Ақпарат

Телефоным неге ақшаны жеп қоя береді?

Қаралды: 137

Қалта телефоныма қажет кезінде 200 – 300 теңгеден «бірлік» салып тұратынмын. Өткенде 200 теңге салғанмын. 

Содан үйге келгесін туыстарыммен хабарласайын десем, онда барлығы 1 теңге 96 тиын-ақ қалыпты.

Содан тез арада ақша салған нүктеме барып айтқан едім, ондағы отырған бала бір жермен сөйлесті де: «Ата, бұдан былай сіздің ақшаңызға ешкім тиіспейді. Қазір орталықтағы оператор апаймен сөйлестім», – деді. Сосын «бірлікке» 100 теңге салып, үйге келген соң тексерсем, онда 30 теңгеден басқасы жоқ. Сонда бұл қалай болғаны?

Менің телефонға салған ақшаларымның ұрлануы бір бұл емес. Наурыз айында қызымның менің телефоныма салған 500 теңгесі, ұлымның салған 400 теңгесі, барлығы 900 теңге айналасы 2-3 күннің ішінде жоқ болып кеткен болатын. Менің ешкіммен сөйлескенім, хабарласқаным да жоқ еді.

Мен зейнеткермін, зейнетақыға қарап күн көріп жүрген жанмын. Жастарға ұқсап жан-жақпен тынымсыз хабарласа беретін менің кімім бар?

2014 жылы зейнетақы алған күні 38 мың теңгемді де алдап салдырып сол күннің ертесіне жоқ еткен еді.

Бұл тек менің ғана басымнан өткен жайлар, ал республика бойынша талай телефон иелерінің алданып қалғаны бар шығар деп ойлаймын. Сонда желі басында отырғандарға қой дейтін адамның болмағаны ма?

Жалпы, желі ішінде ақша ұрлайтындармен күресу, оларға шара көру тиісті орындардың құзырында болса керек. Олар осы жағына да мән берсе екен деймін.

Ал ақшасы желінгендер үндемей жүре бермей, бұл жөнінде ақпарат құралдарында айтқаны дұрыс-ау. Сонда  біраз нәрсенің беті ашылар деп ойлаймын.

С. ТӨЛЕПОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру