Ақпарат

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы

Қаралды: 313

39 елден қандастарымыз келді

Кешегі апта соңында Астана қаласында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы болып өтті. Ол құрылтайға 800-ден аса делегаттар қатысты, олардың ішінде әлемнің 39 елінен келген 350 қандасымыз бар.

Делегаттардың 80 пайыздай мөл­шері құрылтайға тұңғыш рет қатысты. Атап айтқанда, әлемнің 8 елінен, яғни Әзір­байжан, Молдова, Италия, Ирландия, Черногория, Польша, Жапония, Корея сияқты мемлекеттерде тұратын қандастарымыз құрылтайға бірінші мәрте қатысты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұл басқосуында көптеген өзекті мәселелер сөз болды, талай-талай түйткіл­дердің түйіні тарқатылды.

Мысалы, бүгінде Қытай елінде тұратын қандастарымыздың жағдайына орай алаңдаушылық білдірген Өмірхан Алтын атты бауырымыз (Зуха батырдың ұрпағы) құрылтайда былай деді: «Қаны қазақ деп қайнаған сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Қадірлі ағайын, осында отырған және сырттан келген ағайындардың көбісі өзінің байырғы атамекенінде, ата қонысында өмір сүріп жатыр. Сол ата қонысында өмір сүріп жатқан Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы, Қытай елінің территориясында тұрып жатқан ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы біздің ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр. Менің айтарым, осындай киелі жиында ана жақтағы шырылдап жатқан аға­йындарды еске алып қойсақ. Сіздерге айтарым осы еді. Қытай елінен біз көп нәрсе сұрамаймыз».

Бұған орай жауап берген Елбасы Н.Назарбаев: «Ол жақта қазақтарға қиянат жасалып жатыр деген сөз менің құлағыма жеткен жоқ. Бар болса, елшіміз арқылы біліп, Сырты істер министрлігі арқылы оған тиісті көңіл аударатын боламыз», – деді.

Құрылтайда сондай-ақ Қазақстанға шеттен келетін қандастарымыздың құжат туралау кезіндегі әуре-сарсаңдарын азайту жөнінде де тиісті министрлікке тапсырма берілді. Сондай-ақ шет мемлекеттерден келіп оқитын қазақ жастарына бөлінетін квота мөлшерін көбейту жөнінде де шешім қабылданғаны мәлім болды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының  бұл басқосуында біршама жылт еткен жағымды жаңалықтар бой көрсетті. Сол себепті қалың көпшіліктің көкірегінде үміт оты оянғандай болды. Енді ол ұзағынан сүйіндіргей деп тілейміз.

Қ. АЗАМАТ.

Мамашев кетті, Тұрысбеков келді

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан дүние­жүзі қазақтарының V құрылтайында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев қызметінен босатылды. Оның орнына елімізде талай жылдар бойы лауазымды қызмет атқар­ған Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды.

Жиында ДҚҚ төрағасы болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. Мемлекет басшысы бұрынғы бірінші орынбасары Талғат Мамашевқа ал­ғысын білдіріп, орнына Зауытбек Тұрысбековтың кандидатурасын ұсынды.

«Енді біз Төрағаның бірінші орынбасарын сайлауымыз керек. Жанымда отырған Талғат Мамашев 2004-жылдан бастап атқарып келеді. Мен енді осы орынға За­уытбек Тұрысбековты ұсын­ғым келеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде менің тапсырмаммен талай жауапты қыз­меттер атқарды. Ысылған, тәжірибелі. Кезінде қазақтың Көші-қон демография агенттігін басқарды. Облыста әкім, Ішкі істер министрі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігін басқарды. Ең негізгісі – қандастарымыз ең көп тұратын Ресей мен Өзбекстанда елші болды. Олардың жағдайын жақсы біледі», – деді Елбасы.

Құрылтай делегаттары За­уытбек Тұрысбековтің кандидатурасын бірауыздан қол­дап дауыс берді.

«Үлкен сенімге көп рахмет. Бұл қызмет әр қазаққа бөлек дүние. Мен көп сөй­лемеймін, істің адамымын. Ертеңгі күні бәрін іспен дәлел­деймін», – деді төрағаның жаңа бірінші орынбасары.

Еске сала кетейік, Тал­ғат Мамашевтің қызметінен кетуі керектігі туралы бастаманы алғаш болып «Gazaqunі.kz»  ұлттық порталы көтерген болатын. Оған себеп – ел ішінде Мама­шевтің қызметіне наразы қандастардың көптігі.

Осыған дейін Мамашев  «оралмандарды ұрғаным бар»  деп қазақтың намысына тиетін сөз айтқаны туралы жазған болатынбыз. Бүгін Құрылтайдың ашылуы алдында Мамашев оралмандар мәселесіне қатысты тілшінің сауалына:  «Басымды қатырмашы-ей!» –  деп жауап беріп, дөрекілік көрсеткен болатын.   Ақын Қазыбек Иса «оралмандарды ұрып қойғаны бар», қазақтың жағ­дайына «бас қатырмайтындар» Қауымдастықты қалай басқарады?» атты мақаласында өзекті  мәселені тіке­сінен қойған болатын.

Жаңадан тағайындалған Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары, белгілі саясаткер  Зауытбек Қауысбекұлының жұмысына сәттілік тілей отырып, әрбір қандас­тың қамы үшін талмай еңбек етеді деп сенеміз.

qazaqunі.kz

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру