Ақпарат

Абзал жандарға алғыс айтамын

Қаралды: 408

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевты облыстық ауруханада бас дәрігер болып істеген кезінен білуші едім. 

Аурухананы талап­қа сай күрделі жөндеуден өткізді. Сол кездерде әпкем Жайсан Орынбаева және менің жолдасым Исагүл Шәденова екеуі ақылы арнайы жүрек аурулары бөлімшесінде жыл сайын емделіп жүрген еді. Бас дәрігер әпкеміздің палатасына күнара кіріп, жағдайын біліп тұратын.

Жолдасым Исагүлдің жүрекке ота жасатқанына 11 ай болды. Осы 11 айда 12 мәрте ауруханада емделіп шықты. Тағы да жағдайы болмаған соң аудан емханасы  40-50 шақырым қашық болса да дәрігерге көрінуге бардық. Дәрігер Гүлжазира Атамбековаға рахмет, бізді кезексіз қабылдап, ауруханаға жатуға 12-13 анализ тапсыру керектігін айтып, қолымызға жазып берді.

Анализ тапсыру өте қиын болды. Әр кабинетте кезекте тұрғандар көп. Науқастар бірін-бірі талонсыз жібермейді, сағат 10 – 11-ден кешіксең анализ қабылдамайды, ертең кел деп қайтарады. Лажымның жоқтығынан қабылдау күні болмаса да сұранып жүріп аудандық емхана бастығы Айгүл Күзенбаеваға кірдім. Науқас Шәденованың күнде ары-бері жүруге шамасының жоқтығын айтып, документтерді бердім. Айгүл қызым бар документтерді асықпай қарап шығып: «Апайдың өзі жүруіне болмайды, бізде қоларба бар, бір көмекші берейін, анализдерді тапсыруға көмектеседі», – деп өзінің орынбасары Мұхтар Сарымсақовты шақырып, бізге көмек беруін өтінді.

Сол күні анализдерімізді өткізіп, облыстық ауруханаға жолдамамызды алып үйге қуанып қайттық. Мүгедектер мен науқастарға мейірімді, кішіпейіл Айгүл Күзенбаеваға тек біз ғана емес, аудан бойынша рахмет айтатынын халықтан естимін. Бұның барлығы басшының тәлім-тәрбиесі деп білемін. Ауданның ақ халатты абзал жандарына ризамын. Оларды мерекелерімен құттықтаймын!

Қазығұрт аудандық емханасының басшысы Айгүл Күзенбаеваға жақсы жағынан тәлім-тәрбие бергені үшін облыс­тық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевқа айтар алғысым шексіз.

Шырынбек ШӘДЕНОВ,

зейнеткер, 3-топ мүгедегі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру