Оңай олжаға кенелмек болғандар зар илеп қалыпты

07.11.2019
Қаралды: 100

Түркістан облысының Төлеби ауданында тұратын танысымыздан жуырда мынадай әңгіме естідік: Аудан орталығынан біреулер жұртқа өткізген ақшасын еселеп арттырып беретін бір мекеме ашыпты. 

 

Бүгінде соған қаржы салғандардың көбі пайда көрмек түгілі, өздерінің өткізген ақшасын қайтара алмай, зар илеп жүр екен.

 

«Ол қаржылық ұйымның ашылғанына бір жылдан асқан. Өз қалтаңнан ең азы 100 мың теңге салсаң, келесі айда үстінен 50 мың теңге пайда түседі. Ақшаны 150 мың етіп алуыңа да, 100-ді қалдырып, үстіндегі 50 мыңды алып отыруыңа да болады. Ақша сомасын көбірек етіп салған сайын үстінен көретін пайдаң да еселене түседі.

 

Естуімізше, ақшаны 100 мың теңгеден салғандардың кейбірінің жолы болған сияқты. Яғни алғашқы кезеңде осылай еткендер біраз пайда тапқан. Сосын олар бұл жөнінде туыстарына, достарына, таныстарына айта бастайды. Әлгі ұйымға ақша салушылар қатары күн санап арта түседі. Біреулер салымшылар қатарын арттыруға белсене кірісіп, ол жерге талай адамды ертіп барыпты. Өйткені апарған адамының өткізген ақшасынан оларға аздаған сыйлық беріліп отырған.

 

Содан бір­те-бірте салымшылар қа­тарында ақшаны миллиондап өткі­зетін­дер пайда бол­ған. Бі­реулер банктен несие алып, енді біреулер туыс-досынан қарыз алып та ақша салған. Бір жесір әйел өзінің үйін сатып жіберіп, бала-шағасымен жалдамалы пәтерге шығыпты. Шағын үйін сатудан түскен жиырма миллион теңгедей қаржысын әлгі жерге өткізіпті. Оны сөйтіп еселеп өсіріп алмақ болған екен. Ал бір әйел үйіндегі сақтаулы тұрған қомақты ақшаны күйеуінен жасырып өткізген, өзінше оған көп қаржы тауып «сюр­приз» жасамақ болған. Біреу өзінің шағын дүкенін сатып, ақшасын әлгі «өсіріп» беретін ұйымға салып жіберіпті. Ал ол болса, бүгінде жұрттың салған ақшасын көбейтпек түгілі, сол салынған ақшаның өзін қайтарып бере алмай жатыр екен. Осыған байланысты ұрысып-дауласып, өзара төбелесіп, жылап-сықтап, уайымға батып жүргендер көп», – дейді ол.

 

Міне, танысымыздан біз осындай оқиға жөнінде естідік. Сосын өзгелер де біле жүрсін деген ниетпен бұл жөнінде жазып отырмыз. Қандай да бір тәсілмен қызықтырып, «батпан құйрық» уәде етушілерден абай болыңыз демекпіз.

 

Әлгі ұйымға ақша өткізгендер ол үшін ешқандай құжат рәсімдемеген, тіпті қолхат та алмапты. Яғни жапа шегушілердің жауапкер тарапқа талап қоюына ешқандай да заңды негіз жоқ. Ештеңе де ресми рәсімделмеген. Олар үшін енді ұйымның «адамгершілік» жасап,  өткізілген ақшасын «өсірмей-ақ», түгел қайтарып бергенінің өзі үлкен олжа. Бірақ бүгінде ондай олжаның қолға тиюі де аса күмәнді болып тұр екен.

 

Қысқасы, жұрттың сонау кеңестік кезеңнен бері келе жатқан «шарик-мариктен», бертініректе пайда болған «лохотроннан» алдануы әлі де тоқтамай тұр. Өзгені сазға отырғызудың сан түрін меңгерген қулар көздегеніне жетіп алған соң жайына кетеді, ал алданған адамның сан соғып, өзін-өзі кінәлаудан өзге амалы қалмайды.

 

Мұндайда құқық қорғау орындары қайда қарап отыр деп те айта алмайсың. Ал аңқау халықты ашықтан-ашық тонап жүрген кейбіреулердің мұндай іске еш қорықпай баратынына қарап оларды да біреулер қолдап-қорғап, түскен пайдадан бөлісіп отыр ма екен деген ой келеді. Адамды аяу, Құдайдан қорқу дегенді ұмытқан заман болды ғой...

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ