«Ордабасы құстан» мәскеуліктер ет сұрап жатыр

09.10.2018
Қаралды: 89

Газетіміздің өткен нөмірінде Төлеби ауданындағы «Ленгір құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмыс барысы жөнінде жазған едік. Сонда аты өз өңірімізге ғана емес, шетел­діктерге де танымал болып отырған «Ордабасы құс» фабрикасына мәскеуліктердің келіп, келісім жүргізіп жатқанын естігеніміз жөнінде айтқанбыз. Кешегі аптада біз аталған құс кешенінің бас директоры Мұрат Тағаевпен осы тақырып төңірегінде әңгімелестік.

 

Мұрат Құлмырзаұлы біздің естігенімізді растады. Айтуынша, Ресейдегі ең ірі саналатын екі күркетауық кешенінің жұмыс­тары қаржы-шаруашылық қиындықтарға орай біршама тоқырап тұр екен. Яғни Уфадағы Гафури атындағы кешен мен Ростовтағы «ЕвроДон» құс кешені осы уақытқа дейін қамтамасыз етіп келген тұтынушыларына күркетауық етін жеткізе алмай жатыр. Мәскеуліктердің «Ордабасы құс» кешенін жағалап жүргені содан екен.

 

«Электронды почтамызға хат жазып, өтініш білдіріп жатқан ресейліктер көп, – дейді М.Тағаев. – Мәскеуден арнайы адамдар келгені де рас. Біз оларға кешенді аралатып көрсеттік. Жалпы ал­ғанда, Мәскеу нарығының 30 – 35 пайызын осыған дейін де қамтамасыз етіп келгенбіз. Олар экспортты тағы да осынша шамада арттыруымызды сұрайды. Бірақ бізде әзірге ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек. Яғни қалған 65 пайыздай өнімдерді біз өзіміздің облыс пен республика жұртшылығына жеткіземіз. Экспортты арттырсақ, ішкі нарықты қалпына келтіру үшін қосымша өнім шығаруымыз керек».

 

Осы орайда «Ордабасы құс» кешені Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына арнайы ұсыныспен шығып, түзілген бизнес-жоспарын жіберіп отыр екен.

 

«Ұсынысымыз қолдау тапса, мемлекет Президент Жолдауында айтылғандай ұзақ жылға жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етсе, онда шығаратын өнімде­ріміздің көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Қосымша құсханалар салынады, ет көлемі артады, етті терең өңдеуді қолға аламыз. Сондай-ақ құс шаруашылығы дамыған елдерден асыл тұқымды аналық құстар алып, жұмыртқаны да өзі­мізден өндірмек ниеттеміз. Әзірге өзімізге қажет жұмыртқаны Канададан алудамыз. Ол ұшақпен Алматыға жеткізіліп, сосын бізге автокөлікпен әкелінуде. Жалпы, біздің ұсынысымыз жоғарыдан қолдау табады деген үміттеміз», – дейді құс шаруа­шылығының басшысы бұл жөнінде.

 

«Ордабасы құстың» әу бастағы жобалық қуаты жылына 8110 тонна құс етін өндіреді деп жобаланған болса, ол кейінгі бірер жыл бойы 120 пайызға артығымен жұмыс істеп келеді екен. Яғни жылына 9500 – 10.000 тонна ет өндіруде. Оның басты тұтынушылары – Шымкент, Алматы, Астана, Қарағанды, Өскемен қаласының тұрғындары. Одан басқа аймақтардан да сұраныс мол, батыстағы облыстардан басқасын түгелге дерлік қамтып отыр.

 

«Бүгінде «Қазақ деликатестері» деген жобаны жүргізіп жатырмыз, – дейді М.Тағаев. – «Бесбармақ жиынтығы» деген, тағы басқа да жаңа өнімдеріміз бар, күркетауық етін балғын күйінде де, тұздалған, сүрленген түрде де шығарып жатырмыз, шұжықтар жасаймыз. Мұның барлығын да ұлттық тағамдарға ұқсатып шығарамыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне үздіксіз қатысудамыз. «Алтын күз» жәрмеңкесіне де қатысамыз. Жалпы, өнімдерімізге сұраныс мол. Бүгінгі күннің сұраныстарын толығымен қанағаттандырып отырмыз».

 

«Ордабасы құс» кешенінің өнімдері бүгінде Ресейден бөлек, Қырғызстанға да шығарылуда екен. Сондай-ақ Өзбекстанмен келісімдер жүргізілген, бірақ кейбір жайларға байланысты әзірге оған күркетауық етін экспорттау мүмкін болмай тұр.

 

Сөз орайы келгесін біз «Ордабасы құс» кешенінің жұмыс технологиясы жөнінде де сұрадық.

 

«Жұмыртқаларды арнайы инкубаторда ұстаймыз. Одан 28 күнде балапан жарып шығады. Мекиендері 15 аптада (105 күн), қораздары 18 аптадан асқанда (130 күн) жетіледі. Байытылған жеммен азықтандырылған мекиендердің салмағы осы аралықта 10 – 12 килоға, қораздарының салмағы 18 – 20 килоға жетеді. Бұл – тауық етінің нағыз бабына келген шағы. Жалпы, оларды бұдан ары қарай, 50 килоға дейін де семірте беруге болады, бірақ ол экономикалық жағынан тиімсіз, шығын көбейеді, оның үстіне тауықтың еті қатая түседі. Ал жоғарыда көрсе­тілгендей салмақ кезіндегі тауық етінің құрамында ақуыз, дәрумендері, микро­элементтері, соның ішінде темірі жеткілікті деңгейде болады. Ол – нағыз тиімді ет», – дейді шаруашылық басшысы.

 

Бұл құс кешенінің бидай, жүгері, соя, тағы басқа құс азығынан құрама жем шығаратын, оны қажетті заттармен байытатын өз зауыты, элеваторы бар. Зауыт сағатына 10 тонна құс азығын шығаратын қуатқа ие, күніне 70 – 100 тонна азық дайындай алады.

 

«Ордабасы құс» кешенінде бүгінде 420-дан аса адам тұрақты жұмыс істейді екен. Олардың 95 пайызға жуығы – төңіректегі Бадам, Бөржар, Қайнар, Теспе, Шұбар сияқты ауыл тұрғындары. 2017-жыл көр­сеткіші бойынша ондағы жұмысшылардың орташа айлық жалақылары 85 мың теңгеге жетіпті.

 

Түркістан облысындағы ірі құс кешені «Ордабасы құс» фабрикасының бас директорынан біз осындай жайлар жөнінде білдік. Тағы бір естігеніміз – күркетауық еті табиғаттағы барша жан-жануарлар етінің ішіндегі адам ағзасына ең пайдалы, тиімді, құнарлысы әрі жұғымдысы болып табылады екен. Әсіресе жамбас етінде темірдің көптігі оны қан құрамында темір жетіспейтін адамдар үшін маңызды ете түседі.

 

«Мұны мамандар дәлелдеген, – дейді М.Тағаев. – Сондықтан да АҚШ пен Еуропада оны көптеп тұтынады. Мысалы, еуропалықтар адам басына шаққанда жылына 8 – 10 кило күркетауық етін тұтынса, Канада мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 12 – 15 кило аралығын, Израильде 15 килоны құрайды. Бүгінде Ресей адам басына шаққанда жылына 2 кило күркетауық етін тұтыну деңгейіне жетіп отыр, ал Қазақстанда бұған қатысты көрсеткіш әзірге 1 килоға да жеткен жоқ, 400 грамм.

 

...Қысқасы, «Ордабасы құс» кешені бас директорынан онда орын алған соңғы жаңалықтар жөнінде сұраймыз деп біз осындай қызықты жайларға қанықтық. Оның оқырман қауымға да берер пайдасы аз болмас деген ойдамыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ