Ауылдың келіндері «батл» ұйымдастырып жатыр

13.05.2019
Қаралды: 439

«Ауыл деген жақсы ғой. Болса жақсы, болмаса несі жақсы...» демей ме «Тука» атанып кеткен Н.Төлендиев өзінің сомдаған бір ролінде. Расында да ауылдың ауасы да, табиғаты да керемет қой. Гүлжанар Оспанова да осындай шағын ғана ауылдың келіні.

 

Бүгінде жасы 24-тегі Гүлжанар 18 жасында тұрмыс құрған. Екі баланың анасы атанып отырған ол Мақтаарал ауданындағы Мырзакент ауылында туып-өскен, бүгінде Жетісай ауданына қарасты Асықата ауылының келіні. Жоғары оқу орнында мұғалім мамандығы бойынша білім алған келіншек әлі қызметке кіріспегенін айтады.

 

Гүлжанар – блогер келін. Ол күнде­лікті өзі жүргізіп отыратын «Іnstagram» парақшасында ауылдың қайнаған тір­шілігімен қоса ауыл келінінің өмірін де көрсетеді. Гүлжанардың басқалардан ерекшелігі да осында. Оны өзі былай деп түсіндіреді: 

 

«Мен сурет салғанда көпшілік оқырмандарым ауылын есіне түсіріп, қуанып қалады. Егер мен парақшамды боянып, сәнденіп түскен фотолармен толтырсам, оған ешкім назар аудара қоймаған болар еді. Ал ауыл келінінің өмірінен салынған посттарым жұртты қызықтыруда. Бірі жекеме жазып, енді бірі лайк басып, пікірлер қалдырып жатады.

 

Әрине, басында түсінбегендер де болды. «Неге бұлай киінесің, ана жерің анандай, мына жерің мынандай» деп сын айтатын. Оған мен аса мән берген жоқпын, фото салуды тоқтатпадым. Қазір адамдар үйренді, бұрынғыдай емес, жақсы көзқараспен қарайтын болды.

 

Оқырмандарым өте көп деп айта алмаймын, әзірге 4500-дей ғана жазылушыларым бар. Басында парақшама тіркелушілердің саны небәрі 350 адам ғана болғанын ескерсек, мен үшін бұл да бір жетістік».   

 

Осылай деген Гүлжанардың блогер­лікпен айналысқанына 5-6 айдың жүзі болыпты. Басында оның бұл ісін жолдасы «телефонды көп ұстайсың» деп  жақтыра қоймаған көрінеді. Уақыт өте келе адамдардың жақсы пікірлері кө­бейіп, нәтижесінде оның да ойы оңынан өзгергенін айтады. Күндіз үй шаруасынан қолы тимейтін жас келіншек желіге суретті көбіне түнге қарай жүктейді екен. Пікірлерді де осы кезде бір шолып шы­ғады. Біз Гүлжанардан бір күнінің қалай өтетінін де сұрадық.

 

«Үйде отырған соң жасалатын шаруалар күнделікті қайталанып отырады ғой. Таңертең сағат 6.00-де тұрамын да, сиыр сауамын. Қызымды балабақшаға жіберіп, сүт пісіремін. Күйеуім егінші­лікпен айналысады. Оны жұмысына шығарып саламын. Құрт жаямын, май пісемін, аулаға аздаған қияр-қызанақ егеміз, оған уақыт бөлемін. Кір жуу, тамақ жасау, үй жинау жұмыстары тағы бар. Арасында бір уақ телефонды ашып, парақшама көз жүгіртіп қоямын. Жұлдыздардың өмірі туралы ақпараттарды қарамаймын. Оған қолым да тимейді. Кешкісін тағы да дастархан дайындау, сиыр сауу, айналаның шөбін шабу, аулаға су шашып, оны сыпыру сияқты тірліктерді тындырамын. Ыдыс-аяқты жуып, бала-шағаны жайғастырып бол­ған соң бір сағат тағы да парақшама кіремін. Сөйтіп түнгі 24.00-де ұйықтаймын. Күнделікті тірлік осылай», – дейді ол.

 

Бар шаруаны жалғыз өзі атқаруға үлгеретін блогер келін аталған әлеуметтік желіде «батлға» қатысып жүр. «Батл» дегеніміз – кімнің мықтырақ екенін анықтау мақсатында екі адамның арасында өткізілетін жарыс. Гүлжанар «Іnstagram» желісінде «@qazaqbaіskі_kelіn» деген атпен тіркелген Бота есімді бейтаныс келіншектің өзіне «батл ұйымдастырайық» деген ұсыныс тастағанын айтады. Жарыс барысында екеуі бір-біріне кезекпен тапсырма береді және оның орындалу барысын көпшілік желіде бақылап отырады. Тапсырманы орындай алмаған адам жеңіліс табады.

 

«Мұндағы мақсатымыз – ауыл келін­дерінің де белсенді бола алатынын, олардың қолынан барлық нәрсе келе­тінін көрсету. Батлды бастағанымызға бір аптадай болды. Әзірге шектеулі мерзімі жоқ, жалғаса береді. Мұнда біз тапсырманың орындалуына бір күн береміз. Қарсыласымнан түскен алғашқы тапсырма – торт пісіріп, оны көрші үйге апарып беру болатын. Мен оны іске асырған соң оған «сиырдың шикі сүтін ішесіз» деген тапсырма бердім. Ол кісі оны орындады. Одан кейін Бота әпке маған шикі пияз жеуім керек екенін айтты. Мен оны жедім, сөйтіп ол кісіге «енеңізді өз қолыңызбен тамақтандыруға тиіссіз» дедім. Ол кісі мұны да орындады. Осы тапсырмадан соң енесі оған өз ризашылығын білдіріпті.

 

Негізі өзім келін болып түскен кезде енем болған жоқ. Ол кісі мен келмей тұрып марқұм болып кеткен екен. Енесіз қиналсам да бәрін үйренуге, барлығына үлгеруге тырысып жатырмын. Қазір қара шаңырақта атамызбен бірге тұрамыз. Батлға келер болсақ, алда әлі талай қызықты тапсырмаларды ойластыратын боламыз. Рамазан айында қайырымдылыққа байланысты тапсырмалар болып қалуы да мүмкін. Бұл жарысқа басқа да қыз-келіншектерді қосу ойда бар», – дейді Гүлжанар.

 

Еңбекқор келін ауыр тірліктен қашпайтынын, кез келген шаруаны тындыруға даяр екендігін айтады. Ауыл өмірі өзіне ұнайтынын да жеткізді. 

 

«Бірде егістік басын тазалап, айырмен қураған шөптерді жинап, оны өртеп дегендей азын-аулақ тірлік жасадық, сөйтіп оны парақшама салғанмын. Сол кезде көпшілігі «бұл әйел адамның жұмысы емес» деп жазып жатты. Мен мұндайды қаланың келіндері жазды деп ойлаймын. Себебі ауыл келіндері үшін бұл жат нәрсе емес, ондай шаруаны барлығы да істейді. Күйелеп кеткен қа­занды далаға от жағып ағартқан кезімде де «қазаның сынып кетпеді ме, күйіп кетпеді ме, еріп кетпеді ме» деп таң қалғандар да көп болды. Жалпы, мұндай ауыл өмірі маған ұнайды. Ондай болмаған жағдайда мен бұл тақырыпта блог жүргізбеген болар едім», – дейді ол.

 

Сөз арасында ол қолдан тәттілер пісіріп, салаттар даярлағанды да ұнататынын айта кетті. Бір қызығы, Гүлжанардың «Іnstagram» парақшасына жүктеп жүрген фотоларының авторы – оның 4 жасар қызы екен. Ол балабақшаға кеткен кезде телефонды таймерге қояды екен де, оны талға іліп немесе бірнәрсеге сүйеп, өзін-өзі түсіріп алатын көрінеді. «Әйтпесе, мені кім түсіреді? Үйде күні бойы емізулі балам екеуміз ғана боламыз», – деп күледі блогер келін.

 

Міне, қазақтың нағыз заманауи келін­дері!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ