Боксшы Батыр. Оны жұрт Головкиннен де асып түседі деп болжауда

18.04.2018
Қаралды: 1672

Қазақстанның боксшыларының мықты екенін бүгінде әлем мойындаған. Оған дәлел ретінде Геннадий Головкинді, Қанат Исламды, басқа да чемпиондарымызды айтсақ болады. Кәсіпқой бокста да қазақтардың қатары күннен күнге  көбейіп, нәтижелері жақсарып келеді. Солардың бірі – Батыр Жүкембаев.

 

Б.Жүкембаев өзінің кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2016-жылғы 13-наурызда өткізген, поляк боксшысын 1-раунда-ақ нокаутқа жіберген. Осындай жеңістерінің 7-еуі 2016-жылға тиесілі. Ал 2017-жылғы 28-қаңтарда ол мексикалық боксшымен кездесіп, оны да нокаутқа түсірді. Осы жылы ІВО тұжырымы бойынша бақ сынауда тағы бір мексикалық боксшымен жекпе-жек өткізіп, оны қатарынан 3 мәрте нокдаунға түсірді, 7-раундта техникалық нокаутпен жеңді. Батырдың кәсіпқой бокстегі соңғы жекпе-жегі биылғы 31-наурызда өтті. Қысқасы, ол осыған дейін шаршы алаңға 10 мәрте шыққан, соның бәрінде де қарсыласын нокаутпен жеңген.

 

Қысқасы, Жүкембаевтың жойқын соққыларын көрген жұрт оны Головкиннен асып түсуі мүмкін деп болжауда. Ал өзі бұған байланысты не дейді? Осы орайда біз оның өзімен сұхбаттастық.

 

– Батыр, әңгімемізді алдымен өзіңнің туып-өскен жеріңнен, отбасыңнан бастайықшы.

 

– Мен 1991-жылы Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келгенмін. Отбасында сегіз жанбыз. Әкем, анам, екі ағам, екі әпкем және қарындасым бар. Мен үйдің бесінші баласымын. Әкем – Жақсыбай Ермекбайұлы жеке кәсіпкер. Ал анамның есімі – Гүлжан Тұраменқызы, ол үй шаруасымен айналысып отыр. Ата-анам қазір үлкен ағамның отбасымен бірге тұрады.

 

– Бала Батыр қандай еді? Спортқа неше жасыңнан бастап келдің?

 

– Мен жетінші сыныпқа дейін Шу қаласындағы орта мектепте оқыдым. Кейін Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған «Шаңырақ» спорт интернатына түсіп, ары қарай орта білімімді сол интернатта жалғастырдым.

 

Негізі мен ең алғашқы екі айда күреспен айналыстым. Өйткені әкем де кезінде еркін күреспен шұғылданып, спорт шебері атағын алған. Сол кісіге еліктеп, палуан болғым келді. Бірақ екі айдан соң ауылымыздағы күрес үйірмесі жабылып қалды. Мен ол кезде шамамен 10 жаста болатынмын. «Енді не істеймін? Қай спортпен айналыссам екен?» деп жүргенімде ағам: «Бокс үйірмесіне бар. Өзіңді сынап көр», – деп кеңес берді, ақыл айтты. Содан уақытты босқа өткізбес үшін бокс үйірмесіне жазылдым. Бірақ әу баста менде осы саланы түбегейлі қуып, чемпион боламын деген ой мүлдем болмады. Келе-келе бокс менің өміріме айналды. Шындап кірісіп кеттім.

 

– Күні кеше кәсіпқой бокстағы 12-ші жекпе-жекте жеңіске жеттің. Шын жүректен құттықтаймыз, қуаныштымыз. Осы ретте мынадай сұрақ қойсам: әуесқой бокста қалып, Әлем чемпионатына немесе Олимпиада ойындарына қатысуға неге тырыспадың? Кәсіпқой боксқа ауысуыңа не себеп болды?

 

– Өздеріңіз білесіздер, ұлттық құрамада бірінші нөмірлі немесе екінші нөмірлі боксшы болмаған соң 4 жылда бір келетін Олимпиаданы немесе 2 жыл сайынғы Әлем чемпионатын күтіп жүре беру үшін үлкен шыдам керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дейді ғой, сол секілді Олимпиаданы бағындырғысы келмейтін боксшы жоқ. Барлық боксшының арманы – Олимпиада чемпионы болу, еліміздің көк туын көкке көтеру. Бірақ ұлттық құрамада алдыңғы сапта болмасаң, бәрі бекер. Сондықтан кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдадым. Бар себебі осы.

 

Шешім қабылдап, кәсіпқой боксқа ауысқан кезімде Канададағы «Eye of the Tіger Manegement» про­моутерлік компаниясынан ұсыныс түсті. Промоутер Камиль Стефан ұсынған келісім-шартқа қол қойдым. Бір қызығы, ешқандай көрілімде, қаралымда, спаррингте болмай, бірден келісімге отырдық­. Қазір кәсіпқой бокста бірнеше Әлем чемпиондарын да­йындаған өте тәжірибелі жаттықтырушы Стефан Ларуштың қол астында жаттығамын. Құдай қаласа, кәсіпқой бокста Геннадий Головкин секілді Әлем чемпионы болып, барлық белбеуді иеленгім келеді.

 

– Головкин демекші, жұрт сені одан да асып түсетін мықты боксшы деп жатыр. Бұл пікірге не айтасың?

 

– Иә, кәсіпқой бокста мені жанкүйерлер танып, әлеуметтік желілерде өздерінің тілектерін айтып отырады. Көбісі Головкинге ұқсатып, оған теңеп жатады. Бұл, әрине, мен үшін үлкен мақ­таныш. Бұйырса, жанкүйерлердің сенімін ақтап, оларды жарқын жеңістеріммен қуантамын деген ойдамын.

 

Жалпы, Қанат Ислам да, Геннадий Головкин де қазақ елінің мақтаныштары ғой. Бізге жол көр­сетіп, бағыт-бағдар беріп отыратын алдыңғы буын ағаларымыз. Ол кісілермен бір-екі рет жолыққанымыз болмаса, кеңінен отырып әңгімеле­сетіндей уақыт болмады.

 

– «777» деген лақап атпен танылып жүрсің. Мұны не себепті таңдадың?

 

– Жалпы, 7 саны қашаннан киелі саналады ғой. Осыны ескере келе мен де өз өмірімді 7 санымен байланыстырғым келді. Телефон нөмірін таңдағанда да 7 саны көбін, көлік алғанда да 7 саны бар нөмір іздедім. Яғни 7 менің сәтті саным болып қалды. Осылайша мен «777» деген атпен таныламын деп шештім.

 

– Канададағы тұрмыс-тіршілігің жөнінде айта отырсаң.

 

– Канаданың Квебек қаласында тұрып жатқаныма екі жарым жыл болып қалды. Бұл жақта бәрі жақсы. Адамдары да біз секілді қонақжай. Бізді жақсы қарсы алды, көзқарастары жақсы. Оны біздің өткізген жекпе-жектерден, бізге жанкүйерлік көрсеткенінен байқауға болады.

 

Жалпы, спортшылардың өмірін білесіздер ғой, күніміздің басым бөлігі жаттығу залында өтеді. Күніне екі мезгіл жаттығамыз. Жаттығудан босай қалсақ, серуенге шығып, миымызды тынықтырып келеміз. Жалпы, басқа мемлекетте тұрып жатқанымыз болмаса, тұрмыс-тіршілігіміз дәл өзіміздің елдегідей.

 

– Алдағы жоспарларың қандай? Туған елге келіп жекпе-жек өткізу жоспарда бар ма?

 

– Бұйырса, алдағы екі-үш күнде келесі жекпе-жегімнің қашан өтетінінін менеджер, промоутерімізбен ақылдасатын боламыз. Бәлкім келесі айқас­тан соң қай тұжырым бойынша белрингке шығатыным белгілі болып қалуы мүмкін.

 

Меніңше, кез келген боксшының арманы – өз елінде, өз жанкүйерлерінің алдында жекпе-жек өткізу. Құдай қаласа, біздің де Қазақстанда үлкен бокс кешін өткізу жоспарымызда бар, осы бір-екі жыл көлемінде өткізіп қа­луымыз мүмкін. Бәрі өз ретімен, сәтімен болады. Асығыстық жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

 

– Сәттілік тілейміз, ойға алған барлық арман-мақсаттарың орындала берсін!

 

Сұхбаттасқан – С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ