Жаңаөзенде жұрт тынышталмай тұр

09.09.2019
Қаралды: 79

Кешегі аптада Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше күн қатарынан наразылық акциялары болып өтті. Оған қаланың мыңдаған тұрғындары қатысты.

 

Бұл наразылықтар кезінде жұртшылық елімізде Қытай зауыттарының салынбауын талап етті. Өйткені «Қазақстанға Қытайдан 50-ден аса зауыт әкеліп салынады екен» деген сөздің шыққанына екі-үш жыл болғаны белгілі. Жұрт осыған наразы. Олар Президент Тоқаевтың Қытайға 12-қыркүйекке жоспарланған ресми сапарға бармауын да талап етті. Олар мемлекет басшысы Қытайға барар болса, Қазақстанға тиімсіз келісім-шарттарға қол қояды деп қауіптенетіндерін білдірді.

 

Маңғыстаудың адамдары Қытай зауыттары салынар болса, елімізге қытай қаптайды, жерден айырыламыз, балалардың болашағы қиын болады деп уайымдайды. Сондықтан Қытаймен арада дипломатиялық қатынастардан басқа қатынас болмауы керек, экономикалық мәселелерге қатысты бұрын жасалған келісімдердің бәрі бұзылуы тиіс деп санайтындарын жеткізді.

 

Жаңаөзенде бүгінде жұмыссыздар көп, әсіресе жастардың тұрақты жұмыс табуы қиын. Наразы жұрт осы мәселені де көтерді. Олар басшылықтың құрғақ уәдесіне сенбейтіндерін жеткізді.

 

Жұртшылықты алғашында Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Да­уылбаев тыныштандырмақ болды, оларды көшеде шуламай, кабинетте отырып түсінісуге шақырды. Бірақ жиналған көпшілік одан бас тартты.

 

3-қыркүйек күні наразы жұрт қаланың орталық алаңына тағы да жиналды. Бұл жолы ол жерге Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов барды. Облыс әкімі Маңғыстау өңірінде Қытай зауыттары салынбайды деді, бұған қатысты айтылған Сыртқы істер министрі орынбасарының сөздерін келтірді. Ондай мәселелер арнайы құрылған кеңесте қаралады, халықтың талқылауынсыз шешім қабылданбайды деп сендіруге тырысты. Бірақ бұл сөздер де наразы жұртты тыныштандыра алған жоқ.

 

Жиналғандар Президент Тоқаевтың өз аузынан Қытай зауыттары салынбайды деген сөзді қашан естігенше қаланың орталық алаңына күн сайын жиылып, акция өткізе беретіндерін мәлімдеді. Қазақстанның өзге аумақ тұрғындарын осы істе өздеріне қолдау көрсетуге шақырды.

 

Шымкенттік белсенділер қолдау білдірді

 

Жаңаөзен халқының талабына еліміздің басқа аумақтарындағы халық та өз қолдауын білдіріп жатыр. Кешегі аптаның сейсенбі күні шымкенттік бір топ белсенді азаматтар қаладағы «Ордабасы» алаңында осыған қатысты акция өткізді.

 

«Біз Жаңаөзен халқын қолдаймыз, – деді акцияға қатысушы азаматтардың бірі, шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев. –  Қытай экспансиясына, олардың елімізде 55 зауыт салуына қарсымыз. Сонымен қатар саяси тұтқындарды босатуды талап етеміз».

 

«Қытайлар бүгінге дейін экономикамыздың 50 пайызын жаулап алды. Мұнай кен орындарының көбі солардікі. Олардан көп қарыз алудамыз. Ал кепілдікке не қойылған? Соны білуіміз керек», – деді акцияға қатысушы азаматтың бірі.

 

Акцияға жиналғандар өздерін толғандырып жүрген бірқатар мәселелерді көтерді. «Жаңаөзенді қолдаймыз!», «Қытайға қарсымыз!» деген ұрандар көтерді.

 

Алматылықтар да үн қосты

 

Жаңаөзен халқының талабына 4-қыркүйек күні Алматы қаласындағы белсенді азаматтар да үн қосты. Осы күні көптеген адам қала әкімдігінің алдына жиналды.

 

Жиналғандардың алдына қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев шығып, олардың талабын тыңдады. Осы жерде белгілі оппозици­онер Рысбек Сәрсенбай оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаевты 7-қыркүйек күні Алматыда өтетін болып жоспарланған жалпыхалықтық құрылтайға шақыратынын жеткізді. «Келсін, халықты тыңдасын, сұрақтарға жауап берсін, түсіндірсін, айт­сын. Құрылтайдағы халық шешімі билікке қатысты болады», – деді ол.

 

Бұл кезде жиналған жұртшылық арасынан жекелеген адамдар сөз сөйлеп, өз талаптарын білдіріп жатты. Сосын жұртшылық резолюция қабылдап, оған жаппай қол қойды. Резолюцияда «Қытайдың экологияға қауіпті зауыттарын әкелуге тыйым салынсын!», «Қазақ халқына қауіпті Қытайға қатысты саясат өзгертілсін!», «Қытай экспансиясына жол берілмесін!», «Қытай Шыңжаңдағы аз ұлттарға көрсетіп отырған қысымын тоқтатсын!» деген талаптар жазылған.

 

Жиналған жұртшылық осындай акциялар кезінде ұсталып, қамал­ғандарды босатуды да талап етті, «Саяси тұтқындар бүгінгі күннен бастап босатылсын!» деген талап қойды. «Біздің жазықсыз қамалғандарды босат деп жалынып жүргенімізге екі ай болды. Бұлар аналарды, балаларды да қамап отыр. Бүгіннен бастап саяси тұтқындар босатылсын!» – деді осы жерде Мұрат Шорматов есімді азамат.

 

Акцияға жиналғандар Жаңаөзен халқымен бірге екенін, олардың қойып отырған талабын қолдайтынын білдірді. Саяси тұтқындар босатылмаса, Президентке де, жетекші партияға да сенбейтіндерін жеткізді.

 

...Осы күндері Жаңаөзен халқына қолдау білдірген наразылық акция­лары Тараз, Қызылорда, Ақтау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында да болып өтті.

 

Т.ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ