Ақпарат

Талай жанның балалы болуына жәрдемі тиген

Қаралды: 2794

Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктолог дәрігері 

Ләззат Айтқожинаны ана бақытына бөлене алмай жүрген әйелдер мен ЭКО арқылы балалы болған жандар өте жақсы таниды. Ол кісі күні бүгінге дейін көптеген әйелдің балалы болуына септігін тигізген. Бұйыртса, әлі талай жылын осы салаға арнап, елдің алғысына бөленсем деген арманы бар. Бізге таяуда Ләззат ханыммен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ләззат Кенжебайқызы,  медицина саласындағы еңбек жолыңыз қалай басталған еді?

– Мен Шығыс Қазақстан облысында туып-өскенмін. Семейдегі медициналық университетте білім алдым. Өс­кемен қаласындағы гинекологиялық орталық пен перзентханада интернатурадан өтіп, Абай аудандық ауруханасына жұмысқа орналастым. Осылайша менің еңбек жолым басталды. Кейіннен Семей қаласындағы гинекологиялық орталықта дәрігер болдым. 2008-жылы Алматыға қоныс аударып, қалалық перинаталдық орталықта жұмыс істедім. 2013-жылы Репродуктивті медицина инс­титутына келіп, алдымен іс-тәжірибеден өттім. Кейін жұмыс­қа қабылдандым.  2012-жылдан бастап 4 жыл бойы «Қазақстан» ұлт­тық арнасындағы «Дауа» бағдарламсын жүргізгенмін. Уақыт өте келе екі жұмысты қатар алып жүру мүмкін болмады. Сосын осы салаға түбегейлі бет бұруды дұрыс деп шеш­тім.

– Репро­дуктивті технологияның көме­гіне кімдер және қалай жүгіне алады? Бағасы қанша?

–  Бұл қызмет түріне балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптылар жүгіне алады.  Қызмет – ақылы. 2010-жылдан бері мұқтаж жандар­ға үкімет тегін квота беріп келеді. Биыл Қазақстан бо­йынша 900 мемлекеттік квота бөлінді. Бұл – мұқтаж  жұптардың тек 17 пайызы ғана. Яғни 900 келіншек экстракор­по­ральді ұрықтандыру (ЭКО) жолымен балалы болса, қалғандары ақылы түрде осы көмекке жүгінеді. Оның ақысы шамамен 1 миллион 300 мың­ теңгедей болады.

Квотаға жалғызбасты аналар да үміт арта алады. Бірақ оның денсаулығы дұрыс болуы керек, жас ерекшелігі де ескеріледі. Жасы 40-тан  асқан үміткерлер үшін мүмкіншілік мүлде аз.

– Квотаға үміткерлерді қалай, қай уақытта таңдайсыздар?

– Былтырғы жылдан бері орталықтың дәрігерлері Қа­зақ­станның әр өңірлерін аралап, пациенттерді тегін қа­былдап, тексеріп, іріктеу арқылы талапқа сай жандарға тегін квота үлестіруде. Не бол­маса үміткерлерді осы орталыққа шақырып, тексе­реміз, мемлекеттік квота алуға сай болса бірден хат­тама жазып, кезекке тұрғызамыз. Кезегі келгенде тегін «ЭКО» жасап береміз. Ал  мемлекеттік квота бойынша іріктеу қашан жүргізілетінін институттың «Фейсбуктегі» парақшасында, ресми сайтымызда алдын-ала хабарлаймыз.

– Жалпы, бедеулік пен белсіздіктің себебі неде? 

–  Жүктіліктің болмау  себе­бінің 50 пайызы жатыр түтік­шесінің кемшілігіне байланысты. Сондай-ақ оған ерлердің ұрық көр­сеткішінің төмен болуы да себеп. Эндо­кринді факторлар, артық салмақ, аналық жұмыртқаның дұрыс жұмыс істемеуі, эндиметриоз, миома себеп болады.

Кейде себептің нақты күйеуінен екенін білеміз, өйткені әйелдің дені сау. Ұрықтың көрсеткіші төмен немесе мүлде қабілетсіз. Не болмаса әйелдің жатыр тү­тікшесі бітеліп қалған, немесе жатырдан тыс жүктіліктің орын алуынан жатыр тү­тікшесін алдырып тастаған пациенттер болады. Дәл сондай жандарға 100 пайыз «ЭКО»-дан басқа ештеңе көмектеспейді.

Кейде екеуінде де бәрі жақсы, бірақ бала жоқ жағдайлар да кездеседі. Негізі көп нәрсе психологияға да байланысты. Әйел баласы тұр­мыс құрғаннан кейін жоқ де­генде бір жыл немесе бір жарым жыл ештеңе ойламай, жүктілік туралы бас қатырмай жүруі керек. Кейбір келін­шектер босаға аттай салып, екі айдың ішінде емханаға шапқылап, мен неге көтермей жүрмін деген сұрақтың жетегінде жүреді. Сондай әйелдер түбінде «ЭКО»-дан бір-ақ шығады. Психология соған әкеледі. Кейде бір пациенттерге: «Болды, демалыңыз, ештеңе жасамаңыз, ЭКО-ға бір-ақ келесіз», – деп айтасың. Сонда ғана жаңағы әйел «ЭКО жасатамын ғой» деген оймен өзін еркін сезіне бастайды. Жанын жегідей жеген ойдан арылып, еркін жүре бастағанда қалай бала кө­теріп қойғанын өзі де білмей қалатын кездер болады.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қандай қағидамен өмір сүресіз?

– Ұстанымым – жұмысыңа, өзіңе адал болуың керек. Өмірді қиындата бермей, әрбір сәтті бағалап, мағыналы етуге тырысқан дұрыс. Қанағат ете білген жөн. Айналаңды қоршағандардан тек жақсылықты көруге тырысу керек.

–  Әйел бақыты деген ұғым сіз үшін қандай мағына береді?

– Әйелдің бақыты – ана болу. Саған қолдау білдіретін, арқай сүйейтін азаматыңның қасыңда болуы. Өзім ұл бала тәрбиелеп отырмын, әлі де бала сүйгім ке­леді. Бақыт деген – ата-анаң, жақындарыңның амандығы, сүйіп істейтін кәсібіңнің болуы, жұмысыңа деген махаббатың.

Не істесем де шын көңіл­мен істегенді ұнатамын. Жұ­мысымды шын көңілмен атқарамын. Менің алдыма келген әйел мүмкін еден жуушы, мүмкін асхана қыз­меткері, мүмкін мұғалім, мүмкін дәрігер, мүмкін бастық шығар. Оның дәрежесі, мамандығы мен үшін қызық емес, ол жөнінде ешқашан сұраған емес­пін. Маған келген әйелдің бәрі бірдей. Сондықтан ел ішін аралағанда да шынымен әлеуметтік жағдайы тө­мен әйелдерге квота беріп кетуге тырысамын. Соңғы қаражатын жинап немесе несие алып келген жандар­ға қалайда қол ұшын созуды ойлап тұрамын. «ЭКО»-ның нәтижесі қалай болар екен деп бірге қобалжимын. Себебі ол ертең жүк­ті болмай қалған жағдайда оның өмірі қалай өр­би­тінін біліп тұрасың. Әйел бақытын, ана бақытын се­зінген әйел­дердің бақытты жүз­дерін көру – мен үшін үлкен жетістік.

– Сіздіңше, дәрігер қандай болуы керек?

– Дәрігердің жылы сөзі – жарты ем. Сондықтан алдыңа келген адамға жылы шырай танытуың керек. Қа­шанда адамгершілік қасиет биік тұруы тиіс. Жақсылық атаулы жақсы қарым-қатынас арқылы өрбиді. Дәрігердің алдына ешкім еріккеннен бармайды. Сондықтан мұңын, мазалаған мәселесін мұқият тыңдап, ішкі күйзелісін түсі­нуге тырысу керек. Жақсы дәрігер адамдарға көмектессем деген ізгі ниеті арқылы Алланың разылығына бөле­неді, сол адамдардың шексіз алғысын алады. Бақыт деген – көптің алғысы.

– Әңгімеңіз үшін үлкен рахмет.

Сұхбаттасқан – А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #4 Bogdan 12.07.2017 23:59
= Сіз барлық шынайы және адал адамдар, әсіресе мұқтаж адамдарға үшін қолма-қол ақша несие ұсынады сіздің жобасы үшін қарыз қажет. Мен € 80,000,000.00 несиелер € 1000 қарызға алады. Менің қызығушылық өте төмен болып табылады және қарамастан сұралған сомасының, жылына 3% құрайды. Несие мерзімі несие көлеміне қарай 1-30 жыл. Сіз ипотекалық кредиттерді, инвестициялық несиелер, автонесиелер, жеке несиелер қарыздар, жылжымайтын мүлікті болса Мәселен, Мен байланыстамын, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді қажеттіліктерін эксклюзивті даярлау және несие тіркелген. Қосымша ақпарат алу үшін электрондық пошта арқылы бізбен хабарласыңыз емес өтінеміз. Егер несие өтінімдері дәл сіз соманы, және кешіктірілген төлем айтыңыз. Электрондық пошта: клиенттер sereiux Түсіру емес
Дәйек алу
 
 
0 #3 Райхан 09.07.2017 03:00
Қалай туырласа болады квотаны
Жеке сайттарыңыз бар ма
Дәйек алу
 
 
0 #2 Асель аухадиева 08.07.2017 08:09
Салеметсизбе Лайла апай бизге кашан келесиз келинизши отинемин Кызылорда каласына меним жагдайым болмай тур акшам жок болип тур жасымда 30дан асып барады
Дәйек алу
 
 
0 #1 Нурила 07.07.2017 06:08
Саламатсыз ба? Сізбен қалай кездессем болады. Маған 8 жыл болды балалы болалмай жүргеніме. Жауап күтемін
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру