Ақпарат

Бос жатқан жерді гүлдендірген

Қаралды: 156

Түлкібас ауданындағы осы аттас ауылда Әжібай Сабуров есімді қария тұрады. Жасы 70-ті алқым­дағанына қарамастан ол кісі өте ширақ, жеке кәсібін дөңгелетіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүр.

Әжібай ағамыздың ұзыннан-ұзақ етіп соққан мал қорасында 60 жылқы бағылып жатыр. Малға қария бала-шаға, келіндерімен қосылып қарайды. Жыл­қы баласын тай кезінен алады да, бір жылдай бағып, сатып жіберіп отырады.

Біз Әжекеңнің диқаншылықпен де айналысатыны жөнінде естіген едік. Осы жөнінде қойған сұрағымызға ол кісі былай деп жауап берді:

«Кәсіпкерлікпен шындап айналысамын деген адамның тек бір кәсіптің құлағын ұстап қалғаны жарамайды. Сондықтан әр саланы қамтып, құлашты кеңге сермеген дұрыс. 13 гектар суармалы жеріміз бар. Оларға жыл сайын күнбағыс, қызанақ, қауын-қарбыз, асқабақ егемін. Олар қалай пісіліп-жетіледі, сол кезде мен үй бетін көрмей кетемін. Қазірдің өзінде уақытымыздың көбі сол алқапта өтуде.

Негізі жерге жанашырлықпен қараған дұрыс. Ектім – бітті, өзі өсіп шығады деген пиғылдан аулақ болғанымыз жөн. Мен жастайымнан жер-ананы қадірлеп, төсін еміп өскен жанның бірімін».

Әжібай қария 1945-жылы Қарақалпақстанның Шымбай ауданында туылған екен. Әке-шешесі ерте қайтыс болып, ағайындары оны балалар үйіне өткізіпті. Яғни ол кісі жастайынан темірдей тәртіптің уысында өсіпті. Кейін Ташкенттегі ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Өзбекстанда талай лауазымды қызметтерде болған, Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің жоспарлау саласында қызмет атқарыпты. Онымен қоса өз жеке шаруашылығын да жүргізе білген. Кейін, 1999-жылы Қазақстанға қоныс аударған, осы Түлкібас поселкесіне келіп орныққан.

Бізді Әжекеңнің үйіне Түлкібас поселкелік округінің әкімі Бекзат Құлманбетов ертіп барған болатын. Ол кісі Әжібай қарияны өте құрметтейді екен.

«Мына үйдің орны ол кезде ауыл тұрғындары күл-қоқыс тастайтын қоқысхана болатын, – деді ол кісі әңгімеге араласып. – Бұл маңда адамдар соның иісіне шыдамай мұрындарын басып өтетін.

«Егер осы жерді гүлдендіріп, бау-бақшаға ай­нал­дырсам, қоқысхана маңайын маған бересіздер ме?» – деген Әжекеңнің белсен­ділігіне басшылар қатты қуанып, бірден келісімдерін беріпті.

Арада бір-екі ай өткенде әлгі шыбын быжынап, күл-қоқысы үйіліп жатқан жер Әжекеңнің қажырлы еңбегінің арқасында айнадай тазарып, бірден жақсарып шыға келді. Ағамыз мұнымен де шектеліп қалмай, күл-қоқыстан арылған жердің жан-жағын қоршап, жеміс ағаштары мен сәндік ағаштарды көптеп қондыра бастады. Жабағылы суына дөңгелек шеңберге ұқсаған айналма қондырғы орнатып, ойпаң жерден биік жерге су шығарды. Ауыл молдасы Мұхитпен ойласа отырып, өзеннің үстіне жаяулар өте­тін шағын көпір салды. Міне, көріп тұрсыз, Әжекеңнің өз қолымен отырғызған бау-бақшасы жемісін беріп, ауыл тұрғындары көпірден емін-еркін өтіп жүр.

Әжекең бүгінде Түлкібас поселкелік округі жанынан құрылған ардагерлер алқасының белді мүшесі. Шаруа қожалығының, сонымен қатар құрамында 28 адамы бар «Мирош» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы. Елбасы саясаты бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі қазіргі таңда құ­жат­тандыру жұмыстарын бас­тап жатыр».

Әжібай Сабуров ағамыз өзінің 8 перзентінен бүгінде 34 немере, 1 шөбере сүйіп отыр екен. Зайыбы Маруся апаның мамандығы – мұ­ғалім. Перзенттерінің барлығын Ресейде, Қазақстанда оқытып, бәрінің жоғары білім алуына жағдай жасапты.

Әжекеңді жұрт агроном деп бағалайды екен. Өйткені ол кісінің бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысып келе жатқанына 50 жылдай уақыт болыпты. Яғни бұл саланың қыр-сырын әбден меңгерген. Енді ол кісінің жылыжай салмақ ниеті бар.

«Ісімді қолдап, қолдау білдіріп жүрген аудан басшыларына, жергілікті әкімдік қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, – дейді қария. – Аманшылық болса, әлі де атқарар істерім баршылық».

...Міне, Түлкібас жақта осындай ерекше қария бар. Ол кісі жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды кәсіпке баулуды өзінің азаматтық парызы деп біледі.

 Орынтай КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру