Ақпарат

Еркектердің қандай әйелге ынтық болатынын білемін

Қаралды: 352

Адам энергетикасының күшін керемет магнит деп айтуға болады. Әсіресе әйел энергетикасы. 

Мысалы, бір әйелдер болады, үнемі жадырап жүреді, той-томалақ болса соның қақ ортасында жұрттың бә­­рінің көңілін көте­реді. Билейді, күледі, ән салады. «Осы сен шаршамайсың әйте­уір», – деп жатамыз ғой.

Мұндай әйелдердің тартылыс күші керемет! Олармен кездескің келеді, сөйлескің келеді, тіпті «вечер» жасағанда олар келмей қалса кеш түк те қызық болмай қалады. Олар қиналса да білдірмейді, мойымайды, сынбайды.

Ал егер сіз тез шаршайтын болсаңыз, көп ұйқыңыз келе беретін болса, онда сізде энергия тапшы. Сәл мұңайсаңыз болды, өзіңізді бақытсыз сезінесіз. Тез жеңілесіз. Сіз өзіңіз байқай бермейтін де боларсыз, бірақ бәрі сізден қашады. Себебі сіз маңайыңызды шаршатасыз. Сізде позитив жоқ. Сізде энергия жоқ.

Мысалы, екі стаканда су тұр. Біреуі лық толып төгілейін деп тұр, біреуі жарты стакан ғана. Қайсысын ішеді жұрт? Әрине, лық толыны. Жарты стакан судың ыдысы мың жерден әдемі болса да, xрусталь болса да, әдемі тастармен көмкерілген болса да шөлдеген адам оған қарамайды. Яғни қанша әдемі, сымбатты болсаңыз да тасып тұратын энергияңыз болмаса бәрі бекер. Энергия тапшы әйелден еркектер алыстағысы келіп тұрады.

Энергияны қайдан аламыз? Табиғаттан, судан, күннен, баладан, қуанышты сәттерден, спорттан аламыз. Ал еркектер энергияны тек қана әйелден алады. Сондықтан энергиясы мол әйелдің күйеуінің жолы болғыш келеді.

Ал ренжу, мұңаю, жылау, ұрысу энергияны құртады. Депрессия барлық күш-жігеріңізді сорып алады. Әсіресе ер адамға жиі ренжитін әйелдерде энергия дефицит болып тұрады.

Ренжіп келе жатсаңыз, дереу шомылыңыз. Салқын суды көбірек ішіңіз. Энергияңызды үнемдеңіз. Керісінше, жинаңыз. Көңілді жүретін адамдармен жиірек кездесіп, энергия жинаңыз. Қонаққа шақырса «шаршап тұрмын» демеңіз. Шақырған жерден қалмаңыз.

Күйеуіңіз не айтса да мақұлдаңыз. Ерінбеңіз. Далаға көбірек шығыңыз. Душқа түскенде судың астында қимылсыз көп тұрыңыз. Үйде тек күліп жүріңіз. Балаларыңызды көбірек сүйіңіз, құшақтаңыз.

Сізде бәрі де жақсы болады. Өмір – керемет. Тек қана алға!

Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру