Қасымбек аңшының айтқандары

14.03.2018
Қаралды: 607

Мұхтар Әуезовтің «Аңшының әңгімесі», «Бүркітші» деген әңгімелері Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған. Ал Шәкәрім атамыз кәнігі аңшы, құралайды көзге атқан мерген болған екен. Ұлыларға еліктеу, Абайша айтқанда, «болмасаң да ұқсап бағу» әрбір адамға тән қасиет. Сондықтан мен де мақаламның атын «Аңшының айтқандары» деп атасам болады.

 

 

Біздің ауылымыз – Қазығұрт тауының теріскей бетінде, Шымкент жақ бауырында жатқан Шегірлер ауылы. Төлеби ауданымен шекаралас Қазығұрт ауданына қарайтын Қауымбайсай, Ортабұлақ, «Ақпан батыр» ауылдары бір өзеннің бойында қатар орналасқан. Бір сай қиыстау жатқан Жарбастау деген және бір ауыл бар. Шежіреде осы ауылдарды «Дүкен балалары» дейді.

Біз, ауыл балаларының бәрі «Жаңаталап» төртжылдық бастауыш мектебінде оқыдық. 1959-жылы мектеп табалдырығын аттап, оны 1963-жылы бітірген соң әркім әр жаққа кетті. Солардың ішінен бес-алтауымыз әлі күнге дейін араласып келеміз. Әсіресе жоғарыда аты аталған ауылдардың ішіндегі Қауымбайсай ауылы тауға тіптен тақалып түр.

 

Қасымбек Ниязбеков деген бауырымыз осы Қауымбайсай ауылынан. Өзі бала жастан елгезек, шаруаға мығым, спортқа да бейімділігі бар болатын. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей, өзі «хоббиім» деп есептейтін аңшылықпен біраз айналысты. Ал өзінен үлкен Әбдіқасым деген ағасы нағыз кәнігі аңшының өзі, басқасын былай қойғанда аю, арқар, таутеке атып жүрген кәсіпқой аңшы.

 

Өткен, 2017-жылдың мамыр айының ортасында кластастар, құрбы-құрдастар – Қасымбек, Алпысбай, Еламан, Жангелді, Еркінбек, Серікбай, Сұлтан әйелдерімізбен тауға барып демалып қайтқан едік. Өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші! Одан бері де бір жылдың жүзі болып қалыпты.

 

Қысқасы, осы демалыс кезінде басқадан бұрын Қасымбек досыммен көбірек әңгімелестім. Аңшының жайын сұрап-біліп, біраз сыр­ға қанықтым. Сондағы білгенім, ол 10 – 15 жылдай, әсіресе қыс ауа­­сында үзбей аңға шығып жүрген екен. Яғни ауылдан Атбұлаққа көшіп кеткенше аңшылықпен айналысқан. Негізгі аулайтыны – түлкі, қарсақ, шіл мен кекілік.

 

Бірде апасы Нәрбүбі жарықтық ақ матадан кең етіп комбинезон ті­гіп береді де, Қасымбек соны кәдімгі қыстағы барлаушыларға ұқсап киініп, 12-ші калибрлі қос ауыз мылтығын асынып, қолындағы ақ дорбаға престің 7-8 метрлік ақ жібімен қоса бір қара тауықты салып алып, тауға қарай тартып отырыпты. Содан «Қаракемер» деген қыраттың беткейінде тышқаншылап жүрген түлкіні байқайды. Сосын пресс жібінің бір ұшын қара тауықтың аяғына, ал екінші ұшын ауырлау тасқа байлап, өзі тауықтың аяғынан ұстай әуеге барынша көтере лақтыра бере оның аяқ буынынан қатты қысып қалады. Содан тауық жан дауысы шыға қақылдап, бес-алты метр­ге дейін ұшып барып қонғанда түлкі тауықты көре сала ұмтылады ғой. Ал түлкіні аңшымыз оқ тиетін межеге жақындағанда көздеп тұрып басып салады. Бұл –  Қасымбектің ерекше ойлап тапқан айла-тәсілі. Алдыңа аңның өзі келіп тұрса, оны атып алмағанда не істейсің? Мұндай мүмкіндік кім болса соған беріле бермейді. Қасымбектің түлкіні атып алуының алғасшқы оқиғасы осылай болған екен.

Тағы бірде Қасымбек тау беткейіндегі «Түйетас» деген биіктігі дуал қабырғасындай тастың панасында қуаласып ойнап жүрген екі түлкіні көріп қалыпты. Содан түлкінің алдыңғысын бірден атып алады да, аңтарылып қалған тағы біреуін екінші оқпен жайратып салады. Сонымен екеуін аяқтарынан ұстап алып ауылға қарай қар бетімен сүйреп келе жатқанда балтырынан сақ еткізіп бірдеңе тістей қауыпты. Сөйтсе бір түлкі әлі тірі екен, балтырынан сол тістеп алған екен.

 

«Шошып кеттім. Сосын оны қамшының сабымен ұрып өлтіріп, ауылға келгесін екеуінің де терілерін сылып алдым», – дейді ол сол оқиғаны еске алып. «Түлкі деген ауыр емес қой, иығыңа асып, арқалап алмадың ба?» – десем: «Ойбо-ой-й, айтпа! Негізі түлкінің бүргесі сұмдық көп болады. Арқалап жүрсең, бүргеге таланып өзің де біржақты боларсың», – дейді.

 

Бүл түлкі деген аң таңсәріде тау етегінен жоғарырақ шығып, азығын табады, сосын жақпар тас­тардың қуысына кіріп алып дамылдайды екен. «Сол кезде де аңдып барып, жатқан жерінен тұра қашқан кезде атып алуға болады», – дейді досым.

 

«Бір жылы қатарынан 12 түлкі алдым, – дейді ол. – Жалпы, әр жылға бес-алты түлкіден деп есептесек, кемі 60-тан астам түлкіні атып, індетіп алған шығармын».

 

Аңшының екінші тәсілі – түлкінің ініне түтін салып, ыстап аулау. Оның айтуынша, кешке қарай, жер қатпай тұрғанда іннің аузын анықтап қарасаң, түлкінің шыққан немесе кірген ізі кәдімгідей көрініп тұрады екен. Егер түлкі інінде бол­са, онда мақталы күпәйкенің бір жеңін отқа тұтатып алады да, оны іннің аузына салып, сыртынан ауыр таспен бастырып, мықтап бекітіп қояды. Сол күннің ертеңіне іннің аузына келіп, түтінге тұншығып өлген түлкіні көруің бек мүмкін екен.

 

«Біздің тауларда шіл мен кекілік көп болады, –  деп жалғастырды ол әңгімесін. – Шіл деген құс топтанып жүріп жайылады. Құйрығын тік көтеріп алып, басын жерге тығып жіберердей көк шөпті теріп жейді. Осыны жақсы білетіндіктен олардың тұсына жақындап барып, топқа қарай бытыра оқпен бір тартып жіберемін де, көкке көтеріле бергенде екінші ұңғыдағы бытыра оқпен және бір атамын. Сонда шамамен бес-алтауына беймарал тиеді».

 

Ал кекілік деген құс өте сақ болады екен. Дегенмен олардың да бұйырғанын жекелеп атып алуға болатын көрінеді. Біз одан қасқыр атқан кезің болды ма деп сұрадық.

 

«Шынымды айтайын, қасқыр атып алған емеспін, – деді ол. – Өйткені бөрілер жартаста, тау-таста бекерге жүрмейді. Себебі Қазығұрт та­уында оларға азық болатын арқар, киік, таутеке жоқ. Жалпы, олар өте айлалы, ақылды және иісшіл аң. Ал енді қасқыр атқың келсе, оған мықты атпен және екі-үш адам болып бару керек, әйтпесе ол оңайшылықпен алдырмайды. Негізі мен сайдың сары түлкісі мен қырдың қызыл түлкісін аулайтын жай аңшымын».

 

Қасымбек бізге осындай әңгіме айтып берді. Біз оны қызыға тыңдадық. «Жалпы, 1990-жылдарға дейін Шымкентте аң терісін қабылдайтын және оны өңдейтін орыс ағайындар болатын, қазір олар да жоқ», – деген Қасымбек өткен күндерді сағынышпен еске алғандай болды.

 

...Жалпы, Қазақстанда қыркүйек пен қаңтар айлары аралығында аң аулауға рұқсат етілген. Мұның ішіне сүтқоректілердің 34 түрі мен құс­тардың 59 түрі кіреді. Ал аң аулау, құс салуды ата-бабамыз ежелден кәсіп еткені белгілі. «Бір аңшы бір ауылды бір қыс бойы асыраған» деген әңгімелер  бүгінгі күндері де ел ішінде әр жерде айтылып жатады. Сондықтан аңшы, бүркітші болу біздің қазаққа жат тірлік емес. Сондай жандардың ізі жойылмаса екен дейміз.

 

Ал Қасымбек досымыз бүгінде жан жары Маралмен бірге өздері өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген 1 ұл, 6 қыздан бөлек, 12 немере сүй­іп, ата-әже атанып отыр. Біз олар­ға шөбере-шөпшектің де қызығын көре беріңдер деген тілек білдіреміз.

 

Егізбай КӨПЖАСАРҰЛЫ,

Қазақстан Дизайнерлер одағының

мүшесі,Білімберу ісінің үздігі.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ