Асанәлі Әшімовпен тонның ішкі бауындай болып кеткен

12.09.2018
Қаралды: 245

Облысымыздың мәдениет саласына еңбек сіңірген, бүгінде Шымкентте тұратын азамат Әбутәліп Әбішев – белгілі актер Асанәлі Әшімовпен аға-інідей сыйлас болып кеткен жан. Таяуда Әбекең Алматыға барып, өзімен туған бауырдай жақын араласатын актердің шаңырағында болып, ол кісімен сырласып қайтты. Шымкентке оралған соң ол кісіні әңгімеге тартқан едік.

 

– Алматыға барып, Асанәлі ағамен кездесіп қайтыпсыз. Ол кісінің жағдайы қалай екен, бүгінде немен айналысуда?

 

– Ағамыздың жағдайы жақсы. Өзінің екі спектаклі бар, бүгінде соны кезегімен қойып жүр. Жалпы, ол театр­дан әлі де қол үзген жоқ, көркемдік жетекші болып істейді. Өзінің жеке кеңсесі бар.

 

Әйелім Құндыздың бір ағасы мен бір әпкесі бар еді, екеуі де бүгінде өмірде жоқ, бақилық болған. Ал аға­мыздың жұбайы Алматыда тұрады. Таяуда жеңгеміз 80 жылдығын жасаған, біз сол тойға барған едік.

 

Негізі мен бұрын Алматыға жиі баратынмын. Кейінгі кезде түрлі жағдайларға байланысты арасын ұзатып алып едім. Асекең де келмегеніңе екі-үш жыл болып кетті ғой деп жүрген. Содан Алматыға шаршап-шалдығып жетіп, тойды өткізіп болғасын Асекеңе телефон шалдым. Ол кісі бірден: «Бүгін үйге кел», – деді. Сілем қатып тұрғанын айтып, ертең барайын дедім. «Келінді де ерте кел, үйді көрсін», – деді аға. Жұбайына біздің баратынымызды айтып, дайындық жасауды тапсырып жатқаны телефоннан естіліп тұрды.

 

Содан ертеңіне әйелімді ертіп Асекеңнің үйіне бардық. Ол кісілер бізді құшақ жая қарсы алды. Біз онда төрт-бес сағаттай болдық. Ағамен әдеттегіше өнер, әдебиет, бүгінгі күнгі жағдайлар жөнінде, жалпы, түрлі тақырыптарда әңгімелестік.

 

Қайтуға жиналайын деп жатқанымызда әйелі Бағдат жүгіріп барып бізге деп дайындаған нәрселерін әкелді. Құндызға өте бағалы велюр мата, маған итальяндық костюм-шалбар алып қойыпты. Оған қоса аға: «Қаламың ұштала берсін! Мынау – алтын қалам», – деп маған әдемі қораптағы қаламсап сыйлады.

 

Әлгі қорапшаны сол жерде ашып көруге ұялған едім. Үйге келгесін ашып көрсем, онысы қымбат тұратын, салмақты қаламсап екен. Кейін ағаның өзіне телефон шалдым. «Оу, аға, мені бір қиын жағдайға салдыңыз ғой. Бұл қаламсапты берген Әшімов болса,  қаламсаптың өзі мынадай болса, осы екі салмақтың арасы маған оңай болмас. Мұнымен лайықты не жазамын?» – десем: «Ойлана бер, жазасың ғой», – деп қояды.

 

– Ол кісінің өзі де Шымкент­ке келіп тұратын болар?

 

– Иә, келіп тұрады ғой. Ондайда маған міндетті түрде хабарласады. Өзім күтіп аламын. Кейінгі келгенінде, жаңылмасам, осыдан екі жылдай бұ­рын-ау деймін, бара жатырмын дегесін үйде қой сойып, дайындалғанбыз. Содан күтіп алайын деп әуежайға барсам, онда облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасынан да адамдар жүр екен. Олардың: «Сізге деп тапсырыс беріп қойған едік...» – дегеніне қарамай: «Оны өздерің ішіп-жей беріңдер. Мен мынаның үйіне барайын, әйтпесе бұл шетіңнен сабайды», – деп күлдіріп, оларға рахметін айтып, маған ілесті.

 

– Ағамен араларыңызда қанша жас айырма бар?

 

– Асанәлі ағаның жасы қазір 81-де, ол менен 9 жас үлкен. Мені туған бауырындай көреді. Арамыздағы жас айырмашылығы білінбейді, еркін әңгімелесеміз. Телефонмен айына екі-үш рет жағдай сұрасып тұрамыз.

 

– Жалпы, ол кісімен қалай танысқан едіңіз?

 

– Мен алғашында театр жанындағы 2 жылдық курста оқығанмын. Күндіз сабақта болып, кешке қарай қойылымдарға қатысатынбыз. 1966-жыл болатын. Ол кезде актерлер де, біз де түскі асты «подвалдағы» асханадан ішетін едік. Бірде сабақтан шыққасын сол жерге кірсем, онда бір топ актерлер бір адамды ортаға алып, қауқылдасып отыр екен. Тамақ үстінде сол жаққа қарап отырдым. Ол кезде ағаны танымаймын. Ортадағы сол кісі болып шықты. Әріптестері ортаға алып, мақтап-мадақтап жатыр. Асекеңнің «Асау Ертіс жағасында» деген фильмге түсіп келген беті екен. Өзіне қошемет көрсеткендерге жасап жатқан сыйына қарап, іштей мына адамның ауқымы кең жан екен-ау деп ойлап отырдым. Менің Асанәлі ағамен таныстығым сол күн­нен басталды. Одан кейін етене жақын дос болып кеттік. Шымкентке келсе, күтіп аламын, Алматыға барсам, ол кісі үйіне шақырады. Әңгімелесеміз, сырласамыз.

 

– Екеуіңізді жақындастырған не деп ойлайсыз?

 

– Мен 4-сыныптан бастап қазақтың ғана емес, орыстың, әлем әдебиетінің шығармаларын көп оқыған жанмын. Содан ба, адамдарға сын көзбен қарайтыным бар. Аталарымыз би болған екен, әкем де бірбеткей адам еді, мүмкін содан да болар.

 

Біз аңғара бермейміз, адамда ішкі түйсік деген болады. Негізі адамдарды бір-біріне сол жақындастырады. Мәселен, бір адаммен отыз жыл бойы бірге жүріп, бір дастарханнан дәм татуың мүмкін, бірақ онымен тым жақын дос бола алмайсың. Ал енді бір адаммен үш-төрт сағат бірге отырып, шай ішсең, әңгімелессең, ол сені іштей тартып тұрады. Оны түйсігіңмен се­зесің. Ол саған кішкентай бала кез­дегідей жақын болып кетеді. Басты нәрсе – түйсікте. Бізді жақындастыр­ған осы ішкі түйсік болар деп ойлаймын.

 

Асекеңмен біз қатты әзілдесеміз. Анда-санда өлең жазатыным бар ғой, жазған сайын ол кісіге оқып беремін. «Жаза берейін бе?» – деп сұрап қоямын. «Жаза бер, – дейді ол кісі. – Сенде салмақты ой бар, философия бар. Жаза бер». Содан бірде қайтара сұрап жіберсем керек: «Әй, Әбутәліп, Абайдың өзі өлеңді жасы 40-тан ас­қанда жаза бастаған. Ақылың 70-тен асқанда кірсе, маған енді неғыл дей­сің?» – деп күлдіргені бар.

 

– Ағаның мінезі қандай?

 

– Мен Асанәлі ағаға таңқаламын. Жалпы, талант деген әркімде болады. Бірақ таланттың бәрі бірдей тұлға бола алмайды. Асекеңде осының екеуі де бар. Ол кісінің абыройы атаққа, байлыққа байланысты емес, жеке басындағы қасиеттерге байланысты.

 

Аға әсіресе өтірік көлгірситіндерді тіпті де жақтырмайды, жанына жақындатпайды. Байқап қалса, бірден бетке айтып салады.

 

Есімде, бірде екеуміз театрдан шығып келе жатқанбыз. Анадай жерде Зәмзәгүл Шәріпова «коляскадағы» не­мересін ойнатып келе жатыр екен. Алдынан театрдың бір жас актрисасы шықты да, құрақ ұша оның бетінен сүйіп амандасты, сосын немересінің де асты-үстіне түсе сүйіп жатты. Асекең соған қарап тұрды да, Зәмзәгүл ішке кіріп кеткесін әлгіні өзіне шақырып алды. Сосын: «Соншалықты жақсы көріп бара жатырсың ба? Жап-жас болып неге осынша көлгірсисіңдер, ә?! Бар әрі!» – деп жекіп тастады.

 

Ол кісі біреуден бірдеңе пайдаланайын дегенді де білмейді. Тіпті кө­ңілді бас қосулар кезінде де біреу бірдеңе әпере қалса, соны ізінше қайтарып отырады. Өте мәрт адам.

 

Жалпы, адамда  ет пен терінің арасындағы мінез, тез айнып тұратын жел мінез, сондай-ақ сүйекке біткен мінез дегендер болады ғой. Асанәлі ағаның мінезі – сүйекке біткен мінез.

 

– Ол кісінің отбасы туралы айтсаңыз. Тұрмыс-тіршіліктері қандай?

 

– Асекеңнің Алматыда төрт қабатты үлкен үйі бар. Онда әйелі, ұлы үшеуі тұрады. Ұлы Асанәлі қазір есе­йіп қалды, түрі де, мінезі де әкесінен аумайды. Сол үйде Асекеңнің Сағи мен Мәдиден өрбіген немерелері, шө­берелері жиі жиналып, бәрі бас қосып тұрады. Асекең мінезі қатал болғанымен әділ, қамқор жан. Немере-шө­берелерінің уақтылы демалысына мән беріп, олардың түрлі жақтарға демалысқа баруына жағдай жасап тұрады. Ол кісі өз үйінің жанынан әйелі мен баласына деп тағы да екі қабатты үй салдырып қой­ған.

 

– Ұлының атын неге Асанәлі деп қойды екен?

 

– Осыны мен де сұрағанмын. Теледидарда айтылған жаңалықтан ести сала құттықтадым, сосын орыстардың Иван Иванович дегені сияқты атын неге олай  қойдыңыз деп сұрадым. «Бағдат Асанәлі қояйық, менің жанымда үнемі бір Асанәлі жүруі керек қой деп өтінгесін келістім», – деді аға.

 

– Ол кісінің Бағдатпен қалай танысқаны жөнінде айта кетіңізші.

 

– Аға бір сырқаттанғанында Минис­трлер кабинетінің ауруханасында жат­қан ғой. Сонда ол кісіге қараушы етіп осы Бағдатты бекітіпті. Олар сонда танысқан. Асекең бірде Бағдатқа өзінің «Майраның әні» атты кітабын беріпті. Бағдат соны екі түн оқып, жылап шыққан екен. Кейін екеуінің тұз-дәмі жарасып, қосылды. Бағдат Асекеңнің қадіріне жеткен, оған сай қосылған жар болды. Қас-қабағынан танып, бар жағдайын жасап отырады.

 

– Өзіңіздің де хабарыңыз бар ғой, кейде әлеуметтік желіде Асанәлі аға туралы жайсыз әңгімелер шығып қалып жатады. Сондайда ол кісі қандай күйде болады екен? Сіздің өзіңіздің әрекетіңіз қандай?

 

– Иә, білемін, болып жатады. Бірақ Асекең ондайға бұрылып, бас қатырмайды. Өткенде театрлар фестивалі болды, сонда Асекеңді де марапаттады. Біреу әлеуметтік желіде «Атақты неге белгілі бір адамдарға бере бе­реді?» деген тұрғыда жазған екен, астына «Биікке шыға алмайтындар биікке шыққандардың балағынан тартқанды өзіне мәртебе санайды» деп жаздым. Негізі адамның талантын, жақсы қа­сиеттерін көбірек көргеніміз дұрыс қой.

 

– Асанәлі ағамен өте жақын дос екенсіз. Басқа белгілі адамдармен де сырлас-сыйлас бол­ған кездеріңіз бар шығар?

 

– Біреу ақшаға қызығады, біреу атаққа қызығады. Неге екенін біл­меймін, мен руханиятқа жақын болдым. Мені атақ, ақша қызықтырмады. Тәкен Әлімқұлов, Қалихан Ысқақов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Зейнолла Серікқалиев, Дулат Исабеков сынды қазақтың қаймақтарымен сыйлас, дәм­дес болғаныма тәубе деймін. Солармен шайын ішіп, шай беріп, терезем тең дәрежеде сыйластым. Жалпы, мен өзімді бақытты жанмын деп есеп­теймін.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ