Ақпарат

46 полицей жауапқа тартылды

Қаралды: 953

Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша облыстық ішкі істер департаментінің бастығы 

46 полиция қызметкерін тәртіптік жауапқа тартты. Қазіргі таңда 39 қызметкердің, соның ішінде басшы құрамның жауапкершілігі қаралуда.

Мұндай шешім қабылдауға Шымкент қаласының жергілікті полициясы мен ішкі істер басқармасы қызметінің заңдылығына жүргізілген саралау қорытындысы негіз болды. Саралау барысында полиция қызметкерлерінің 70 пайызы бел­гіленген бағыттан ауытқып, тек жеңіл және жүк автокөліктері көп жүретін жолдарда жүретіні, авто­көліктегі арнайы «GPRS» қондырғысын сөндіріп және қалаған уақытында қосып, бақылаудан жалтаратыны, түнгі уақытта өз маршрутын қалдырып, үйлерінде демалатыны анықталды.

Кейбір жол-патрульдік авто­көліктері күніне бірнеше рет облыстық наркологиялық диспан­серіне барса да сол күндері автокөлік экипажы ешкімді мастық жағда­йына куәландырудан өткізбеген. Сол сияқты, ақылы айып тұрағына бірнеше рет барған экипаждар да ереже бұзған адамдардың көліктерін тұраққа қоймаған.

Ішкі істер министрінің №311 бұйрығында қылмыс орнына жол-патрульдік полиция 5 – 7 минутта, ал шұғыл тергеу тобы 30 минутта жетуге тиіс деп белгіленсе, біздің полиция қызметкерлері 1 сағаттан кейін ғана жететіні, ал жол-патрульдік полиция мүлдем бармайтыны анықталды.

Одан да сорақысы, автокөліктен шықпай оқиға орнын «қарау», қылмыс дәлелдемелерін жинамау фактілері орын алған. Тіптен жаса­маған әрекеттерді көрсетіп, іске жалған құжаттарды тіркеп, өздері қылмыс жасау жайттары орын алады.

Бұл заңсыздықтарға орай таяу­да прокуратура органдары тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылатын болады.

Шымкент қаласының

әл-Фараби аудандық прокуратурасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру