Белгісі білінсе – бітті, ешкім де құтқара алмайды

22.06.2017
Қаралды: 719

Бүгінде жұрт­тың ауру аңдар мен жануарлардан құ­тыру дерті таралуы мүмкіндігін де біле жүргені дұрыс. Өйт­кені ол – өте қатерлі кесел.

Құтыру ауруының қоздырғышы вирус болып табылады. Бұл вирус табиғатта жабайы хайуандардың (түлкі, қасқыр, қарсақ т.б), сонымен қатар үй жануарларының (ит, мысық, сиыр, қой, жылқы т.б.) ағзасында айналымда жүріп, сақталады. Адамға  ауру жануарлар тісін батырғанда зақымданған терісіне олардың сілекейі арқылы беріледі. Вирус адамның зақымдалған денесіне түскен соң жүйке жүйесі арқылы жұлынға, миға өтеді.

Құтыру ауруының алғашқы белгілері мынадай: Тістелген орынның айналасы ауырсынып, қышиды, адамда себепсіз қорқыныш пайда болады. Аққан судың дыбысын немесе «су» деген сөздің өзін естігенде жұтқыншақ пен тамақ бұлшық еттерінің тырысып қалуы мүмкін.  Ауру адам өз сілекейін жұта алмай, үнемі түкіріп отырады. Одан кейін тыныс алу жолдары салданып, жүрек қызметі төмендейді, ақырында адамның өмірі үзіледі.

Құтырудың алғашқы белгілері тістегеннен кейін 10 күннен 1 жылға дейінгі уақыт аралығында (әдетте 3 – 7 аптадан кейін) байқалады. Бұл тістелген орынға да байланысты, тістелген орын адамның басына жақын болса, ауру тез қозады. Сондықтан бас, бет, мойынды тістеу жағдайлары өте қауіпті. Емдеуді алғашқы белгілері білінгенге дейін бастау керек. Ал ол белгілері көрінгеннен кейін ештеңе де, тіпті осы замандағы медицина да адам өмірін құтқара алмайды.

Аурудың алдын қалай алуға болады? Иттен, мысықтан, тағы басқа жануарлардан жарақат алған жағдайда  жараны сабындап немесе сабынның суымен жуып, тез арада дәрігерге көріну керек. Дәрігер арнаулы профилактикалық екпелерді тағайындайды. Тағайындалған екпе курсынан ешқашан бас тартуға немесе оны өз еркімен тоқтатуға болмайды. Екпе курсы Шымкентте ақысыз түрде, Ғ.Ілияев көшесінде орналасқан  амбулаториялық, хирургиялық, травматологиялық және гинекологиялық орталықта (АХТжГО) жүргізіледі.

Егер тістеген жануар белгілі немесе өзіңіздікі болған жағдайда ол оқшауланып, 10 күндік бақылауға алу үшін ветеринариялық қызметке хабарлау керек. Ол тексеріп, кейіннен тексеру қорытындысы туралы анықтама береді.  

Осы жайлар жөнінде ұмытпаңыздар!

Талғат СЕРМАНИЗОВ,

Шымкент қаласындағы әл-Фараби аудандық қоғамдық

денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!