Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті

12.06.2019
Қаралды: 1091

Бүгін 12-маусым күні елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңадан сайланған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Президент Қазақстан халқына ант беріп, ресми түрде мемлекет басшысы лауазымына кірісті.

 

"Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан республикасы президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп Президент мемлекеттік тілде Қазақстан халқына ант берді. 

 

Қазақстан президенті ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.

 

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан президенті куәлігін табыс етті.

 

Естеріңізге сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев осымен екінші рет президент ретінде халыққа ант берді. Биыл 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұр-Сұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатқан соң, Конституцияға сәйкес сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымын иеленді. Ал 9 сәуірде кезектен тыс президент сайлауы болатынын жариялады.

 

Өткен жексенбі, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Ел тарихындағы екінші президентті сайлауға дауыс берушілердің 77,5 проценті қатысты. Осы жолы саяси додаға жеті кандидат түсті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың басым бөлігінің сеніміне ие болды. Екінші орынға "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосанов, ал үшінші орынға "Ақ жол" демократиялық партиясының кандидаты, жалғыз әйел үміткер Дания Еспаева жайғасты.

 

Тоқаевқа ең көп дауысты Алматы облысының, ал ең аз дауысты Маңғыстау облысының тұрғындары берген еді.

Пікір қалдыру

1000 символ