Таңқурай еккен жігіттің шырылдаған шындығы

19.09.2018
Қаралды: 302

Қазығұрт ауданының Жігірген ауылында тұратын Еркін Шерәлиевтің есімі көпке таныс. Оның аты өзгеше бизнес түрін қолға алуымен шыққан еді. Еркіннің шаруашылығына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мырзаның өзі барып, оның жүргізіп жатқан ісіне тәнті болған, жұртшылыққа үлгі еткен. Бұл жөнінде жаңалықтардан көрсетілген болатын. Сол жақсы жаңалық жөнінде біздің газетте де жазылып еді.

 

7 соттық жерден басталған бизнес

 

Еркін өз бизнесін «тақыр жерден» бастаған десе де болады. Ешкімнің көмегінсіз әрекет еткен. Таңқурайдың (малина) көшеттерін сатып алып, үйіргелік 7 соттық жерге еккен. Содан кәсібі дөңгеленіп жүре беріпті.

 

«Таңқурай бұта тектес жидекке жатады. Таулы жерге жақсы шығады екен. Біздің ауыл таулы аумақта ғой, сондықтан егіп көрейін дегенмін. Жақсы өнім бере бастады. Пісіп-жетілген кезде аптасына екі мәртеден теріп, күніне 10 шелектен өнім алып тұрдық. Бір шелегі 3 кило шығады. Сатып, жақсы табыс тапқасын шаруаны ұлғайтқым келді. Екі жылдан кейін ауыл әкімдігінен 2 гектар жер алып, таңқурайды сонда ектім. Өнімді жақсы алдық. Осының арқасында тұрмысымыз түзелді.

 

Бұл жидек өте өнімді. Маусым айында пісе бастайды, содан қараша айына дейін, суық күндерге дейін өнім бере береді. Тек әр терімнен соң жақсылап суғарып тұру керек.

 

Таңқурай теруге ауылдан 25 – 30 адамға дейін жалдап жүрдім. Өткізілген әр килосы үшін 120 теңгеден төлеп, түстік тамақпен тегін қамтамасыз етіп тұрдым. Терімшілердің ішінде кейбірі күніне  25 – 30 килоға дейін теретін еді. Тосап жасап сататын адамдарға килосын 750 – 800 теңгеден, 185 – 200 килоға дейін өткізіп тұратынбыз. Мол табыстың арқасында қолға мал бітті, трактор, комбайн сатып алдым.

 

Содан атымыз облысқа жетіп, бірде ел аралап шыққан облыс әкімі шаруашылығымды келіп көрді. Ол кезде жидектер молынан пісіп жатқан. Облыс әкімі ризашылығын білдіріп, басшыларға мұндай бизнесті жан-жақты қолдау керектігін айтқан. Мемлекеттен қандай жәрдем алып жатқанымды сұрағанда бәрін өз күшіммен жүргізгенімді айтқанмын. Несие алуға кепілге қоятын мүлкіміз жоғын айтқанымда: «Неге кепіл жоқ? Мұндай шаруаға ауыл, аудан әкімдігі-ақ кепіл болады ғой», – деген болатын. Басшыларға маған 10 гектар жерді тегін пайдалануға беруді тапсырған. Содан басшылық тарапынан қолдау көремін деп арқаланып, іске жаңа қарқынмен кіріскенмін ғой...»

 

Биылғы жағдайы жақсы емес

 

Еркін әңгімесін осылай деп үзді. Үнінен өкініш табы сезілді. Себебін сұрағанбыз. Басынан өтіп жатқан қазіргі жайды айтқанда онымен қоса өзіміздің де көңіліміз түсіп қалды.

 

«Содан 10 гектар жер беретін болды деп қуандым, – дейді Еркін. – Бірақ сол жердің өзіне әуреленіп жүріп қолым әзер жетті. 8 гектар жерді биылғы наурыз айының соңында берді. Таңқурайды кешігіп егуге мәжбүр болдым. 2 айға 20 адам жалдап, оларға күніне 2 мың теңгеден төлеп, 5 гектар жерге 400 мың түп таңқурай ектім.

 

Бірақ биыл банкрот болып отырмын. Себебі су жоқ. Біз жаққа 300 гектар жерге бау егеміз деп 500 мың теңгеге өзеннен «лоток» тартқан еді, бірақ одан су келмеді. Себебі екі өзенді басынан екі адам буып, суын жібермей қойды. Су жайылымдық жерді суғаруға жұмсалды. Бірер мәрте барып, су жіберуін өтінген едім, ешкім де тыңдамады. Аудан әкімінен басқа басшылардың бәріне дерлік шағымдандым, нәтиже болмады.

 

Қысқасы, 5 гектар жерге егілген таңқурайдың тең жартысы қурап қалды. Жартысынан нашар өнім түсті. Бұрын таласып алатын жұрт бір келіп көргеннен кейін таңқурайың мейіз болып қалыпты деп алмай қойды.

 

Таңқурай теруге биыл бес-алты адамды әзер жалдадым, терімшілерге оның әр килосы үшін 150 теңгеден төледім. Бұрынғы кездердегіден 5 есе кем өнім түсті, бұрын күніне 185 – 200 килодан шықса, биыл 30 – 40 килодан шықты. Өзім ешқайда да шықпай, жиналған өнімнің килосын 650 теңгеден беріп жібердім. Шығыным шаш-етектен десем болады. Бұрынғы табыстардың арқасында 4 миллион теңгеге тракторды арнайы қондырғысымен, соқасымен, 3 миллион теңгеге комбайн алғанмын. Одан бөлек, 50  бұқа алған едім, солардың бәрін сатуға мәжбүр болдым. Үйде 2 ат, 1 сиыр ғана қалды, соны да сатып, сымпиып қалмасам болды деп уайымдап жүрмін. 5 бала-шағам, анам бар, алдағы күнді ойлап қорқа бастадым. Ауыл әкіміне, аудан әкімінің орынбасарына жағдайды айттым, нәтиже жоқ. Кәсіпкерлікті қолдағандары осы ма? Көрер көзге банкрот болып шыға келдім. Енді аудан әкімінің қабылдауына жазылып, кіре алсам, болған жайдың бәрін өзіне көзбе-көз айтпақпын. Сосын бұл жұмысты қоямын-ау».

 

Жақсы бастама неге қолдау көрмеді?

 

Еркін осылай дейді. Қысқасы, таңқурай егіп, ерекше кәсіп түрін бастаған азаматтың тірлігі тұралап қалыпты. Өте өкінішті!

 

Сонда ауыл, аудандағы басшылар қайда қарап отыр? Неге қолдау көрсетпеген? Өз бетімен іс бастап, гүлдендірген адамға жәрдем жасаудың орнына ештеңені көрмеген-білмеген болып отыр­ған басшылар мұнысының түптің-түбінде әшкере боларын, ол үшін сұраларын білмегені ме? Әлде оларға бәрібір ме? Жалпы, бұл жөнінде облыс әкімі біле ме екен? Білсе, естісе бұл жағдай ол кісіге де оңай тимес. Себебі кезінде жайқалып тұрған, қыруар өнім беріп жатқан таңқурайды өз көзімен көрді ғой, сүйсінді, жас кәсіпкерге жылы сөзін арнап, кәсібін кеңейту үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл кәсіпке жол ашуға тапсырма берген болатын. Ал оның соңы мынадай болып тұр.

 

Айта кетейік, таңқурай – көпжылдық өсімдік. Тамырлап, бір күш алып кетсе, тоқтаусыз өнім беріп тұрады. Оны кәдімгі қызанақ тергендей етіп, піскенін піскенінше жинап аласыз. Сосын бір суғарып жіберсеңіз, екі-үш күнде жаңа өнімдер де жетіліп, дайын болады.

 

Бұл – оның өнімділік жағы. Одан бөлек,  адам ағзасын қажетті көптеген витамин, микроэлементтермен қанықтыратын қуаты бар, денсаулыққа аса пайдалы. Сондықтан да оны білетін жұрт «Жидектердің падишасы» деп атайды.

 

Міне, осындай қажетті өнімді егуді қолға алып, жақсы жолға қойған азаматтың шаруасы басшылар тарапынан жаны ашымастықтың, немқұрайдылықтың кесірінен тығырыққа тіреліп тұр. Мүмкін бұл ауылда су мәселесі шынында да шешімі күрделі шаруа болар. Дегенмен басшылықтың аты басшылық емес пе? Оларды Президент елге бас-көз болады деп қойып отырған жоқ па? Өз шаруа­сын істей алатын адамға мемлекет тарапынан титімдей де жағдай жасай алмаса, онда олар несіне басшы болып жүр?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ