«Бала тілшіден» аға редакторға дейін өскен

27.06.2017
Қаралды: 458

Уәлихан Қожақ – асқаралы 60 жаста

Уәлихан Әмірұлының жүргізетін бағдарламаларын, сыр-сұхбаттарын жұрт сүйіп тыңдайды. Өйткені ол кісі – ұлттық құндылықтарымыздың жанашыры, үгітшісі, іздеушісі, қазақтың ән мен жыр, термелерін, ел ішіндегі өнерпаз жандарды жарыққа шығарып, үнемі насихаттап жүретін азамат. Ілгеріде өткен ақын, би, шешендердің ғибратты сөздерін халық жадында жаңғырту бағытында атқарып жүрген шаруалары өте көп. Уәкеңді өз ісіне адал берілген  кәсіби маман, нағыз ұлтжанды азамат деп сипаттауға әбден болады.

Уәлихан Қожақ 1957-жылы Ордабасы ауданындағы «Тұм­сық» деп аталатын  ауылда өмірге келген. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын инженер-технолог мамандығы бойынша бітіргесін жолдамамен барып Павлодар трактор зауытында үш жылдай еңбек еткен. Зауытта ауысым шебері, инженер-технолог бол­ған. Шымкентке оралғасын қаладағы фосфор зауытының «Фосфор үшін! – За фосфор!» газетінде, «5-арнада» еңбек етті. Қазақ Мемле­кеттік университетінде оқып, журналист мамандығына ие болды.

Негізінен Уәлихан Әмірұлы журналист болуды бала кезінен армандаған екен. «Әкем Әмір Ұлы Отан соғысының ардагері болатын, – деп еске алады Уәкең. – Ол кісі эпостық жырларды, дастандарды, айтыстарды, кітаптарды көп оқитын. Үйде газет-журнал атаулы толып тұратын, әкем оларда жарияланған мақалалардың мазмұнын бәрімізге түсіндіруден жалықпайтын. Содан болар, жазуға құштар болып өстім. Мектепте қазақ тілінен еркін тақырыпқа шығармалар жазатын едік, сонда ұстаздарым маған үнемі жоғары баға қоятын. Бірде сынып жетекшісі Өмірәлі Қыдыров жазғандарымды көріп, журналист болуың керек деп кеңес берді. Сол жылдары аудандық «Коммунизм таңы» газетінде алғашқы мақалаларым жариялана бастады, «Қазақстан пионеріне» де материалдарым басылды. Содан ауылдағылар мені «Тілші бала» деп атайтын болды».

Уәкең алғашқы мақтау-марапатын 7-сыныпта жүргенде иеленіпті. Оны аудандық партия комитетінің хатшысы Рәшит Нұғманов Алғыс хатпен және 10 сом ақшалай сыйлықпен марапаттаған екен. Еңбек адамдарының өмірі мен ауданның жетіс­тіктері жайлы жазылған хабарлары үшін мектеп оқу­шысы осындай марапатқа лайық деп табылған.

Уәлихан Қожақты әрқашанда сер­гектігі, біліктілігі, сұхбаттасының жан-дүниесін жіті сезініп, жүрекке жетер ой туындататын сұрақтар қоя білетіні ерекшелеп тұрады. Ол Қазақ радиосының облыстағы тілшісі қызметінде жүрген кезінде де республика жұртшылығын Оңтүстік өңіріндегі жаңалықтардан құлағдар етті, шешімін күткен мәселелерді көтере білді.

Уәлихан Қожақ өзінің еңбек жолында кімдерден үлгі-өнеге алғанын үнемі айтып жүреді. Әсіресе Намазалы Омашевты ерекше атайды. Бүгінде өңірімізде Уәкеңнің өзін де ұстазы санайтын журналистер аз емес. Ол кісінің тынымсыз еңбегі бағаланып, көптеген Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Жұрт сыйлайтын Уәкең, міне, осындай жан. Ол кісі жан жары Санагүлмен өмірге Ербол, Нұрсұлтан, Әсел есімді ұл-қыздар әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Ерболы – заңгер, оның үйіндегі Сандуғаш келіннің мамандығы – мұғалім. Нұрсұлтан келін­шегі Көркем екеуі жеке кәсіппен айналысады. Уәкеңдер осы екі  ұлынан бүгінде 6 немере сүйіп, ата-әже атанып отыр. Ал ол кісі­лердің кенжесі Әсем биыл мектеп бітіруші түлектер қатарында ҰБТ сынақтарынан өту үстінде.

...Біз халықты рухани азықпен сусындатып жүрген Уәлихан Әмірұлына 60-тан да абыройлы өтіңіз, отбасыңыз әрқашан ынтымақ-бірліктің, қуаныштың ортасы бола берсін деген тілек білдіреміз.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!