Ақпарат

Тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығы – «Рейтингте»

Қаралды: 153

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш «Үркер» Ұлттық сыйлығын жариялаған болатын. 

28-маусымда елордамыз Астанада талантты журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсетуді басты мақсат еткен «Үркер» сыйлығы 15 аталым бо­йынша табыс етілді. Он бес аталымның әрбір жеңімпазы 1 миллион теңгеден алды.

Осы он бестің қатарына ілігудің оңай болмағаны анық. Конкурсқа қатысушылар үшін бәсеке өте жоғары болған. Олай дейтініміз, жеңімпаздар анықталар алдында байқауды ұйымдастырушылар 700-ден аса өтінім қабылданғанын, кей жерде бір дауыстың өзі шешуші рөл атқарғандығын мәлімдеген болатын. Ал байқаудың қазылар алқасы осы саланың майталмандары мен қоғам қайраткерлерінен және сарапшылардан құралды.

Нақтырақ айта кетелік, үміткерлер ұсынған материалдарды мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, беделді журналист Намазалы Омашев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сияқты азаматтар саралады. 

Байқауға қатысқан жүздеген басылым арасында «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясында біз де, яғни «Рейтинг» газеті де, бағымызды сынап, талапқа сай бағытымызды білдірер, шығармашылық  деңгейімізді танытар еңбектерімізді жолдаған едік. Байқауға өтінім білдірген 700-ден астам үміткерлердің арасынан іріктеліп алынған 75-тің қатарынан табылып, әр номинация бойынша жүйрік шыққан алғашқы бестіктің тізімі белгілі болғанда бір қуандық.  Ақмола облыстық  «Арқа ажары»,  Оңтүстік Қазақстан облысынан  «Рейтинг»,  100 жылдығын тойлағалы отырған Шығыс Қазақстан облысының  «Семей таңы»,  Қарағанды облысының  «Индустриальная Караганда»,  Атырау облысының  «Ақжайық» газеттері «Үркерден» бірден-бір үміткер ретінде аталды алғашқыда. Баспасөзде бәсекелестік дамыған бүгінгі таңда алдыңғы қатардан көрінудің өзін бір мәртебе санап, газетіміздің кезекті нөмірін баспаға дайындап жатқанымызда Астанадан сүйінші хабар келіп жетті.

 «Рейтинг» ақпараттық-сараптамалық апталығы  «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылып, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері атанды.

Бұл тек екі күннің бірінде жаңа басылым желкен тартатын, ақпарат айдыны асып-тасып жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы үшін ғана емес, «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» номинациясы Қазақстанның әрбір аймағы мақтан тұтар толағай табыс деп есептейміз. Сыйлықты Астананың «The Rіtz-Carlton Astana» қонақүйінде өткен салтанатты кеште «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Жандар Наурызбайұлына медиа саласының белгілі менеджері, «Forbes Kazakhstan» журналының бас редакторы Арманжан Байтасов табыс етті.

Басылымның мұндай жетістіктерге жетуіне оқырмандарымыздың сенімі мен сүйіспеншілігі, талғамы мен таңдауы, жазылым кезіндегі қолдауы ықпал еткені анық.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ,

«Рейтинг» газетінің бас редакторы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру