1979 жылғы түлектер 40 жылдан соң мектеп формасын қайта киді

11.09.2019
Қаралды: 302

Таяуда Шымкенттің «Асар» шағын ауданындағы №89 мектепте ерекше кездесу кеші өткізілді. Онда мектепті сонау 1978-1979 оқу жылында бітірген түлектер бас қосты.

 

Кездесуге жиналғандар – 1979 жылы Өзбекстанның Гагарин қаласындағы №6 мектепті бітіргендер. Олар Шымкенттің «Асар» шағын ауданындағы мектепте кездесуге рұқсат алған. Себебі көбісі Қазақстанда тұрады, ішінде «Асар» шағын ауданында тұратындары да бар.

 

Барлығының басын қосып шекарадан алып өту қиын, себебі «за­гранпаспорт» тек осы іс-шараны ұйымдастырушы Манат Тұрсыновада (суретте ортада) ғана бар екен. Сондықтан кездесуді Шымкентте өткізу жөнінде ұйғарылған. Бізге осы кездесуді ұйымдастырушы М. Тұрсыновамен сұхбаттас болудың сәті түсті.

 

«1 ай 20 күн бойы шапқылап жүріп атқарған істерім оңды нәтиже беріп, қуанып жүрген жайым бар, – дейді Манат Дүйсенқызы. – Негізі мұның алдындағы 5 жылдық, 10 жылдық, 20 жылдық кездесулерді ұйымдастыруға да атсалысқанмын. Ол кезде жанымда кластас үш жігіт бар еді. Биыл олар бірі Павлодарда, бірі шетелде болып, жұмыстан босай алмады. АҚШ-та жүрген кластасымыз Сұлтан Пановтың себебінен де кездесуді тамыз айында өткіздік. Алғашында мамыр айының соңында немесе маусымның басында өткізбек болғанбыз. Досымыз кейінге қалдыра тұрыңдар дегесін тамыз айын­да өткіздік. Өкініштісі, Сұлтан бәрібір де келе алмады. Кездесу кешін телефон арқылы көріп, бәрімізді жекелей құттықтап, көңілі босап қалды. Ал кездесуіміз өте керемет өтті.

 

Біз бір класты 33 бала бітіргенбіз. Соның 12-сі бақилық болыпты. Қалғандарын түгелдеп, кездесудің жоспарын жасап, ақылдастық. Кластас құрбы-құрдастарымның 95 пайызын жинадым. Келе алмаймын деген­дерінің үйіне немерелерімді апарып, бармасаң, бір апта осында жатып аламын деп жүріп көндірдім.

 

Сосын ойыма келген бір жобаны іске асырып, бәрімізге арнап мектеп формасын тіктірдім. Үлкен ұлым бизнеспен айналысатын еді, сол біраз ақша берді, басқа да демеушілер табылды. Павлодарда жұмыс істейтін кластасым Болыс Оразбаев, әйелі Сара Әбілдаева, кластас құрбым Гүлжан Жиғалиева, Айжан Әбдуайтовалар көп көмектесті. Кластастарымды іздеп табуда қазір Жетісайда тұратын құрбым Ұлдықыз Есханованың жәрдемі мол болды.

 

Бұл кездесуде ұлдар ақ көйлекке қызыл галстук тағып, ал қыздар форма-фартукпен, ақ бантик, қызыл галстук тағып жүрдік. Балауса, балғын шақтарымызды еске алып, толқумен болдық.

 

Осының алдында Гагариндегі өзіміз оқыған мектепке барып, біраз сыйлықтар жасап қайтқанмын. Шымкенттің «Қайтпас-1» шағын ауданында кезінде бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген апа­йымыз Кенже Тағыбаева тұрады. Бас­тауыш сыныпта дәріс берген Мә­риям Оразбаева, неміс тілінен сабақ берген апайымыз Гүлжан Қазақба­е­ва апайларымызды да тауып ал­дық. Кездесу кезінде әйгілі «Ұстазым» әнін бәріміз хормен айтқанымызда жігіт­тер апайларымызды вальске шақырды.

 

Шымкенттегі музыка  мектебінен ұстаздар шақырғанбыз. Аккордеонмен, домбыра, гитарамен сүйемелдеп ән айтқанда өте  әсерлі болды. Өзімнің сағыныштан әсерге бөленіп, жылап жібергенімді де білмей қал­ған сәттерім болды.

 

Сынып бөлмелерінде қазақ тілі­нен, неміс тілінен сабақтар өткізілді. Есімізде қалған өлеңдерді тақпақтап айттық. Ұлдар бантигімізден тартып, апайларымызға бір-біріміздің үсті­мізден шағым айтып, балғын шақтағы қылықтарымызды еске түсіріп, біраз күлісіп те алдық».

 

Манат Тұрсынова өздері ұйымдас­тырған қырық жылдық кездесу жөнінде осылай дейді. Бұл кісілер оқыған Гагарин мектебіне бір кездері шымкенттік Орынбай Тағыбаев деген азамат (жоғарыда аты аталған Кенже Тағыбаеваның жары) жолдамамен барған екен, сонда тұрақтап қалып қойыпты. Осыдан бірер жыл бұрын өмірден озған ол кісінің кезінде керемет педагог болғанын айтады Манат.

 

«Ағайымыз мектептің директоры әрі спорт жаттықтырушысы болған. Біздің мектептің білім, өнер, спорттан талай атағы шығып еді. Әсіресе волейбол командасы бүкіл Одаққа белгілі болатын.

 

Біз кешегі кездесуде волейболдан ағайымызды еске алу турнирін өткіздік. Оған өзімізден екі команда қатысты, қалған оншақты команданы осы қаладан шақырдық. Жүлделі орын­ға ие болғандарды ақшалай сыйлықтармен марапаттадық.

 

Өмірден өткен кластастарымыз бен ұстаздарымыздың рухына бағыштап ас бердік. Оған 250-дей адам қатысты. Асқа қажетті еттің шығынын осындағы азаматтар көтеріп, демеушлік жасады. Жиынға көптеген ақсақалдарды шақырып, батасын алдық.

 

Осы орайда бұл іс-шараларды өткізуде көп көмегі тиген мектеп директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Нұржамал Қожбановаға ерекше алғысымды білдіргім келеді», – дейді Манат Дүйсенқызы.

 

Бұл ерекше кездесуде қызықты жайлар аз болмапты. Тіктірген киімі сыймай қалған, 40 жыл бойы көрмеген кластасын танымай қалғандар бар.

 

..Ал Манат Тұрсынова бүгінде Шымкенттегі №59 мектепте мұғалім екен. Жолдасы Қасымбай Атабаев қаладағы №89 мектептің директоры. Мырзашөлде тұрған кездерінде Манат мектеп директорының орынбасары қызметіне дейін, Қасым аудандық білім бөлімінің меңгерушісі ла­уазымына дейін көтерілген екен. Бұл отбасында екі ұл, бір қыз өсіпті. Манат пен Қасымбайдың қазір 8 немереге ата-әже болып жүрген жайы бар екен.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ