Ақпарат

Түркіменстанда туылып, Ресейде ел басқарған қазақ Аман Төлеев аман-есен бе?

Қаралды: 1671

Ресей еліндегі Кемер облысының губернаторы Аман Төлеев қызметінен кетеді екен деген сөз шықты. Кейінгі кездері ақпарат құралдарында бұл жөнінде жиі жазыла бастады. 

Аман (шын аты – Амангелді) Төлеев қызметінен денсаулық жағдайына байланысты босайды деседі.

...Аман Төлеевтің жасы биылғы 13-мамырда 73-ке толды. 2011-жылы ол кісінің омыртқасына операция жасалғаны белгілі. Өткен жылы жоспарлы ота жасалуы керек еді, бірақ ол кейінге қалдырылған болатын.

Биылғы наурыз айында Аман Молдағазыұлының денсаулығы қайта сыр берді. Кемерде ол кісінің жүрегіне ота жасалды. Ал мамыр айында Германияда омыртқасына екінші мәрте операция жасалды. Кейін ол кісі Кемер облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Ал өткен 1-шілдеде Аман Төлеевті арнайы ұшақпен Мәскеуге, Президенттің басқармасының орталық ауруханасына апарып жатқызды.

Міне, бүгінде Кемер облысы губернаторының орнынан дәмелілер осы жағдайдың бәрін өз мақсаттарына пайдаланып, Аман Төлеевтің денсаулығы туралы сөзді көбейтіп отыр. Ақпарат құралдары да біресе «жағдайы ауыр» деп, біресе «Президенттен қызметінен босатуды өтініпті» деп, тіпті «хал үстінде екен» деп те гулетіп жатыр.

Өйткені Аман Төлеевті қарапайым халық қатты құрметтегенімен биліктен дәмелі топтар ол кісіні жақтыра бер­мейді. Себебі ақыл-парасатымен ғана емес, қиын-қыстау кездердегі ерлігі, батылдығымен белгілі болған облыс басшы­сы бұл облыста бетімен кеткен талайларды тәртіпке салған еді. Сондықтан оған бірнеше мәрте қастандық жасалды, көлік апатына ұрындыруды көздеді, тіпті атып та кетпек болды. Бірақ олардың әре­кеттерінен ештеңе шықпады.

Таяуда Кемер облысының басшылығы Аман Төлеевтің жағдайы тым ауыр емес екенін, оның қызметінен босату жөнінде өтініш бермегенін ресми түрде бірнеше мәрте мәлімдеді.

...Жалпы, Аман Төлеевтің қандай жан екенін исі қазақ баласы біледі. Кезінде біз ол кісі туралы жазғанбыз. Осы орайда Аман Төлеевтің өмірі мен қызметі туралы тағы да айта кеткен артықтық етпес деген ойдамыз.

Аман Төлеев 1944-жылы Түркі­мен­стандағы Түркіменбашы (бұ­рын­ғы Красноводск) қаласында өмірге келген. Анасы Мунира татар қызы болған, соғыс аяқталған соң Башқұртстандағы туыстарының төңірегіне, кейін Сібірдің Кузбасс өңіріне қоныс аударған. Сол жақта екінші мәрте тұрмыс құрыпты. А.Төлеев­ өгей әкесінің тәрбиесінде өскен.

Анасы Мунира Аманға ата-бабасы қазақтар екенін, руы Кіші жүздің ішіндегі Адай екенін құлағына құйып өсіріпті.

Жалпы, Төлеевтер отбасының біздің Оңтүстік өңіріне де қатысы бар. Аман Төлеевтің әкесі Молдағазы өмірінің соңына қарай Шардарада тұрған деген дерек бар. Қайтыс болғасын сондағы «Мүлік ата» зиратында жерленген. Аман Төлеев Оңтүстік Қазақстанға келген сапарында Шардарада бірнеше мәрте болған. Оның кіші ұлы Андрей кейін атасы Молдағазының бейітін қоршап, оған құлпытас қойғызған.

Шардарадағы «Өскен өңір» газетінің редакторы болған журналист, марқұм Жұмабек Мұқановтың Аман Төлеев ту­ралы­ «Губернатор Аман Төлеев» деген­ кітап жазғанын да жұртшылық біледі. Ол жазбалар кітап болып шыққан­ға дейін «Замана» газетінің бірнеше нөмірінде жалғасымен жарық көрген болатын.

...Аман Төлеев бала кезінен алғыр болып өскен. Ол алғашында теміржол техникумын, кейін теміржол институтын, Әлеуметтік ғылымдар академия­сын бітір­ген. Еңбек жолын теміржол саласында бастаған, Кемер облыстық темір жолының бастығы дәре­жесіне дейін өскен. Кейін облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. КСРО тараған жылы Ресей Федерациясының ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі министрі қызметіне тағайындалды.

Ол кісі 1997-жылғы Ресейдегі аймақ басшыларын сайлау кезінде Кемер облысының губернаторы қызметіне сайланды. Бұл Кузбасс өңірінің экономикасы тұралап, халықтың жағдайы мүшкілге ай­налған, қылмыс атаулы күшейіп тұрған кез еді. Осы кезде халық оған сенім біл­дірді. Аман Молдағазыұлы сол сенімді абыроймен ақтады. Көп ұзамай Кемер облысы Ресей аймақтарының ішінде ең алдыңғы қатарлы өлкеге айналды. Онда қылмыс азайды, көптеген ұйымдасқан қылмыстық топтар ауыздықталды. Осының бәріне өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары, білікті басшының арқасында қол жеткізілді.

Аман Төлеев – жаңа Ресей тарихындағы билікте ең ұзақ отырған губернатор. Ол кісі 2001-жылы өткен ай­мақ басшыларын сайлауда екінші мәрте жеңіске жеткен болатын. Халықтың көбі Аман Молдағазыұлын қолдап шыққан. 2005-жы­лы Ресей Президенті В.Путин­нің өзі оның лауазымдық құзіретін тағы да 5 жылға созды. Ал 2010-жылы сол кездегі Президент Д.Медведев Аман Төлеевтің губернаторлық мерзімін 2015-жылға дейін ұзартты.

2015-жылы лауазымдық мерзімі біт­кен кезде Аман Төлеевті В.Путин губернатор қызметін уақытша атқарушы етіп тағайындады. Бұл жолы Аман Молдағазыұлы тағы да сайлауға түскен еді, оны сайлаушылардың 96,7 пайызы қолдап шықты. Қысқасы, биылғы 1-шілдеде ол кісінің Кемер облысын басқарып отыр­ғанына 20 жыл толды.

Аман Төлеевтің сондай-ақ 1991, 1996, 2000-жылдардағы сайлауларда Ресей президенттігінен үміткерлердің бірі бол­ғаны да белгілі.

...Аман Төлеевтің жары – орыс қызы, есімі – Эльвира. Екеуі Дмитрий (1968 ж.т.) және Андрей (1972 ж.) есімді ұлдарды өсірген. Өкініштісі, Андрей бү­гінде өмірде жоқ, ол 1998-жылы Ташкентте жол-көлік апатынан қаза болған.

Төлеевтер отбасының бүгінде Станислав, Андрей, Тимур және Татьяна есімді немерелері бар.

...Бүкіл саналы ғұмырын мемлекетке қызмет етуге арнап келе жатқан Аман Төлеевтің іс-әрекеттері талай қазаққа үлгі, өнеге. Аман ағамыз аман болсын, тезірек сауығып кетсін деп тілейік.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру