Жалақы беру жөнінен Монғолия бізден мықты екен

09.10.2019
Қаралды: 68

Таяуда Парламент Мәжілісінде «Мұғалім мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралып, онда мұғалімдердің еңбек жүктемесімен қатар педагогтық шеберлігі, тәлімгер болғаны және магистрлік дәрежесі үшін ұстаздарға төленетін қосымша ақылар туралы сөз етілген еді. Мұның бәрі болашақта ұстаздардың жалақысының жоғарылауына әкеле жатқан қадамдардың алғышарты болса керек.

 

Десе де біздің елдегі білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысы Мон­ғолия педагогтарынікінен әлдеқайда төмен екен. Ондағы мемле­кеттік мектептегі ұстаздар айына 1000 доллар көлемінде жалақы алса, жекеменшік оқу орындарында қызмет ететін мұғалімдер 1500 доллар айлық алатын көрінеді.

 

Осы тұста Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлының ұстаздар жалақысына қатысты пікірін сұраған едік.

 

«Мен мектепте мұғаліммін. Жоғары санатым, 17 жыл педагогикалық өтілім бар. Бүгінгі күні 25 сағатпен қолыма тиетіні 162 мың 700 теңге. Жанымдағы университетті биыл бітірген жас маманның педагогикалық өтілі де, санаты да жоқ. Ол 20 сағатпен 84 мың теңге алады.

 

Жалпы, мұғалім өнімді жұмыс істеу үшін сыныпта 20 бала болса, ең оптималды сағат саны – 16-18 сағат. Мұны дәрігер, психолог мамандар адам мүмкіндігін зерттей отырып белгілеген. Бірақ біздегі жалақының мардымсыздығы мұғалімдерді артық сағат алуға мәжбүрлейді. 30-36 сағатпен жұмыс істейтін мұғалімдер баланы оқытады деп айта алмаймын. Олар бар болғаны баланы бағып отырады. Ал 40-45 оқушысы бар сыныпқа сабақ беріп көрген емеспін. Оны көзге елестетудің өзі ауыр.

 

Биылғы жылдың 26-маусымында Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовпен кездестім. Екеуміз бес сағатқа жуық әңгімелестік. Сол кезде мен «Мұғалімнің орташа жалақысы министрдің жалақысының кемі 70 пайызын құрауы керек» деген талап қойдым. Сонда министрдің жалақысы өссе автоматты түрде мұғалімнің жалақысы да өсетін болады. Егер жалақы жоғары болса, педагогикалық факультеттерге бүгінгідей мек­тепті әзер бітірген аутсайдерлер немесе оқу ақысы арзан деп таңдаған жарлылардың балалары емес, мықты түлектер түсер еді. Ер мұғалім­дердің де саны артар еді», – дейді ол.

 

Осы тұста біздің Монғолия мемле­кетінен де артта қалып қойғанымыз ба деген ой туады. Ол жақта тек мұғалімдердің ғана емес, техника саласы мамандарының да қызметі жоғары бағаланады екен. Ресейлік «Только факты» каналы бұл қызметкерлерге 119-238 мың рубль (712 мың – 1 миллион 424 мың теңге) аралығында төленетінін айтады. Ал тау-кен және құрылыс компанияларындағы ағылшын тілін білетін қызметкерлер 5-10 мың доллар аралығында жалақы алатын көрінеді. Сонымен қатар, жоғары санатты инженерлер 2500 доллардан, сату бөлімінің менеджерлері мен агенттері 850 доллардан жоғары, ал өндіріс орындарындағы қызметкерлер 2000-6000 доллар аралығында жалақы алады екен. Аудармашылар болса, 2500 доллар көлемінде, дәрігерлер 1500 доллардан жоғары жалақы және қосымша үстеме ақы алады деседі. 

 

Бір қызығы, ресейліктердің кейбірі жоғары табысты көздеп, Монғолия еліне жұмыс істеуге кетіп жатқан көрінеді. Себебі Монғолияның астанасы Ұланбатырда шетелдік мұға­лімдерге еңбегі үшін 47 мыңнан 95 мың рубльге дейін (281.000-570.000 теңге) жалақы төленеді екен. 

 

Осы орайда біздің Монғолиядан қай жеріміз кем деген ой туады...

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ