланысты екен. Су арқылы бактериалды ішек жұқпалы аурулары көп тарайды.

Бактериалды ішек жұқпалы ауруларына тырысқақ, іш сүзегі, «А» және «Б» паратифтері, дизентерия, әртүрлі энтериттер мен энтероколиттер жатады. Бұл аурулардың дамуының басты себептері мынадай: тазартылмаған суды тұтыну, жеткіліксіз су мөлшері, бактериялардың дамуына қолайлы жағдайдың болуы, қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамау, кез келген ашық суаттарда шомылу және шомылу кезінде суды жұтып қою, суды алу және суды тазарту қондырғыларында, су құбырларында техникалық ақаулардың болуы.

Суға түскен әртүрлі химиялық, фармацевтік заттар, былғары және басқа кәсіпорындардың қалдықтары оның биологиялық тепе-теңдігіне әсерін тигізіп қана қоймай, судағы микрофлораға да зиян келтіреді. Атап айтқанда, патогенді ішек клеткалары микробтарының морфологиялық, физиологиялық қасиеттерін (тіршілік қабілеттілігі, вируленттілігі, биохимиялық реакциялары және тағы басқа) өзгертеді. Ішек жұқпа қоздырғыштары пайда болған суды пайдалану өте қауіпті.

Қазіргі уақытта ағын су және басқа суларда ауру қоздырғышты, яғни патогенді энтеробактерді түрлі тәсілдермен тікелей анықтап, табуға болады.

Эпидемиологиялық тұрғыдан ашық су көздерінің қауіптілігі өте жоғары. Себебі ол ұдайы ашық тұрады әрі оған тұрмыстық, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылық қалдықтары қосылады. Егер ластанған суды ауыл шаруашылығына пайдаланса, онда ішек жұқпалары жануарларға жұғады да, одан адамдарға тарайды. Ашық су көздері үй жануарларының эпизоотологиялық жұқпалы ауруларға шалдығуына себеп. Ондай судағы балықтың желбезегі мен ішегінде патогенді микробтар жүреді. Көптеген ашық су қоймаларынан жануарлар мен адамдарға тән патогенді энтеробактерлер кездеседі. Ондайлар жасанды су қоймаларынан, табиғи тоғандардан да табылады.

Ашық су көзін ауыз су мен шаруашылық, тұрмыс үшін пайдаланғанда микробиологиялық сапасына, яғни патогенді және шартты патогенді микро­ағзаларына, олардың аз-көбіне көңіл аудару керек.

Микробтардың негізгі ролін энтеробактер тұқымдастар, соның ішінде сальмонелла атқарады. Көбінесе кәсіпорындардан шыққан ластанған ет қалдықтары мен басқа тамақ қалдықтары сальмонелланың таралуына негіз болады. Мұндай ластанған ашық суда сальмонелланың бөліну көрсеткіші 15 – 30 пайызға, ал жекеленген қалдықтарда 100 пайызға дейін жетеді.

Су арқылы берілетін аурулардың халық арасында таралуының алдын алу үшін мынадай шараларды іске асырған жөн:

ауыз судың сапасына үнемі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу; қайнатылған ауыз су пайдалану; ашық су көзінде шомылғанда сақтық шараларын жасау; кез келген ашық су көздеріне шомылмау; жеке бас гигиенасын сақтау; елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету; мүмкіндігінше елді мекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету; ашық су көздерінің санитарлық қорғау аймақтарын қатаң сақтау; зиянды, ластанған іркінді суларды залалсыздандыру; тазарту стансаларында тиімді зарарсыздандыру заттарын пайдалану және олардың тиімділігін қадағалап отыру.

...Қысқасы, ауыз суды тұтынғанда және су көздеріне шомылғанда оның тазалығына мән беріңіз. Денсаулық жағдайыңыз тұтынған судың таза әрі сапалылығына тікелей байланысты екенін әрдайым есте ұстаңыз демекпіз.

Л. ТОРТАЕВА,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық

қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру