Ақпарат

Президенттікке 59 адам үміткер

Қаралды: 634

Қырғызстанда алдағы күзде кезекті Президент сайлауы өтетіні белгілі. Ол 15-қазанға белгіленген. Биылғы науқанда ел Президент­тігінен үміткерлер қатары 59 адамды құрады. (2011-жылғы сайлауда ол 87 болған еді).

Орталық сайлау комиссиясының деректе­ріне қарағанда, осынша адамның 11-ін ғана елдегі саяси партиялар ұсынған. Қалған 48-і – өзін-өзі ұсынушылар. Үміткерлер қатарындағы 8 адам – мемлекеттік қызметшілер, 9-ы – уақытша жұмыссыздар, 6-уы – зейнеткерлер,  7-уі – әйелдер.

Тіркеу аяқтала салысымен үміткерлер мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін сынайтын тесттен өтеді, сосын оларға өзінің сайлау қорын жасақтауға 5 күнге мерзім беріледі. Әрқайсысы өзін қолдаушы 30 мың адамның қолын жинауы тиіс. Сондай-ақ қыркүйек айына дейін әрқайсысы 15 мың доллардан сайлау кепілдемесін өткізуі шарт. Осы шарттарды орындау кезінде олардың қатары біршама азаяры анық.

Қазірдің өзінде бұл азаматтардың 11-інің додадан шығып қалуға «мүмкін­діктері» бар. Яғни олар – кезінде заң алдында жауапқа тартылған адамдар. Олардың 7-уі бұрын сотталған болса, 2-уі екі мәртеден сотты болған екен.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қырғызстандағы кезекті Президент сайлауы кезінде негізгі күрес ықпалды деп танылған бес-алты адамның арасында өтуі мүмкін. Олардың ішінде кезінде Қырғызстанның Премьер-министрі болған Темір Сариев пен Өмірбек Бабановтың және қазіргі Премьер-министр Сауранбай Жәнібековтің мүмкіндіктері жоғары деп айтылуда.

...Қырғызстанда Президенттің өкілеттік мерзімі – 6 жыл. Қазіргі Президент Алмазбек Атамбаевтың құзіреті алдағы желтоқсан айын­да аяқталады. Заң бойынша, бұл елде Прези­денттің екінші мерзімге сайлауға түсуге құқы жоқ.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру