Көшеде қалған келіншек жәрдем сұрайды

18.09.2018
Қаралды: 145

«Алла разы болсын, маған көмек беріңіздерші! Екі балам бар, көшеде қалдым. Документім жоқ. Соны алуға көмек беріңіздерші, өтініш! Квартирада тұрамын. Қолдарыңыздан келгенше жәрдем берулеріңізді сұраймын, ағалар!» 

 

Шымкенттегі «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің маңында қайыр сұрап отырған жүкті келіншек жағдайын қағазға жазып, осылай жәрдем сұрап отыр. Жерге төселген жұқа шүберектің шетін басқан кішкентай екі балапанға назарым ауды. Күн көзіне әбден қақталған қос бүлдіршін аналарының жанынан алыс кетер емес. Бірдеңені түсінетіндей ме, әйтеуір салмақты. Жүз­деріне қарап, жайбарақат кете алмадым. Аналарын әңгімеге тарттым.

 

– Иә, маған көмек керек. Аяғым ауыр, ешбір құжатым жоқ. Балаларым кішкентай. Тіпті Қазақстанның азаматтығы да жоқ. Өзім далада қалдым. Қазір әпшемен пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

 

– Әпше дегеніңіз кім?

 

– Ол кісі анау жерде отыр. (Нұсқаған жағынан өзі секілді қайыр сұрап отырған балалы келіншекті көзім шалды). Оның да бес баласы бар. Мені көшеде жылап отырған жерімнен үйіне әкеліп, паналатқан. Содан бері бір жарым жыл болды, бірге пәтер жалдап тұрамыз.

 

– Күйеуіңіз қайда?

 

– Күйеуім ішкіш, бізді керек етпейді. Ажырасқанбыз. Бірге тұрған кезімізде балаларды ұрып-соғып, денелеріне із қалдырған. Екеуін де болмашы нәрсе үшін қатты ұратын. Міне, айнаға итеріп жіберіп жасағаны мынау. (Әйелдің 5 жасар баласының жамбасындағы үлкен тыртықты көріп, жүрегім су ете қалды). Балалар қатты қорқып қалған. Біреулер: «Балаларыңды әкесіне бер, сол бақсын, – деп ақыл айтады. Мен бергім келмейді. Себебі ол бұларға қарамайды. Қайынжұр­тымнан да қайыр жоқ. Мені «алтынымды, ақшамды ұрлады» деп қайын әпкем үйден қуып жіберді. Өзі ішкілікке жақындау адам.

 

– Құжаттарыңыз қайда, неге жоқ?

 

– Ұлтым қазақ болғанымен Өзбекстанда туып-өскенмін. Сарыағаштың жігітіне тұрмысқа шығып, аяғы осындай болды. Құжаттарымды екінші баламды босанған кезімде полиция өкілдері алып қойған, содан қайта қолыма тиген жоқ. Кейін олардан сұраған кезімде жоғалтып алғандарын айтты.

 

– Әке-шешеңіз қайда?

 

– Олар Өзбекстанда. Барайын десем бара алмаймын. Өзімнің де, балаларымның да құжаттары жоқ болғасын шекарадан өту кедергі туғызады.  

 

– Күнде шығасыз ба бұл жерге?

 

– Жоқ, кей күндері ғана келеміз. Себебі полиция қызметкерлері көрсе, бізді алып кетіп, қамап қояды. Содан соң айыппұлды мойныңа іліп, жібере салады. Имамдар да қуады. Сондықтан көбіне «Бекжан» базарында отырамын.

 

...Біз сұхбаттасып отырған кезде бір жас жігіт жартылай желінген шоколод тастады. Артынша егделеу әйел үш тал кәмпит ұсынды. Қос кішкентай соны тістелеп, тып-тыныш отыр. Біршама әңгімеден соң, мәселенің мән-жайын білгісі келді ме екен, әлгі айтқан әпшесі біздің жанымыз­ға жақындады. Құшағына қысқан кішкентай қыз небәрі бір жаста екен. Үлкені 12-ні иектепті. Жағдайдың қалғанын сол кісі баяндады.

 

– Осы жерде елге алақан жайып отырамыз, міне, өзің көріп тұрғандай. Бұл келіншекті «далада қалдым» деп жылаған соң қайыр сұрап отырған жерінен пәтеріме әкелдім. Екі баласына жаным ашыды. Күйеуінен кеткен соң бір жігітке тұрмысқа шықпақшы болып еді, екеуінің арасы жақсы болмай, ол жігіт те мұны жүкті етіп тастап кетті. Қазір үшіншісіне аяғы ауыр. Қазан айында босанады.

 

– Енді босанарда қалай болар екен?

 

– Әзірге емханада тіркеуде бар. Кассаға 7000 теңге төлеп, өзім кепіл болып, сол арқылы дәрігер бақылауына қойдық. Бірақ құжат болмаған соң бәрібір кедергілер болмай тұрмайды ғой. Өзімнің де бес балам бар, екеуміз айына 20 мың теңгеге пәтер жалдаймыз. Бір жылдай болды, күйеуім түрмеде. Әлі біраз отырады. Ай сайынғы 10 мың теңге жөргекпұлдан басқа кірісім жоқ.  Содан соң осы жерге шығуға мәжбүрміз. Адамдарға рахмет, осылай көмектесіп жатады, киім-кешек, азық-түлік әкеліп береді. Екеуміз жеті баламен үш бөлмелі пәтерде осылайша күнелтеміз.

 

(Өздері отырған тал түбіндегі киім-кешек салынған сөмкелер мен целлофандағы төрт бөлке нанды байқадым. Тоғыз адам үшін мардымсыздау болса да, тал­ғажау).

 

– Сіздерге дәл қазір нақты қандай көмек керек?

 

– Мүмкіндік болса, пәтерақысы арзандау тұрғылықты жеріміз болса дейміз. Әрине, айына 8-9 мың теңге төлейтін ондай үйлер бар, бірақ небәрі бір ғана бөлме осынша бала мен азды-көпті затымыз болғандықтан бізге тарлық етеді, сыймаймыз.

 

Менен де бұрын мына келіншекке құжат жағынан көмектессе, жақсы болар еді. Үлкені 5-те, мектеп жасына келіп қалды. Өзінің де ай-күні жақын. Барлығына құжат керек. Біз бұл жерге қайыршылықты бизнес етіп шығып жүрген жоқпыз, амалымыздың жоғынан, жетіспеушіліктің кесірінен шығамыз.

 

...Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақпыз. Жетім-жесір емес десек те тағдырлары тас-талқан күйде тұрған қос келін­шектің көрген күндері осындай. Көңіл көншітерлік ештеңе жоқ. Жеті бірдей баланың жай-күйі жанымызды жай таптырмай тұр. Әрине, қандай да бір көмек қолын созғысы келетін адамдар арамыздан табылып жатса, нұр үстіне нұр бо­лар еді. Тым болмаса құжаттарын түгелдеп, қоғам көшіне ілестіріп жіберсек, соның өзі едәуір жәрдем болар еді. Жомарттыққа бейім жандардың арамызда бар екеніне кәміл сенеміз. Жақсылықтың үлкен-кішісі болған ба? Қазір қандай көмек болса да қос келіншек қабыл алуға даяр. Себебі жеті бірдей бүлдіршіннің тағдыры алаңдатпай қоймайды. Алдымызда суық мезгілдер келе жатыр. Тілегіміз, сол кезде мешіт маңында адамдарға алақанын жайып, дірдектеген бала мен діріл қаққан әйелді көзіміз шалмаса екен деймін.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ