«Түсіп» кеткендер мен «ұшып» кеткендер

15.07.2018
Қаралды: 2846

Еліміздегі мыңдаған мектеп түлектері мен олардың ата-аналарының күткен күні де келіп жетті. Кешегі аптада биылғы білім грантын жеңіп алғандардың тізімі жарияланды. Оған көз жүгірте отырып, біраз жайларды аңғардық.

 

Түлектері түгел тегін оқитын болды

 

Бәйдібек ауданында ҰБТ сынағы бойынша бір сынып түгелдей мемлекеттік грант негізінде білім алуға қол жеткізіпті. Яғни Жамбыл ауылындағы Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектепті бітірген 13 оқушының 7-еуі тестке қатысқан екен, олардың барлығы да сыннан мүдірмей өтіпті. Енді олар мемлекеттік грант иегері атанып, Алматы, Көкшетау, Қостанай,  Павлодар қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алатын болады. Бір қызығы, осы жеті шәкірттің бәрі де негізгі пән ретінде биологияны таңдаған.

 

«Алақандай ауыл үшін бұл үлкен қуаныш, – дейді олардың сынып жетекшісі Зибаш Қуатқызы. – Грант иегері атанған оқушыларымның ата-аналары мектеп ұжымына алғысын жаудырып жатыр. Әсіресе биология пәні мұғалімі Гүлжазира Тұрғанбаеваның еңбегіне дән риза. Шәкірттеріміз де жарады. Ең жоғары 112 балмен Бану Әмірбек мал дәрігері мамандығына түссе, 73-тен жоғары балл жинаған Динара Жаңабатыр мен Гауһар Дүйсенбі биотехнология  саласын таңдады. Дана Шідер, Балжан Өмірханқызы, Айдана Жүнісовалар – болашақ биология, Аяулым Жайлаубай информатика пәндерінің мұғалімдері.

 

Түлектеріміз ізденіп, қосымша сабақтарға қатысып жүріп, маңдай терімен мақсатына жетіп отыр», – дейді ұстаз ерекше толқыныспен.

 

25 балмен университетке түсті

 

Кешелі бері көпшілік ҰБТ-дан 25 балмен грантты жеңіп алған талапкер жайында сөз қылып жатыр. Осыған қатысты Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов былай деді:

 

«25 балмен грантқа өткендерге тоқталсақ, кейбіреулері колледжді бітіргеннен кейін оқуға түсуге құжат тапсырады. Бұл ретте қысқа мерзімге 3 жыл оқитындар жатады. Мысалы, мектепті тәмамдаған түлектер ҰБТ тапсырғанда жоғары балл 140 болса, ең төменгі шекті балл 50-ге тең. Ал колледжден кейінгі түлектер тек 70 сұраққа жауап береді, яғни екі пәнді ғана таңдайды. Сәйкесінше, оларда шекті балл 25-ке тең. Биыл «Атамекеннің» және колледждердің ұсынысымен біраз гранттардың санын колледжден кейінгі түлектерге бердік. Бірақ колледжден кейінгі гранттарға көп сұраныс болған жоқ, сондықтан осы мамандықтар бойынша олар шекті балды ала тұрып, грантты иеленіп жатты. Көбінесе олар техникалық мамандықтарға тиесілі. Жалпы, колледждерді қолдауымыз керек. Сол үшін биыл біраз гранттар бөлінді».

 

Сонымен қатар ол гранттарды бөлген кезде елімізде тиісті квоталар қарастырылғанын да айтып өтті. Бұл тұрғыда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, Қазақстан  азаматы емес ұлты қазақ адамдар үшін бөлінген,  сондай-ақ ауыл жастарына ескерілген квоталар бар. «Айды аспанға шығарып», елді шулатқан талапкер дәл осы квотаны пайдаланып, 25 балмен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түсіп отыр.

 

Жалпы, 2018-жылы білім беру гранттарын қазақ диаспорасының 862 өкілі алыпты. Квоталар Қазақстан азаматы емес этникалық қазақтарға бөлінген. Диаспорада грант алғандардың қатарында 26, 27, 29, 31 және 33 балл жинағандары да бар.

 

111 балмен гранттан қағылғандар да бар

 

Биыл былтырғыға қосымша 20 мың мемлекеттік грант артық берілгені белгілі. Бірақ осыншама грантқа 100-ден жоғары балл жинаса да ілікпей қалған түлектер баршылық екен.

 

Әлеуметтік желіде Алтынгүл Сәрсенбайқызы және Бақытханым Губашева есімді Ақтау, Орал қалаларының тұрғындары қыздарының 111 және 107 балмен таңдаған мамандықтары бойынша грантқа ілікпей қалғанын қынжыла айтады. 

 

...Биылғы мемлекеттік грантқа қол жеткізгендер мен одан құралақан қалғандар туралы осындай жайлар айтылып жатыр. Қалай болғанда да жастардың өмірі – алдында. Біз олардың барлығына да алдағы уақытта тек қана жақсылықтар мен қуаныштар тілейміз.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ