«Шұңқырға жиналған суды тұндырып ішуге мәжбүрміз», – дейді Шымкенттің тұрғыны

01.01.2019
Қаралды: 164

Таяуда бір әріптесімізден Шымкенттің шет жағындағы «Жалын» деп аталатын елді мекен тұрғындарының қиын жағдайда тұрып жатқаны жөнінде естідік. Амалдарының жоғынан лай суды тұндырып ішіп отыр дегеніне таңқалған едік. Ал аталған аумақтың Айнұр Жұмағұлыева есімді тұрғынымен (суретте) сөйлескенімізде тіпті таңқалдық.

 

«Жаңбырдың суын пайдалануға мәжбүр болып отырғанымыз рас. Үйдің жанынан су сақтайтын шұңқыр қазып қойғанбыз, әзірге соған ағып келген су әжетімізге жарап тұр. Тұндырып, ішуге, кір жууға, басқа да қажеттіліктерімізге жаратамыз. Жазда «водовоздан» су құйып алатын едік, қазір біздің жаққа келетін жол нашар болғандықтан су таситын көлік келмей жатыр», – дейді Айнұр.

 

Айтуынша, бұл елді мекенге жұртшылық 2007-жылдары қоныстана бастаған екен. Бүгінде онда 30-дан аса үй бар. Жер телімдері берілгесін әрекеттерін жасап үй салып алыпты. Бірақ оларда шешімін таппаған мәселелер көп. Қазір ең бастысы су болып тұр. Құдық қаздыруға әрекеттенгендер судың тым тереңнен шығатынына көзі жеткесін беттері қайтып қалған. Басшылар суға қолымызды жеткізер деген үмітпен жүріп жатыр. Басшы азаматтар да: «Қажетті қаржы бөлінбей жатыр. Құдай қаласа, ендігі жылы...» – дегендей уәде беріп те қояды екен.

 

Қазылып, су жерге сіңіп кетпес үшін іші бетондалып немесе полиэтилен төселген шұңқырлар да бұл аумақта екінің бірінде емеске ұқсайды. «Шұңқыры жоқ қоңсыларымызға су мәселесінде қарасып тұрамыз», – дейді Айнұр бұл жөнінде. Яғни ондай шұңқыры жоқтар суды осы кісілердің үйлерінен алады екен. Ал шұңқырға бір құйғанда 3 тоннаға дейін су сияды. Оны үй иелері 6 мың теңгеге сатып алады. Былғанбасын, балалар түсіп кетпесін деген сақтықпен бетін ағашпен бекітіп қояды.

 

Бұл аумақ тұрғындарын қинайтын тағы бір жай – жол мәселесі. Олар жұмысқа, мектепке, балабақшаға, базар-ошар­ға бару үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытына жақын тұстағы «Жұл­дыз» саяжайы» атанып кеткен елді мекенге жаяу қатынайды. «Жалын» мен оның арасы жарты сағаттық жол. Екі арадағы жолдың қазір «миы» шығып жатыр, жаңбыр, қар суымен лай-батпаққа айналған.

 

«Тұрғындар жыл сайын мәселе көтеріп, жергілікті басшылыққа барады. Соның арқасында өткен жылғы жазда тас жол салдыртып берген. Бірақ ол жолмен ешкім де жүрмейді. Бізге Жұлдыздан осылай төтесімен жүрген қолайлы. Қаладан Жұлдыздағы мешітке дейін  60 «А» бағытындағы автобус жүреді. Ол жаққа №8 бағыттағы көлік те қатынайды. Соған бір жетіп алсақ, ары қарай, қаланың Қырғы базарына дейін автобус 15 минутта апарады», – дейді Айнұр.

 

«Жалынның» тұрғындары өздері «салған» жол батпаққа айналғанда аяқ киімдерін қолдарына алып, Жұлдызға қарай кебіспен (галош) тартады екен. Асфальтқа шыққасын таза аяқ киімдерін киеді. Олар жұмысқа, мектепке, балабақшаға осылай жетеді.

 

«Өз өтініштеріңізбен салдыртып алған жолды неге пайдаланбайсыздар?» – дедік Айнұрға. «Оны Қарабастау ауылының ішімен өтіп, айналып келетін етіп салған. Асфальт емес, тас жол. Тастары жайылып кеткендіктен ол да қазір ойқы-шойқы болып жатыр. Кей тұсы лайдың астында қалып кеткен. Қаладан, Қырғы базар аумағынан такси жалдасақ, жолдың нашарлығын айтып, жүргісі келмейді, ал ауылға жеткізуге келіссе, сол жолмен жүргені үшін ақысына 2000 теңге алады. Сондықтан батпақ кешіп біраз қиналсақ та бізге Жұлдызға тікелей жеткізетін жол қолайлы. Қайтарда «Грушеваядан» тіке қырға қарай шығамыз да, ауылға жарты сағаттай уақытта жетіп қаламыз», – дейді ол.

 

Олар үйлерін от жағып жылытады екен. Яғни газ жоқ. Ал электр жарығын өздерінің әрекеттерімен жеткізіп алыпты. Оны 30 – 40 мың теңгеден ақша шығарып, Жұлдыздан тартқызып алған. Бүгінде ондағылар да «светті» енді Қарабастаудан алыңдар, әйтпесе жарықтан ажыратып тастаймыз деп талап қойып отыр екен. «Мұнай өңдеу зауытына жақынырақ үйлер 100 мың теңгеге жарық тартқызып алыпты. Ал бізде оған мүмкіндік жоқ», – дейді Айнұр.

 

Бұл жас келіншек Жұлдыз ауылындағы мектепте мұғалім екен. Күйеуі вахталық жұмыста.  Балаларының үлкені 1-сыныпта оқиды, кішісінің жасы – 2-де. Айнұр қажетті шаруалармен Жұлдызға, Шымкентке барар болса, екі баласын үйде қалдырып, есікті сыртынан құлыптап кетеді. Көршілерінен біздің үй жаққа  қарайлап қойыңдар деп өтінеді.

 

Міне, Шымкенттің бір бұрышындағы бұл елді мекеннің тыныс-тіршілігі осындай екен. Ол аумақ әкімшілік басқару бойынша қаланың Еңбекші ауданына қарайды. Ендеше аталған аудан мен қала басшылары Жалын жаққа да бір көз қырын салып, қордаланған мәселесін біртіндеп болса да шешуге кірісіп кетер деген үміттеміз. Өйткені Жалынның тұрғындары осыны жаутаңдай күтіп жүр. Қаланың ішін жыл сайын жаңартып, қыруар қаржыны құрдымға жібергеннен шет аумақтардағы осындай тұстардың мәселесін шешкен әлдеқайда тиімді, қажетті әрі сауапты іс емес пе?

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ