Шымкентбай ата Шымкенттен табылды

30.06.2017
Қаралды: 649

Ел ішінде «Замананың» оқырмандары өте көп. Сондай жандардың бірі – төлебилік Төлебай Қонысбеков қария. 

Ол кісінің өмір жолы жөнінде біз газетіміздің осыдан бірер жыл бұрынғы нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Жасының 90-нан асқанына қарамастан Төлебай ата әлі де тың. Ауылынан Шымкенттегі балаларының үйіне қыдырып келіп тұрады. Қаланың ішінде де қалаған жеріне емін-еркін, ешкімнің көмегінсіз-ақ бара береді. Қария таяуда редакциямызға арнайы келіп, осыдан 35 жыл бұрын Жетісай жақтағы «Минводы» деп аталатын шипажайда өзімен бірге демалған азаматтарды іздейтінін айтқан, бұл жөнінде газетімізде жариялауды өтінген еді. Ол «Замананың» өткен нөмірінде «Қалжігіт, Арын, Шымкентбай, қайдасыңдар?» деген тақырыппен жария­ланған болатын.

Төлебай қарияның осы хабарламасы жарық көре салысымен редакцияға ол кісі іздеген азаматтардың бірі – Шымкент­бай Құрманәлі телефон шалды.

«Біздің үйдегі Салиха апаларың «Замананы» үнемі алып тұрады. Кешегі нөмірді де қолға тие салысымен түгел оқып шықтық. Төлебай қарияның бізді іздеп жатқанын біліп, өткенді бір еске түсіріп алдым. Суреттегі оң жақ шетте тұрған менмін. Ол кезде 32 жаста едім, жасы үлкен кісінің әңгімесін көбірек тыңдайтынмын. Төлебай атаның мекен-жайын білдім, бірақ хабарласа алмай отырмын. Телефон нөмірін неге көрсет­пегенсіздер?» – деді Шымкентбай қария.

Біз ол кісіге Төлебай атаның қалта телефонын ұстамайтынын, үйінде де телефон жоқ екенін айттық. Ол кісінің өзі бізге солай деген болатын.

Орайы келіп тұрғасын хабарласқан адамға өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойдық.

«Біз бұрын Төлеби ауданындағы Қызыләскер ауылында тұрғанбыз, – деді бұған байланысты Ш.Құрбанәлі. – Әкемнің бірінші әйелі ашаршылық жылдарында қайтыс болып кеткен екен. Ол кісіден Тұрсын деген қыз қалған. Ал менің анам Зиякүл 16 құрсақ көтерген, олардың көбі кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті. Тоқтарай деген ағам екеуміз ғана, әпкеміз Тұрсынмен бірге аман өстік. Тұрсын кейін тұрмыс құрып, Шымкентте тұрды. Жер ауыстырса балалар аман өседі дегенді естіген әке-шешем кейін Тұрсын әпкеміз тұратын «Ворошиловка» ауылына көшіп келіпті.

Маған Шымкентбай деген ат аянмен қойылған екен. Бөрібек деген туысқан атамыз түсінде анамның ұл туғанын, оған Шымкентбай деп ат қойылғанын көріпті. Осыны әке-шешеме айтып, кейін өмірге келгенде маған Шымкентбай деген ат қойылған.

Мұны маған әкем Құрманәлі айтып берген болатын. Бірде екеуміз атпен келе жатқанда мына жерде саған аянмен ат қойған Бөрібек көкең жатыр, басына барып дұға бағыштайық», – деп бейітіне барып құран оқыған еді».

Шымкентбай қария осылай дейді. Ол кісі бүгінде өзінің Шымкентте тұратынын айтады. Зайыбы Салиха апамен бірге 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріпті, олардан 23 немере сүйіп, ата-әже атанып отырған жайлары бар екен.

Шымкентбай Құрманәлінің  байланыс телефондары – 8-775-403-83-63, 8-777-558-65-90.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ