Қырғызстанның ішкі ахуалы қандай?

30.05.2018
Қаралды: 410

Таяуда  Жанышбек деген бір қырғыз азаматымен (аты өзгертілді) кездейсоқ танысып, әңгімелесіп қалдық. Ол әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар, ел ішінде болып жатқан жайлардан құлағдар, сауатты кісі екен, сондықтан оған Қырғызстанның қазіргі ішкі ахуалына қатысты сұрақтар қойдық.

 

«Демократия аралы» атанған

 

– Жанышбек, Қырғызстанда қазіргі күндері не болып жатқаны бізге қызық. Сондықтан осы жөнінде сауалдар қойсақ деп отырмыз.

 

– Сұраңыз, шамамның келгенінше жауап беруге тырысып көрейін.

 

– Жұрт Қырғызстанды Орта Азиядағы демократиясы жоғары ел санайды. Расында да солай ма?

 

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Қырғызстан «Орта Азиядағы демократия аралы» деп атала бастаған. Біздің елде демократия бар. Әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарында. Үкіметтік екі-үш газет пен 1 телеарнадан басқасында жұртшылық Президентке, Үкіметке, министрлерге, депутаттарға қатысты сынын еш қаймықай айта алады. Бұл тұрғыда тек кейбір саясаткерлерге ғана шектеу болып тұрады. Өйткені олардың қай-қайсысының да меншігі бар, шектен шығып бара жатса, билік оны осы жағынан қыса алады.

 

Демократияның тағы бір көрінісі – ашық сайлаудың өтуі. Бізде жұртты дауыс бер деп қинау жоқ, сайлауға қатыс деп үгіттеп-сүйрелемейді. Да­уыс беруге құқылы азаматтар сайлау нысандарына өз қалау-еркімен барады, олардың 30 пайыздан астамы жиналса, сайлау өтті деп есептеледі, ал ол шекке жете алмаса, сайлау болмай қалады. Өткенде шамамен осынша сайлаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беріп, Жиенбеков Президент болып сайланды.

 

Бізде қандай да бір мәселеге қатысты митинг өткізуге де қатаң тыйым жоқ. Тек Бішкектегі орталық алаңда ғана шеру өткізуге болмайды. Басқа жерде көпшілік жиын өткізуге шектеу жоқ. Бірақ ол үшін қала басшылығымен алдын-ала келісілуі керек, шеру кезіндегі адамдар қауіпсіздігіне оны ұйымдастырушылар жауап береді. Тәртіп болуы үшін милиция тек сыртынан ғана қадағалап жүреді.

 

Бұрынғылардың көбі қызметінен босатылған

 

– Бүгінде жемқорлық деген нәрсенің кей елдердің жазылмастай кеселіне айналғаны белгілі. Ал Қырғызстанда жемқорлық бар ма? Атамбаев билікке келерде оны түп-тамырымен жоюға уәде берген сияқты еді...

 

– Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Қырғызстанда да мүлік талан-таражға түскен, соны тоқтату үшін жұртқа жекешелендіру купондары таратылды, оған меншік сатып алуға болатын еді. Бірақ қарапайым халық оны негізінен күнкөріс қамына жаратты да, қолында билігі, мүмкіндігі барлар, көзі ашық жандар жай халықтан көптеп купон сатып алып, кейін сонымен шаруашылық нысандарын, кәсіп­орындарды жеке меншікке иеленді. Қазір олардың жағдайы жақсы. Мысалы, сол кездері өмірге келген балалардың жасы қазір 25-ті шамаласа, одан үлкендерінің жасы 70-тің төңірегіне жетіп отыр, қазіргі билік басында, ірі бизнесте жүргендердің бәрі де солар, солардың ұрпағы, туыстары. Қарапайым халыққа үкіметтен ешқандай да жәрдем жоқ, әркім әрекеттеніп, өзінің күнін көріп жатыр.

 

Ал Атамбаев жемқорлықты жоямын деген уәдесін орындай алмады. Бұл бүгінгі күндері анық белгілі болуда. Қазір біздің елде жемқорлыққа қарсы күрес жаңа қарқынмен жүріп жатыр. Атамбаевтың кезіндегі минис­трлердің бәрі дерлік қызметтен босатылды. Біреулері шетелге қашып, енді бірі құқық қорғау органдарына жауап беріп те жатыр. Мысалы, бұрынғы вице-премьер Шадиев шетелге кетті, Премьер-министр болған Ысқақов Біш­кектегі жылу орталығына қатысты былықтар бойынша жауап беруде.

 

Атамбаевты дербес құқығынан айыра ма?

 

– Қазір Қырғызстанның бұрынғы және қазіргі Президенттерінің арасы ушыққаны туралы сөз көп. Бұл қаншалықты негізді? Олар әу баста сырт көзге тіл табысып жұмыс істейтіндей көрінген еді...

 

– Бүгінде жұртшылық арасында бұл жайында аз айтылып жүрген жоқ. Атамбаев әу баста Жиенбековке қолдау көрсеткенімен кейінгі кезде аралары алшақтай бастады. Ол Жиенбековті өзінің ықпалында ұстап, кейін билікке қайтып келуді көздеген болса керек, бірақ Президент болып сайланғанына екі айға жетпей-ақ Жиенбеков өз бетімен жұмыс жүргізуге кірісті. Оның Қауіпсіздік Кеңесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтеміз дегенін білесіздер, қазір іс жүзінде де солай болып жатыр. Соның нәтижесінде Атамбаевтың кезінде сыбайлас жемқорлықтың тіпті де азаймағаны айқын көрініп қалды. Жиенбеков қазір басты бағыттарға басшылыққа өзінің адамдарын қойды. Дегенмен де жұрт бәрін көріп отыр, олардың да кейбірінің қолы таза емес. Жиенбеков бірте-бірте ондайлардан да арылатын шығар. Олай болмаса, Президент қырғыз халқының сенімінен айырылады. 

 

Сондықтан бүгінде Жиенбековке оңай болмай тұр. Атамбаевпен арасы нашарлады, оның үстіне оппозиция Жиен­бековті Ақаев пен Бакиевтің кезіндегідей кландық басқаруға бет бұрды деп кінәлауда. Сол себепті Жиенбеков қазір аяғын аңдап басып, өте сақ қимылдауға мәжбүр.

 

Тағы бір айтарым, бүгінде Жоғар­ғы Кеңес депутаттары экс-президенттің жеке басының дербес құқықтылығына қатысты заңды қарастырып жатыр. Ол кісі 80 мың сом (400 мың теңге) зейнетақы алады екен, Қырғыз Республикасының Батыры атағы берілген­діктен ол екі есеге көбейіп, 160 мың сомға теңелген. Қазір бұрынғы Пре­зиденттің өміріне қол сұғылмаушылығы, оған тиіспеу жөніндегі мәселе қаралуда. Депутаттар соны алып тас­тау керек дейді. Егер Жиенбеков бұған келіссе, онда кей мәселелерге қатыс­ты Атамбаевтың басына бұлт төнуі де ғажап емес. Қазірдің өзінде ел арасында ол туралы «бизнесін шетелге көшіріп жатыр екен» деген сөз шығып тұр. Бірақ Атамбаев үнемі өзінің тазалығын айтады, қандай жағдай болғанда да Отанымнан қашпаймын деген сөзі бар.

 

Қырғыздар нені армандайды?

 

– Ал жалпы халықтың ахуалы қандай? Қырғыз ағайынның көбі көрші елдерге жұмыс іздеп кеткені, жағдайдың нашарлығы туралы естіп жатамыз. Ресейдің өзінде миллионға тарта қырғыздар жүр деп те айтылады. Жұмыссыздық өршіп тұр деседі.

 

– Қазір Қырғызстандағы халықтың жағдайын аса ауыр деуге болмайды. Осы сіздердегі сияқты әркім шама-шарқынша күнін көріп жатыр ғой. Кейбір әлеуметтік жеңілдіктерді алу үшін жұмыспен қамту орталығына тіркелу керек болады, жұмыссыздар көп деп солардың берген ресми дерегі бойынша айтатын сияқты. Былайша саудамен, жеке шаруашылықпен айналысады дегендей, әркімнің өз күнкөрісі бар.

 

Ал енді еңбек мигранттарын айтар болсақ, ресми дереккөздерде Қазақстанда 100 мың шамасы, Ресейде 500 мыңдай қырғыз бар деп айтылады. Түркияға кетіп жатқандар да жоқ емес.

 

– Жалпы, Қырғызстанның экономикалық ахуалы қандай?

 

– Егер Президент жақсы басқарып, жұмыстар орнымен жүргізілсе, Қырғызстанның өзін-өзі асырауына, шетелдерге экспорт жасауға толық мүмкіндігі бар. Мысалы, қазірдің өзінде бізден шетке электр қуаты, көмір, ноқат, сүт, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, тағы басқа да заттар шығарылады. Бізде әсіресе ауыл шарушылығын дамытуға болады. Кен орындары көп, тек оларды игеру жағы қиын болып тұр. Сондықтан да, мысалы, Қытайдан инвестиция тартуға мәжбүрміз.

 

– Қытай демекші, Қырғызстанда қытай тілін үйрену сәнге айналып келеді дегенді естиміз...

 

– Ол рас, бүгінде бізде қытай тілін үйренуге құмартушылар көп, тіл үйрететін курстарды жиі кезіктіруге болады. Дегенмен де жұрт Қытайдан қорқады. Қарызымызды өтей алмай, жерімізден айырылып қалмайық деп дабыл көтеріп жүргендер бар.

 

– Ал халықтың Ресейге көзқарасы қандай?

 

– Шынымды айтайын, біздің халық Ресейді қорғанымыз деп ұғады. Өйткені Қырғызстан тұрғындары аз ғой, 6 миллион төңірегіндеміз. Қытайдан біз түгілі Ресейдің өзі де аяқ тартады емес пе? Ұжымдық қауіпсіздік ұйымына, соның ішінде Ресейге сеніп, иек артпасақ болмайды ғой. Шындығында Ресейдің де, Қытайдың да, АҚШ-тың да өз көздегендері бар. Соның ішінде Ресей бізге жақындау, көпшілік жұрт осылай ойлайды.

 

...Қырғыз азаматы Жанышбектен біз осындай жайларды білдік. Ондағы халық ел тізгінін ұстаған басшылар Отан игілігі үшін жұмыс істесе, Қырғызстан көштен қалмас еді деп армандайды екен. Құдай қырғыз аға­йынның бұл тілеуін берсе екен дейміз.

 

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ