Өз ақшасына аялдама салған адамға қамқорлық керек

14.08.2019
Қаралды: 47

Шымкент қаласына қарасты «Ынтымақ» деп аталатын (бұрынғы «Пахтакор») елді мекеннің тұрғыны Асылхан Ағманов есімді азамат (суретте) туралы біз кезінде жазғанбыз. Ол кісі көшеге өз қаражатымен аялдама салып, оның маңайына ағаштар мен гүлдер отырғызған болатын. Арыққа ағын  су келмейтіндіктен еккендерін үйінен  шелектеп су тасып суғарып жүрген еді.

 

Айдын көшесінің бас жағында салынған, осы көшедегі жалғыз аялдама тұсынан бұрын №120 бағыттағы шағын автобус өтетін. Биыл оған №96 бағытта жүретін көлік қосылыпты. Төңіректе тұратын жұртшылық қалаға осы көліктермен қатынайды, автобусқа отыру үшін Асекең салған аялдамаға келеді, онда қыста суықтан, жазды ыстықтан паналайды.

 

Алайда пайдасын сол маңдағы жүздеген адам 4 жылдан бері көріп келе жатқан бұл аялдаманы күтіп ұстаудың барша бейнеті мен шығыны әлі де А.Ағмановтың өз мойнында екен. Мұны біз кешегі аптада Асекеңмен жолыққанда білдік.

 

«Өзгеріс сол – бұрынғыдай шелектеп су тасып әуре болмас үшін былтыр үйден аялдамаға дейін құбыр жүргізгенмін. Ауа райы ыстық кездері оған су көп шығындалады. Қазір күн қатты ысып тұр, соған орай аптасына екі мәртеден суғарудамын. Бұрын 150 түптей ағаш отырғызған едім ғой, оған тағы да 200 түп қостым, көшенің біраз жеріне дейін ағаштар мен гүлдерді егіп тастадым. Арасында 10-15 түп жеміс ағаштары да бар», – деді Асекең біздің қойған сұрақтарымызға орай.

 

А.Ағманов өткен жылы бұрын өзі тұрғыз­ған аялдаманы бұзып, орнына кеңірек, жайлырақ етіп жаңасын салыпты. Оған 150 – 200 мың теңгедей қаржы шығындағанын айтады.

 

Ал ол кісінің аялдама айналасы мен көше бойына бұрынырақта отырғызған көшеттері саялы ағашқа айналыпты. Еккен хош иісті гүлдері айналаға әр беріп, жайқалып тұр. Әрине, тиісті қамқорлықтың, уақтылы күтіп-баптаудың арқасында. Бұл орайда негізінен судың маңызы зор. Асекең осы су мәселесінде өзіне демеуші керек болып тұрғанын да айта кетті.

 

«Төлемді қала көшелеріндегі ағаштар мен гүлдерді суғаратын мекеме көтеретіндей етіп рәсімдеп берсе деген ойым бар. Өткенде таныстарымның бірі маған осындай ақыл қосты. Яғни жұмсалған көрсеткішін үйдегі су есептегіштен көріп, ақысын сол мекеменің есебінен алады. Өйтпесе, үйде суға кететін шығын көп. Өз қолыңмен еккен дүниелерді суғармай тағы тұра алмайсың. Ал суғарған сайын судың төлем ақысы да өсіп барады.

 

Әйтпесе маған жарты «ставкамен» ақы төлесе де болар еді. Ол қаржыны мен түгелдей аялдаманы, жол бойына егілген ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптауға жұмсар едім. Күнкөрісіме өзімнің «пенсиям» да жеткілікті», – дейді ол кісі.

 

Шынында да, көшедегі ағаштар мен гүлдерді суғаруға кететін қаржы қашанғы зейнеткер адамның қалтасынан шыға беруі керек? Бара-бара оның бұған шамасы келмей қалуы да мүмкін ғой. Қала басшылары осы мәселені бір ойластырып көрсе дұрыс болар еді.

 

Асылхан Ағмановтың байланыс телефоны: 8-705-898-65-38.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ