Ақпарат

«Қытайлар болмаса таңымыз атпай қала ма?» – дейді Түркістанның тұрғыны

Қаралды: 1048

Кешегі аптада редакциямызға Түркістан қаласынан бір оқырманымыз телефон шалды. Өзін Әбдімүтәліп деп таныстырған ол азамат бізге былай деді:

«Біздің жақта қытайлар зауыт салып жатыр. Онда келешекте түйе сүті өңделіп, одан көптеген өнімдер алынатын екен. Естуімізше, қытайлар оған 7 миллиард 876 миллион теңге инвестиция салған көрінеді. Зауыт көп ұзамай-ақ іске қосылады деседі. Осыған орай кейбір түйесі барлар қуанып та жүр. Яғни олар зауытқа шұбат өткізе алатын болады. Бұдан бөлек, басшылар зауыт қыруар адамды жұмыспен қамтитын болды деп те гулетіп жатыр.

Жалпы, бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Зауыт салынып, шаруаларға сүт өткізетін жер, жұмыссыздарға жұмыс табылып қарық та болармыз. Бірақ мені басқа мәселе мазалайды.

Ілгеріде, шамасы ХІХ ғасырда болса керек, еліміз аумағында болған бір оқиға туралы естігенім бар еді. Онда елімізді орыстар отарлап алып жатқан кездегі бір байдың әрекеті туралы айтылатын.­

Ол кезде көшпелі қазақ тек мал шаруашылығымен айналысқан ғой. Жер жетеді, бірақ бәрі де байлардың меншігінде. Содан орыстың бір көпесі бір қазақ байдан 15 жылға деп жалға жер алыпты. Ол 14 жыл бойы жердің жал ақысын төлеп тұрған, ал 15-ші жылы байекең барса, ақы төлемеймін деп бір-ақ кесіпті. Кейін мәселе жергілікті биліктің қарауына өтеді, сонда екі жақты шақырып, дауын тыңдаса, орыс былай депті:

«Мен 15 жыл бойы мына жерге қарадым, көркейттім, онда жұмыс орындары, елді мекен пайда болды. Жердің жал ақысын да уақтылы төлеп тұрдым. Енді мен ақы төлемеймін. Алғысы келсе, осының бәрін сатып алсын, әйтпесе жерді жалға пайдалану мерзімін тағы да 15 жылға созсын».

Содан қазаққа: «Тамырың» былай деп тұр ғой, мұнікі дұрыс. Енді сен қайтесің? Жерді онда салынған ғимарат-шаруашылықтармен қосып сатып аласың ба, әлде жерді жалдау мерзімін тағы да создыртасың ба?» – десе осынша шаруашылықты өзім жүргізе алмаймын деп уайымдаған байекең көп ойланбастан: «Жерді тағы да 15 жылға жалға берейін», – депті.

Сонда әлгі жер иесінің жал ақысына алғаны да арзымайтын ақша болса керек. Ол соны олжа көріпті.

Қазір менің есіме осы әңгіме түсіп отыр. Біреулер инвестиция салып жатыр, жұмыс орнын ашады деп ақырында оларды басымызға шығарып алмас па екенбіз деп уайымдаймын.

Қарап отырсақ, біздің қолымыздан түк те келмейтін сияқты. Зауыт салу немесе бұрыннан жұмыс істеп тұрған зауытты жаңартып-жаңғырту ойымызға келе ме екен, осы? Кеңестік кезеңде бүкіл КСРО-ға аты шыққан зауыттарымыздың барлығын дерлік күйретіп, талан-таражға салдық. Әупірімдеп жұмыс істеп тұрғандарын заман талабына сай жаңартайық десек, ол қолымыздан келмейді. Мысалы, Шымкент мұнай өңдеу зауыты солай болған жоқ па? Оны қытайлар жаңартып­ берді, енді заманауи бензин маркаларын шығаратын болдық деп қуанып жүрміз. Соны жасап берген қытайлықтарға тіпті ризамыз. Өзіміздің қолымыздан келмегеніне намыстанбаймыз да.

Бір жерде зауыт салу немесе ескісін жаңартып-жаңғырту керек болса, қытайлар келіп сап ете қалады. Неге бұлай?

Мысалы, осы түйе сүтінен түрлі дәрілік өнімдер алуға болатынын біздің ғалымдар еліміз тәуелсіздік алғалы бері айтып жүрген жоқ па еді? Солар қайда қазір? Естуімізше, зерттеу нәтижелерін, жобаларын жоғарыдағыларға айтып-айтып шаршаған сияқты. Өйткені олардың жобасын іске асыру үшін ақша керек, ал үкіметіміз ондай ақшаны бөлмейді. Есесіне басқа түрлі бағдарламаларға қыруар ақша бөледі, алайда олардан ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже шығып жатқаны да шамалы.

Қысқасы, өз қолымыздағыны ұқсата алмай, осылай ыбылжып жүргенімізде қытайлар келді де, жұмысын бастап кетті. Сүтіміз өтеді, жұмыс орны ашылады деп жар салып жүрміз, ары қарай не болатынын ойланбаймыз. Біз неге осындаймыз? Басшылар неге ел болашағын ойламайды? Неге біз өз жерімізде өзіміз зауыт аша алмаймыз, неге оның игілігін өзіміз көре алмаймыз? Қытайлар болмаса таңымыз атпай қала ма осы?»

...Редакциямызға телефон шалған оқырман осылай дейді.  Ұлтжанды азамат өз игіліктерімізді өзіміз меңгергенімізді қалайтынын айтады. «Қазақтың шын мәнінде елге пайдасын тигізетін өз байлары болуы, зауыт-фабрика ұстап, оның жұмысын өзі жүргізетін азаматтары болуы керек қой. Ал бізде олар неге жоқ? Мұның сыры неде? Сырттан біреулер келіп за­уыт ашқанына мәз болып, соларға жалданып күн көргенімізге малданып жүре беруіміз керек пе? Жұрт осыны неге тереңірек ойламайды?» – дейді ол.

Бұл кісінің айтып отырғандары өтірік емес. Ойланатын сұрақтар қойып, орынды мәселе көтеріп отыр. Бірақ осындай жандардың жанайқайы тиісті адамдарды селт еткізбейтіні өкінішті.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру