Шымкенттен шу шықты. Оның соңы ушықты...

26.06.2017
Қаралды: 1927

Шымкенттегі жергілікті полиция қызметінің өкілдері облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры, 

Созақ ауданы әкімінің баласы Нұржан Салыханұлы Полатовты 6-мамыр күні түнде әкімшілік заң бұзу үстінде ұстағандарын жария еткені белгілі. Ол оқиғаға өз қызметкерлерінің жұмысын тексеріп жүрген жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан көзбе-көз куә болған екен.

Полицейлер Нұржан Полатовты көлікті масаң күйде жүргізген және бағдаршамның «қызыл» жарығына тоқтамай өтіп кеткен деп айыптады. Сондай-ақ олар әлеуметтік желіде аталған жайға байланысты түсірілген бейнежазбаны  жариялады. Онда рульде отырған адамның жол инспекторына құжаттарын ұсынып, одан соң сыртқа шығып тұрғаны, кейіннен наркологиялық орталыққа жеткізіліп, ол жерде сараптама қағазына қол қойып жатқаны түсірілген. Яғни прокуратура қызметкері белгілі бір дәрежеде заң бұзғаны жөнінде арнайы құжаттар толтырылған.

Бұл жағдайдан кейін прокуратура қызметкерінің басына қою бұлт үйірілуі керек-ақ еді. Алайда арада көп өтпей Нұржан Полатов сотқа қарсы шағым түсіреді. Ол аталған оқиға кезінде рульде өзі емес, туыс адамы отырғанын айтып, өзіне байланыс­ты хаттама заңсыз толтырылған деп көрсеткен.

Сонымен, көп ұзамай Шымкентте бұған байланысты жабық сот процесі болып өтті. Істі қараған Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Нұрлан Әлиев екі жақтың дәлелдемелерін саралай отырып, ақырында Н.Полатовтың арызын қанағаттандырды. Яғни ол жергілікті полиция қызметінің Полатовқа қатысты толтырған хаттамасын заңсыз деп тауып, оның күшін жою жөнінде шешім шығарған.

Дегенмен дау мұнымен біткен жоқ. Ол оқиға түрлі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатты. Көпшілік бұған байланысты наразылық білдірді. Бұл жағдай Астанадағы басшылардың да құлағына жеткені анық.

Таяуда бұл оқиға басқаша сипатта өрбіді. Прокуратураның өзі судья Н.Әлиевтің шешіміне байланысты сотқа қарсы шағым түсірді.

Кешегі аптада бұған қатысты апелляциялық сот отырысы ашық түрде болып өтті. Оған судья Гүлмира Қадырбаева төрайымдық етті. Сотқа дауласушы екі жақтың қызметкерлері ғана емес, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатыстырылды. Осы сотта Шымкенттің Абай аудандық сотының прокуроры Фатима Сүгір оқиға кезінде Полатовтың рульде болғаны дәлелденгенін айта келіп, мамандандырылған әкімшілік соттың оның арызын қанағаттандыру туралы шығарған шешімінің күшін жоюды сұрады.

Сот процесі кезінде барлық материалдар сарапқа салынып, куәгерлерден жан-жақты жауап алынғаннан кейін судья Н.Әлиевтің шығарған шешімнің күші жойылды.

Қысқасы, облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Нұржан Полатовтың жол-көлік ережелерін бұзғанына қатысты жергілікті полиция қызметінің толтырған хаттамасы өз күшіне енетін болды. Бүгінде Н.Полатовқа қатысты Әкімшілік Кодекстің екі бабы бойынша іс қаралып жатыр.

...Жұртшылық бұл істің салқыны Н.Полатовтың өзіне ғана емес, оның осыған дейін облыстық құрылыс басқармасын басқарып, таяуда ғана Созақ ауданының әкімі қызметіне тағайындалған әкесі Салыхан Полатовқа да тиюі мүмкін дегенді айтып жүр.

Сондай-ақ аталған іс бойынша солақай шешім шығарған судья Нұрлан Әлиевке де бұл жағдай жайсыз тиері анық. Себебі оның шығарған шешіміне қатысты көптеген күмәнді ойлар туып отыр. Әрине, ол өзінің бұл әрекеті үшін жауап беруге тиіс.

Шымкентте болған осы бір оқиға нені көрсетеді? Бұл жұртшылықтың бойында түрлі үміт пен күдік тудырып отыр. Мәселе заң тұрғысында, әділеттілікпен шешілсе, сондай-ақ ештеңе бүркемеленбей ашық түрде айтылатын болса, онда елдің бойында аз да болса билік өкілдеріне деген сенім пайда болары сөзсіз.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ