Ақпарат

Жаңа форматтағы ҰБТ оқушыларға жайсыз тиді

Қаралды: 665

20-маусымнан бері мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тест сынақтарын тапсырып жатыр. Биылғы сынақ бұрын­ғылардан өзгерек болып тұр. 

Турасын айтқанда, жаңа форматтағы ҰБТ-ға наразылар аз емес сияқты. Мәриям есімді (белгілі себептермен аты өзгертілді) мектеп түлегімен болған әңгімеден біз осындай ой түйдік.

«Біз 21-маусым күні жаңа форматта тест тапсырдық, – дейді Мәриям. – Бұрынғы ҰБТ-да жалпы жиналатын балл шегі 125 еді, сынақты мектеп түлектері қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика, орыс тілі және таңдау пәні бойынша тапсыратын. Сынақ көрсеткішін есептеуде орыс тілінен алынған балл шегерілетін еді. Ал жаңа форматтағы ҰБТ бойынша сынақты біз 3 негізгі пән мен 2 таңдау пәні бойынша тапсырдық. Олар – оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және талапкердің өзі таңдаған пәндер (мысалы, биология және химия). Осы пәндерден 140 балл жинау керек. Тестте 1000-нан астам сұрақ бар.

Теледидар жаңалықтарынан көрген шығарсыздар, ҰБТ-ның алғашқы күнінде біраз жерлерде түлектер өздерінің «шпаргалка», телефонды еркін қолданғандарын айтып жатты. «Ютубта» тест тапсыратын аудиториядағылардың емін-еркін жүргені туралы бейнежазба жарияланды.

Міне, осы оқиғадан кейін талап мүлде күшейді. Біз тест тапсырған күні қатаң қадағалау болды. Ішке әбден тексеріп кіргізді. Жайшылықта болатын жергілікті екі бақылаушының орнына министрліктен келген бес-алты адам қатысты. Олар аудитория ішінде ары-бері жүрумен болды. Мұндайда алаңдап, біліп тұрған нәрсеңді де ұмытып қалады екенсің. Сондықтан шығар, бізде сабаққа үлгерімі жақсы болған біраз балалардың өзі 30 – 35  балды әзер жинады. Қатты торығып, асып-сасудан, стреске ұрынудан есінен танып қалған қызды көрдім. Өз-өзінен ауырып, жүре алмай қалғандар да болды. Көңіл-күйіміз пәс тартып, мұны көрген ата-аналарымызға дейін әбіржіп кетті».

Мәриям бізге осылай деді. Ол жүйкелеріне мұндай салмақ түсуіне негізінен ҰБТ-ның жаңа форматта өтуі ғана емес, мектеп бітірушілердің оған дайындалуға уақытының аз қалғаны себеп болғанын айтады.

«Жаңа форматтағы ҰБТ ережелері туралы біз сәуір айында ғана білдік, – дейді ол. – Алдында ««емтихан тапсырады екенбіз», «ҰБТ бұрынғы күйінде қалады екен» деген сөздер жиі айтылып жүрді. Кейін алдымен емтихан тапсырып, сосын ҰБТ-ға баратынымыз белгілі болды. Қыруар сұрақтар бойынша дайындалуымыз керегін білгенде тіпті де уайымға түстік.

Дегенмен өз басым емтиханнан жақсы өтіп, аттестат алдым. Бірақ ҰБТ-да өз деңгейімді көрсете алмадым, жинағаным 80-ақ балл болды.

Жалпы, біздің асып-сасып, әбіржуіміздің басты себебі – жаңа формат ережелері кеш хабарланды, сондай-ақ сынақ тапсыратын пәндер де сол кезде ауысып кетті. Мысалы, математикадан формула жаттап бас қатырғанымыз түкке де аспай қалды, өйткені математикалық са­уаттылық пәні бойынша біз тек логикалық есептер шығардық. Басқа пәндерден де сынақ тапсыру тәртібі өзгерген. Алдында бір таңдау пәніне дайындалып жүрген болсақ, кейін жедел түрде екі таңдау пәні бойынша әзірленуіміз керек болды. Осының бәрі бізді үлкен стреске  салды».

...Шынын айтқанда, Мәриямның әңгімесін тыңдап отырып биылғы мектеп түлектеріне жанымыз қатты ашыды. Мұндай жүйке ширығуын үлкендер де көтере алмайды ғой. Осыны білім саласын басқарып отырғандар неге ойламайды екен? Баланы осылайша стреске салуға бола ма?

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру