Ақпарат

Ауызашардан сүтке тиген мысықтай болып қайттық

Қаралды: 1161

Жақында бір таныс көкем ауызашарға шақырды. «Оразаларыңыз қабыл болсын! Мен ауыз бекітіп жүрген жоқ едім, 

ниетіңізге рахмет, бара алмаймын», – деп қашқақтап едім, ол кісі: «Ауыз бекітпегенде тұрған не бар? Өзім жақсы көретін інішегімсің ғой. Келмесең өкпелеймін. Келінді де қалдырмай ертіп кел. Не, дәмнен үлкенсің бе?» – деп қиылып қоймады.

Қысқасы, көкеміздің көңілін қимай кешкісін үйінен табылдық. Біз барғанда біраз ер адамдар жиналып қалған екен. Содан келетін молданы күтіп отырып қалдық.

Белгіленген уақытта қасында бес-алты нөкері бар жас молда да кіріп келді. Сонымен ауыз бекіткендер оразаларын ашып, алдарына жайылған дастархандағы тағамдардан дәм татты. Одан кейін молда  уағыз айтуға кірісті, оған жарты сағаттай уақытын арнап, сөзінің соңында ауызашарға кімдердің келгені дұрыс деген сауал төңірегінде өз ойын ортаға салды.

«Қазіргі кезде көп адамдар ауыз бекітпейді. Берілетін сауабынан бейхабар ма, әлде Алладан қорықпай ма? Бұған уәж айтатын олардың себептері де мардымсыз. Ауыз бекітпеуге себеп болатын жағдайлар саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, асқазаны қатты ауыратын, тамақ ішпесе өліп кету қаупі бар адамдарға, аяғы ауыр әйелдерге, бала емізетін аналарға, науқас адамдарға, сапарда жүрген жандарға, әлі жоқ қауқарсыз қарт адамдарға ауыз бекіту парыз емес. Бұлардан басқа қалған пенделердің барлығына ораза тұту парыз етілген. Жоғарыда айтылған белгілі себептері жоқ көп адамдар ораза ұстамай-ақ жүре береді. Онысы былай тұрсын, кешкі ауызашарлардан қалмайтынын қайтерсіз? Ал ауызашар жасағаннан кейін ораза ұстаса да, ұстамаса да көршіні, ағайын-туысты шақырмай тұра алмайсың. Ораза ұстамағанымен қоймай шақырылмай қалса өкпесі қара қазандай болатын жандарға қайран қаламыз. Ауызашар деген Алла разылығы үшін ауыз бекіткен жандардың ішіп-жеп қарнын тойдыратын кеші. Ал онда себепсіз ауыз бекітпеген жандардың баруға қақысы жоқ. Тіпті олар мұнда келгендеріне ұялулары керек. Ауызашар жасаған үйдің дастарханынан тек ауыз бекіткендер ғана дәм татуға тиісті.

Қысқасы, ауыз бекітпесеңіз, ауызашарға бармай-ақ қойыңыз. Егер ауызашарға шақырса: «Ниет қабыл болсын!» деген тілегіңізді айтып, шаруаңызды істеп жүре беріңіз», – деп молда сөзін бітірді.

Айтып отырса оныкі де жөн сияқты. Бірақ біз ауызашарға тамақ сұрап барған жоқпыз ғой. Үй иесінің көңілін қимай, «дәмнен ауыз тиіңіздер» деген сөзін жерге тастамай келіп отырған жоқпыз ба?

Байқап тұрсам, сол ауызашарда ораза тұтпаған бес-ақ адам болған екенбіз. Оның ең үлкені – жасы 70-тен асқан, жақында ғана ауруханадан шығып, екі өкпесінен сары су алғызған кісі. Екіншісі – сатыдан құлап белі жарамай қалған 55-тердегі кісі. Ал төрде отырған 65-тердегі көкенің бір аяғы жарамайды, оның үстіне кемпірі қайтыс болып кеткен. Менің қан қысымым жоғары, қалтамнан дәрі үзілмейді. Ауызашар жасаған көкемнің көршілері сонау Атырауда вахтада жұмыс істейтін жігіттер. Олардың мидай далада ыстық күннің астында ауыр жұмыста жүріп ауыз бекіте алмайтыны өзінен-өзі түсінікті болса керек.

Сонда молда нені меңзеп отыр осы? Сонда не, ауыз бекітпегендердің ата-бабалардың рухына дұға қайыруға қақылары жоқ па? Енді қасиетті Ораза айында ауыз бекіткендер бір бөлек, ауыз бекітпегендер бір бөлек болып айтысып, бір-бірімізге қырғиқабақ танытамыз ба? Егер мұндай жағдай өршіп бара жатса, онда ауызашар беретін үйдің маңдайшасына «Ауыз бекітпегендерге кіруге болмайды» деп бадырайта жазып, қақпа алдына қару ұстаған күзетшілерді тізіп қоюдан да тайынбайтын шығармыз.

Осылайша, шақырған кісінің көңілін қимай ауызашарға барып, молданың аузынан сөз естіп, мәңгіріп қайттық.

«Көңіл бір атым насыбайдан қалады» демекші, ендігі жерде бүйтіп ешкімнің де табалдырығынан аттамайтын шығармыз, сірә.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Түлкібас ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру