Ара өсіруші азаматтың айтқандары

09.08.2017
Қаралды: 1005

Бүгінде ел ішінде өзінің жеке кәсібін дөң­гелентіп отырған жандар аз емес. Осындай іс-әрекеті көпке үлгі азаматтардың бірі – 

Дәурен Керімбеков Сарыағаш ауданында тұрады, ара өсірумен айналысады. Кешегі аптада бізге онымен сұхбаттас болудың сәті түскен еді.

– Дәурен, екінің бірі тәуекел ете бермейтін өзгеше шаруаны қолға алған екен­сіз. Өзіңізбен әңгімелесіп, газе­тімізде ара өсірудің қыр-сыры жайында мақала жарияласақ деп едік.

– Қарсылығым жоқ. Негізі мен бұл істі биылғы сәуір айын­да ғана бастағанмын. Білгенімше айтып берейін.

– Жасыңыз қаншада, мамандығыңыз қандай? Ара өсірумен шұғылдану­ идеясы қайдан келді? Отбасыңызда бұрыннан ара өсіру­шілер бар ма еді?

– Мен Сарыағаш ауданында туып-өс­кенмін, осында тұрамын. 1979-жыл­ғы­мын. Жоғарғы оқу орнын Алматыда бітірген­мін, мамандығым – эко­номист-бухгалтер. Осы уақытқа дейін өз мамандығым бойынша жұ­мыс істеп келгенмін.

Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатқанын білесіздер. Мал ша­руашы­лы­ғын дамытудың 2017 – 2020-жылдарға арналған бағдарламасы аясында сүт өндіру мен оны терең­детіп өңдеу бойынша жеке кәсіп ашпақ болғанмын. Оған аз қаржы жұмсалмайды екен. Маған басқа жоба ұсынылды, яғни ара өсіру жағы.

Өйткені бұл сала бізде қатты да­мымаған ғой. Онымен осыған дейін 90 па­йыз өзге ұлт өкілдері айналысып келген. Олардың көбі кейін өз тарихи Отандарына кетті.

Оның үстіне аралардың бау-бақша өніміне де тікелей оңды әсері болады екен, оларды тозаңдандырады, сол арқылы өнім артады. Аралардың экология­лық қауіпсіздікке де қосатын үлесі зор.

Осылардың бәріне сараптама жасал­ған екен. Сондықтан бұл тың жоба маған­ ұна­ды. Тәуекел еттім. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-бизнес» деген жобасына қатысып, арнайы курстарда сабақ алдық. Жандос Әзімбай есімді сарыағаштық бизнес-тренер азамат бар, сол кісіден кәсі­бімізге қатысты көптеген жайларды үй­рендік. Сосын көп ұзамай-ақ іске кірісіп кеттік.

Осы орайда анамның қолдауы жө­нінде айта кетсем деймін. Әкем ілге­ріректе өмір­ден өткен. Мені бұл істе анам Гүлнәр Кереметова қолдап-қуаттап отырды.

Біздің жақта бұрыннан ара өсірумен айналысатын екі азамат бар. Білмеге­німді солардан сұрап аламын.

– Ара өсіру оңай шаруа емес болар?  Алғашында бі­раз қиналған шығарсыз?

– Әрине. Бұл шаруаның өзіндік қиындықтары аз емес. Талай рет араға таланған кездер болды. Ең бастысы, са­быр, шыдамдылық керек екен. Қызықтары да көп. Аралардың тіршілігіне қарап отырып небір таңқалатын нәрсе­лерді аң­ғаруға болады.

– Мысал келтіре кеті­ңізші...

– Мысалы, аралар өте еңбекқор. Оларда жатыпішер деген, «ауырдың үстімен, же­ңіл­дің астымен» жүретін қулар деген болмайды. Еңбек етпеген араны өздері өлтіріп тастайды.

«Маскүнемдерін» де ая­майды. Кейбір өсімдіктерде масайтатын, есіртетін қа­сиет­ болады ғой, сондай өсімдіктен нәр алып, «кайф» алып келген ара болса, шаруасы бітті, оның бірден көзін құртады.­

Олар бөтен жақтан келген араны да аямайды. Бірақ бір қызығы, үйсіз қал­ған араны егер ол «жүкпен» келсе, яғни бал әкелсе, қабылдайды.

Араның баласы еңбекке қуыршағын жарып шыққаннан бастап-ақ үйренеді. Үй­ре­теді. Тазалыққа қалай үйрететінін көрсеңіз, таңқаласыз.

Айтсам, сенер ме едіңіз? Бірде жә­шікті ашқанымда оның түбінен жоғары қарай бір «клеенка» ұшып келе жатқанын көрдім. Бұл не болды деп қа­расам,­ әлгінің үстінде тозаң сияқты ұсақ қоқыс бар, оны екі жағынан екі ара тістеп алыпты, сол күйі сыртқа алып кетті. Бұған қалай таңқалмассыз?

Бұларда сәуір – мамыр айларында шағылысу маусымы болады, аталықтары аналықтарын ұрықтандырғасын бір-екі айда түгелімен жоқ болады, өліп тынады. Сосын әр үйірде өз аналығы мен «бала-шағалары» бірге тіршілік ете­ді. Аналығы өлгендей жағдайда олар­ға қиыншылық туады. Малдағы сияқты басқа аналықты қабылдауы қиын. Бас­қа аналық салсаң, бойынан қандай да бір кемшілік сезіл­се, оны өлтіріп тастайды. Негізінен аналықтарды өздері өмірге келтіреді, сосын олардың әрқайсысы өз үйірлерін құрады. Мұндай ерек­шелігін білмей, алғашында біраз үйір­ден айырылып қалған да жайым бар. Сондықтан мұндай ерекшеліктерін де біліп, тиісті шараларға дайын отыру керек.

– Омартаңызда қанша ара ұстайсыз? Оларды қа­лай күтіп-баптайсыз? Ша­руаның бәрін жеке өзіңіз атқарасыз ба?

– Менде қазір 80 жәшік ара бар. Әрқайсысы бір үйір саналады. Оларға өте мұқият қарау керек. Жайылатын жерін таңдау, жағдайын жасау, ауру-сырқаудан қорғау дегендей жұмыстары жетіп-артылады.

Жұмысты отбасы мүшелері болып атқарамыз. Отбасында 4 бала өсіріп отырмыз. Келіншегім Майра, балалар көмек­теседі. Енді осыны отбасылық кәсіпке айналдырсам, істі балаларым жал­ғас­тырса деген ойым бар.

– Бал араларының бәрі де бірдей бола ма, әлде олар да түрге бөліне ме? Олар қанша уақыт өмір сүреді?

– Менің естіп-білгенім, біз жақта бал араларының еуропалық және «узбечка» деп аталатын түрлері бар. Кейінгісі ұсақтау болады, сондықтан ірілеу, өнімді де көбірек бе­ретін еуропалық түріне сұраныс жақсырақ деседі. Климаттық ерек­шелігі бойынша біздің жақ араның өсіп-өнуіне қолайлы саналады. Сондықтан өзгелер, әсіресе Ресейдің суық ау­мақ­тарының омарташылары ара тұқымын біз жақтан алады екен. Олар­ға ара тұқымын қыстан аман алып шығу үшін 50 кило бал керек болады, ал тұқымды бізден алатын болса, ол әлдеқайда арзанға түсетін көрі­неді. Сарыағаш ауданының аралары донорлық, яғни ұрық беретін аралар деп есеп­те­леді. Ал, жалпы, бал аралары 1 – 1,5 ай өмір сүреді.

– Апырай-ә?.. Омартаңыздағы аралар таусылып қалмай ма? Оларды қалай көбейтуге болады?

– Араны көбейтудің де өзін­дік тәсіл­дері бар. Көктем­дегі шағылысу нау­қаны аяқ­талғасын, мысалы, 10 – 15 аналықтан осыншалықты үйір құруға болады.

– Араларыңыз кешегі шілдедегі аптап ыстықтарда қиналған жоқ па? Жалпы, олар өнімді қай уақытқа дейін береді? Енді бірте-бірте қыстың қамын да жасауларыңыз керек шығар?

– Бұл жәндіктердің тіршілігіне қарап отырып таңқаласыз. Біздің жақтың ауа райы ыстық болып келеді ғой. Өткенде аптап ыстық күндер көп болды. Сонда араларым өліп қала ма деп уайым­дағанмын. Сөйтсем, табиғат бұларды аптаптан қорғануға бейім етіп те жаратқан екен. Мысалы, өткенде 50 градусқа дейінгі ыстықтарда олар омарта ішіндегі ауа температурасын 35 градустан көтермей ұстап тұрды. Өздерінің бір әдістері бойынша қанаттарын жиі қағып желдетеді екен.

Біз жақта бұлар сәуір мен қыркүйек айларының арасында белсенді тіршілік етеді. Сосын омартаны қысқа дайындау керек. Оның да өзіндік тәртіптері бар.

– Расында да ара тіршілігі деген бір қызық құбылыс екен. Ендігісін алдағы уақыттарда сұрай берерміз. Ал алға қандай мақсат қойып отырсыздар?

– Осы шаруаны өркендетсек дейміз. Облысымызда емдік-сауықтыру орындары бар, балмен емдейтіндер бар, туризм саласы, әуежай, теміржол бекеті, тағы басқа нысандар бар, солар­ арқылы кәсіпті көркейтсек дейміз. Өйткені бұл да біздің облысымыздың дамуына қажетті маңызды салалардың бірі. Өкінішке орай, бұл салада әзірге негізінен алыпсатарлар көбірек жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жұрттың көбі таза балдың қандай болатынын білмейді. Өндірушілер балды­ алыпсатарларға өткізумен шектеледі. Бұл саланы дамытуға қажетті орталықтар құру, өнімді стандарттау қажет деп ойлаймын. Әрине, мемлекеттен жәрдем бағытталып отырғаны жақсы.

Өз басым бұл салаға қатты қызығып отырмын. Қызығып жүргендер көп. Ара өсіру шаруашылықтары көбейсе екен деймін. Көбейсе, бәсекелестік туындайды, ал бәсекелестіктің кімді де болса алға сүйрейтіні белгілі.

– Сізден таза бал алуға болады ғой? Бағасы қандай?

– Алуға болады. Қазір балдың 1 литрін 1000 теңгеден сатудамыз.

– Әңгімеңізден оқырман көп нәрсені білетін болды. Сізге рахмет, ісіңіз алға баса берсін!

Дәурен Керімбековтің байланыс телефоны:  8-702-446-00-79.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ