Ақпарат

Шымкентті шеттетпеңіз

Қаралды: 1102

Қазір шымкенттіктерге деген көзқарас өзгеруде. Бұрын адамдардың Шымкент десе төбе шаштары тік тұратын еді.

Шымкент – шырайлы да шұрайлы аймақ, Қазақстанның 16 облысының бірі. Елімізде әр облыстың алар орны ерекше. Солтүстік – дәнді дақылымен, Батыс Қазақстан – мұнайымен, Шығыс Қазақстан облысы – ауыр машина зауытымен, Оңтүстік Қазақстан облысы ақ мақтасымен (әр облыс мен айтпаған тағы да басқа байлығымен) ерекшеленеді. Сонда да аракідік «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз қалыптасып қалған. Сондықтан «шымкенттік» деп бойды тіксіндіріп, тыжырына қарау қажет емес.

1.Шымкенттіктер қытайға ұқсап Қазақстанның барлық жерін жаулап алды дейсің. Жеріңде жүрсе, ол – сен айтқан қытай немесе басқа ұлт емес, өзіңнің қандасың, ру жағынан қарағың келсе, ағайының. Онда неге өз бауырыңды өзеуреп өзегінен тебесің? Ұлан-байтақ жеріңді «шымкенттіктен» қызғанғаның не сасқаның?! Қазақ ұлты көбейе алмай, қызың қыр асып, басқа ұлттың етегінен ұстап кетіп жатқанда, сәбиің қызылшақа күйінде шетел асып, сатылып кетіп жатқанда қазақтың көбеюіне бірден-бір атсалысып, халық өсімі жағынан алдыңғы орынды алып келе жатқан шымкенттіктерді неге қақпайлайсың?!

2.«Шымкенттіктер» қу, дөрекі, не шықса да шымкенттіктерден шығады дегенің – сенің де сондай болғаның. Өйткені «шымкенттік» ата жауың емес табалайтын.

З.Келінді күң есебінде ұстайсыңдар дейсің. Келіннің басына орамал таққаны – тазалықтың белгісі, атамыз қазақ әрқашан жаңа түскен келінге жын-шайтан үйір келеді деп басына орамал таққызған. Сәлем салдырасың дейсің. Сәлем салу – келіннің түскен жеріне деген ілтипаты. Келін барып қайнағасымен қол алысқаны ұят саналады.

4.Таң атпай тұрып үйдің ауласын сыпырасың, сиыр сауасың дейсің. Әйтеуір сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығасың дейсің. Біле білсең, сен айтқан «шымкенттіктер» қатыгез боп жаңа түскен жас келінге ауыр жұмыс жасатпаған. Аула сыпырса, береке кірсін деген ниетпен сыпырады. Өзіңе аян, Шымкент – ыстық аймақ. Сондықтан таңертең сыпырмағанда күн ыстықта қалай сыпырмақ?!

«Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» болып бөлінбей, Қазақ деген ұлттың болашағына байыппен қарап, татулықты ту етейік!

Мен Қазақстанның он алты облысымен, оның ішінде аталы сөзге тоқтай білген, салт-дәстүрін сақтай білген, үлкенін сыйлай білген, кішіге қамқор бола білген, жер-жерге бөлінбей, елдігін ойлай білген ардақты ата-әжелеріммен, асқар да асыл ата-аналарыммен, аяулы аға-жеңгелеріммен, ықылас таныта білген әпке-сіңлілеріммен мактанамын. Мен 16 облысыммен мақтанамын және мақтана аламын!

Қарлығаш Нұрбай.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Патриот РК 10.07.2017 05:19
Кремет. Жарайсың!
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру