Жетімдердің көжесін ұрлаған адам 35 жылдан кейін кешірім сұрапты

15.06.2016
Қаралды: 1496

Бұрынғы КСРО республикаларының арасында қазақтан көп жазықсыз қуғын-сүргін мен аштықтан қырылған ұлт жоқ шығар. Сондықтан да Президент Жарлығымен 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Әрине, сол қиын күндерді басынан өткізгендер бүгінде қатарымызда жоқ. Дегенмен олардың балаларын кездестіруге болады. Солардың бірі – Отырар ауданының орталығы Шәуілдір ауылында тұратын Базархан Үмбетов (суретте). Біз кешегі аптада Базархан ағамыздың отбасында болдық.

«Мен әкем ұсталғанда төрт-бес жасар бала едім, – дейді Б.Үмбетов. – Әкем Үмбет қарапайым шаруа отбасынан шыққан. Жастайынан Ташкентте білім алыпты. 1917-жылғы Ұлы Қазан төңкерісінен кейін елге оралып, колхоздастыру жұмыстарына белсене араласқан. Сол жылдары-ақ №21 ауылдық кеңестің хатшысы, ал 1923-жылы оның төрағасы болып сайланған. Кейін «Ынталы» колхозын ұйымдастырып, оның да төрағасы болған. Қазіргі Дүйсенбай Алтынбеков атындағы каналды қазу жұмыстарын ұйымдастырушылардың бірі болған. Көлқұдық өңірінен 300-ден аса отбасын Шәуілдір ауылына қоныстандырған да менің әкем болғанымен есімі еш жерде аталмай қалған. 

Әкем 1937-жылдың желтоқсанында ешбір жазықсыз айыптаудың құрбаны болды. Сол күні ауылдан 16 адамды жаяу айдап кеткенін Нұрыш Тасыбаев деген ағамыз көрген. Бірден атылды дегеннен басқа олардан еш хабар болмаған. Бірақ 1938-жылы Байсын Құттыжол есімді азамат ақталып, елге оралғанда түрменің бірінде құрт ауруына шалдыққан Үмбетті көрдім, атылған жоқ деген хабар айтып келіпті. Одан кейін ешқандай мәлімет болған емес.

Әкеден төрт ұл, екі қыз қалғанбыз. Халық жауының отбасы ретінде біздер де көп қиындық көрдік. Осындай кезде анам Алтынай күн-түн демей жұмыс істеп, алты баланы жетілдірді. 

Есімде қалған бір оқиғаны айтып берейін. 1946-жыл болатын. Шешем күндіз ешкі сауған ақысына берген кішкене сүт пен түнде істеген жұмысына алған бір-екі уыс бидайды қосып бізге бір күндік көже дайындайтын. Бір күні сол көжені далаға қойып, жұмыс істеп жүргенде біреу оны ұрлап кетіпті. Сонда анамның қатты мұңайғаны әлі күнге көз алдымда.

Сексенінші жылдардан кейін үйге Тәліп деген қария келді. «Сен Алтынай мен Үмбеттің баласы екенсің, – деді ол кісі. – Іздеп жүріп әрең таптым. Естеріңде болса, осыдан көп жыл бұрын сендердің үйлеріңнен бір тостақ көже ұрланды. Соны алған мен едім. Сол кезде соғыстан қашып үңгірде тығылып жүріп, 25 күн тамақ ішпей аш қалдым. Өлетін болған соң амалсыз түнде тамақ ұрладым. Оны апарып ішкеніммен аш құрсаққа ауыр тисе керек, өліп қала жаздағанымды жетімдердің тамағын ұрлағаным үшін берілген жаза болар деп ойлағанмын. Мен осыны әлі күнге ұмыта алар емеспін. Егер айтпай өліп кетсем, мойныма қарыз болмасын, көп жыл бұрынғы әрекетім үшін кешірім сұрай келдім».

Әрине, ол ауыр күндерді еске алғымыз келмейді. Өзімізді аш қалдырса да ол кісіге кешірім бердік.

Бізде балалық болған жоқ, жүгіріп ойнамадық. Халық жауының баласы деп көрсетіп тұратын секілді еді. Бірақ әкеміз 1990-жылы қаңтарда ақталып, бір айдан кейін партияға мүшелігі қалпына келтірілді».

Қуғын-сүргін көргендердің отбасы өздерінің бастарынан өткізген ауыр күндерін ұмытпағанымен, кеш болса да әкелерінің ақталғанына қуанышты екендіктерін жасырмайды. 

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ