Ақпарат

Жібек құртын өсіріп, фабрика салмақшы

Қаралды: 621

Кеңестік кезеңде жібек өндірісі дамып, ауыл-ауылдарда тұрғындар жібек құртын бағушы еді. 

Бұл кәсіп отбасыларға жақсы табыс әкелетін. Мемлекеттің өзі бұл кәсіпті жолға қойып, жібек пілләсын қабылдау тіректерін ұйымдастырған. Көшелердің бойларына егілген тұт ағаштарының жапырағы жібек құртының азығы еді.

Тоқырау жылдарында жібек шаруашылығы кенжелеп барып, үзіліп қалған болатын. Сол кезгі тұт ағаштары осы күні үлкейіп, жемісі жер-көкке сыймайтын болды. Тұттың тәтті жемісі жерге төгіліп, рәсуа болып жатыр.

Осы жібек өндірісі қазіргі уақытта Бәйдібек ауданында қолға алыныпты. Мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік жолымен «Домалақ ана» кесенесінің маңындағы 50 гектар аумаққа бау-бақша егіп жатқан жоба жетекшісі Сұлтанбек Бәкіров (суретте) шаруашылығының біраз бөлігін жібек өндірісіне арнап отыр. Ал­қаптың 20 гектарына тұт, 15 гектарына жүзім, 5 гектарына жаңғақ, олардан бөлек, арша, боз арша еккен. Әзірге онда 60 адам жұмыс істейді. Келешекте кешенді шаруа ұлғайып, 5000-ға дейін жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бұл жерде жібек өндірісі толығымен іске қосылып, пілләдан жіп иіруден бастап, мата, орамал және кілем шығаруға дейінгі жұмыс­тар атқарылмақ. Яғни жібек тоқыма фабрикасы ашылады.

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру