Шымкенттегі «Бекжан» базарының аты да, заты да өзгеріп жатыр. Ендігі жерде ол «Дордой – Шымкент» базары деп аталатын болды. Бұл сауда орталығының маңдайшасына көп ұзамай осындай атау жазылып қойылмақ.
Кешегі аптада біз аталған базарды барып аралап көрдік. Онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көп нәрсе жаңартылыпты. Павильондар іші қоңырсалқын, желдеткіш, кондиционерлер жұмыс істеп тұр. Көп «бутиктерге» иелері енді жайғасуда екен. Базар кеңсесінің алдында топырлаған адамдар тұрғанын көрдік. Олардың бірін сөзге тарттық.
«Базарды қырғыздар жалға алып жатыр, – деді бізге өзін Айнұр деп таныстырған келіншек. – Мен бұрын «Бекжан» базарында сауда істегенмін. Қазір жалға «бутик» алмақ ниетпен келіп тұрмын. Кешеден бері кезегіміз жетпей жатыр. Сауда қатарынан орын алу мақсатымен жүрген адам көп».
Бұдан кейін біз осында «бутик» алуға келгендерді тіркеп отырған басшыларға жолықтық.
«Бекжан» базарын Қырғызстандағы «Дордой» базарының әкімшілігі жалға алды, – дейді «Дордой – Шымкент» сауда орталығы филиалының бас директоры Клара Нәдірқұлова. – «Дордойды» білесіздер, ол ТМД елдері бойынша ең үлкен базар, әлемдегі осындай сауда орталықтарының алғашқы ондығына кіреді. Бір айдай уақыт болды, осы базардың өкілдері Шымкентке келіп, біздің жақпен келісім-шартқа отырды. Мұнда көтерме сауда орталығы болады. Базарды олар 10 жылға жалға алды, кейін толықтай сатып алмақ ниетте.
Бұл базарда сауда жасауда негізінен артықшылық қырғыз кәсіпкерлеріне беріледі. Өйткені мұнда жеткізілетін тауардың барлығы дерлік, әсіресе жеңіл өнеркәсіп тауарлары Қырғызстаннан шығарылады. Бағалары арзан. Енді бұл жаққа бұрынғыдай екі-үш қолдан өтіп келмейтін болады, тікелей жеткізіледі.
Қырғыз ағайындар бұл сауда орталығының қазіргі жай-күйін ұнатып отыр. Базар барлық құрылыстық, санитарлық, өрт-қауіпсіздік қағида-ережелерге сай жабдықталған. Қыста жылытылады, жазда салқындатылады. Камералар, мықты күзет жұмыс істейді. Сауда жасаушыларға барлық жағдай жасалған.
Қазір жалға орын алушыларды айналысатын сауда түріне қарай сұрыптап, тіркеп жатырмыз. Кейін қолдарына ордер, келісім-шарт береміз, сосын жалға алған «бутигіне» тауарын әкеліп қойып, саудасын жасай береді.
Мұнда «Дордой» деп аталатын автотұрақ жұмыс істейтін болады. Сатушылар онлайн-режимде «Дордоймен» байланысып қажетіне тапсырыс беруіне мүмкіндік бар. Яғни екі ортада қатынайтын көліктер олардың тапсырысын көп ұзамай-ақ жеткізіп беретін болады.
Сондай-ақ бұл сауда орталығының Түркістанда да аумағы 9 гектарлық бөлімшесі ашылған. Ол «Алтынбұлақ – Дордой» деп аталады. Қырғыз кәсіпкерлерін ол жаққа да орналастыратын боламыз».
...«Дордой – Шымкент» базарының бас директоры осылай дейді. Осында базарды жалға алушылар жағынан Бішкектегі «Дордой» базарының қаржылық директоры Тағайбек Мәмбетов отыр екен, ол кісімен де тілдестік.
«Бұл базарда халық тұтынатын тауарлар ғана емес, азық-түліктің барлық түрі, көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт – бәрі сатылатын болады, – дейді ол. – Арнайы павильондар, сауда қатарларының бәрі де дайын. Олар тек жалға беріледі. Жал ақысы арзан. Сауда орнын жалға алған адам оны субарендаға, яғни өзге біреуге жалға беруіне болмайды. Кейін жал ақысын да, салығын да сауда нүктесін жалға алған адамның өзі төлейді».
Осылай деген Т.Мәмбетов бүгінде бұл базарға сауда жасаймын деушілердің көптеп келіп жатқанына қуанып отырғандарын білдірді. Оның айтуынша, үш-төрт күннің ішінде ғана мұнда 1500-дей адам келіпті. Олар сауда орындарын жалға алып, орналасып жатыр екен.
...Қысқасы, қаламызда «Дордой – Шымкент» сауда орталығы өз жұмысын бастады. Екі қабатты үлкен ғимараттың сауда алаңы 65 мың шаршы метрді құрайды, онда 7 мың адам сауда жасай алады. Сондай-ақ онда «Дордой» базарына қатынайтын көліктер тұратын автотұрақ бар.
Бүгінде саудада Қырғызстан тауарларына сұраныстың жақсы екенін, оның үстіне Шымкенттің тоғыз жолдың торабында орналасқанын, Өзбекстанның да жақын жатқанын ескерсек, бұл базарда сауда көп ұзамай-ақ құж-құж қайнайтын сияқты. Ең бастысы, қарапайым халыққа пайдалы болса екен!
Ж. ЕЛІБАЙ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!