Ақпарат

Бірлік болса жемқорлықтың жолы жабылатынына сенемін

Қаралды: 253

Кейінгі кездері елімізде шаруашылықтарды кооперативке біріктіру қолға алынғаны белгілі. Мен өз басым мұны дұрыс деп есептеймін. Осы орайда мына жайларды айта кеткім келеді.

Кеңестік кезеңде елімізде қоғамдық меншік мемлекеттік меншікке қарағанда әлдеқайда табысты болғаны белгілі. Қоғамдық меншік дегеніміз – колхоз меншігі. Колхозшылар жылдық табысының елеулі бөлігін жер салығы деп мемлекетке төлеп отыратын. Шаруашылық колхозшылардың жалпы жиналысы арқылы басқарылатын. Жалпы жиналыста колхоз басқармасы мен колхоздың тексеру комиссиясын бекітетін. Негізгі басшылықты осы кісілер жүргізетін. Ал жалпы жиналыста колхоздың жылдық жоспары бекітіліп, оны жыл бойы басшылыққа алатын. Колхозшылардың жылдық табысын жоғарыдағыдай әдіспен тиісті орындарға беріп, жоспар бойынша келесі жылға деп тиісті қорлар құрылатын, ол қорлар қатаң тәртіппен жұмсалатын. Колхоз тез дамыды. Колхозшылардың әл-ауқаты жылдан-жылға көтеріле түсті.

Ал осыдан 60 жыл бұрын, 1957-жылы қоғамдық меншік мемлекеттік меншікке айналып, колхоздар совхоз болып өзгерді. Бұл кезеңде совхоздар өндірген өнімнің құны колхоздар өндірген өнімнің құнынан әлдеқайда қымбатқа түсетін болды. Яғни колхоздың совхоз­ға қарағанда рентабельдігі әлдеқайда жоғары еді.

Колхоз кезінде халықтың жағдайы жақсы еді, әлеуметтік мәселелерге өте қатты көңіл бөлінетін, ешкім кемдік көріп тарықпайтын. Колхоздың жұртшылыққа берген пайдасы аз болған жоқ.

Міне, сондықтан мен елде кооперативтер ұйымдастыруды дұрыс деп білемін. Береке – бірлікте, ал бірлік бар жерде ұрлық, пара, жемқорлық атымен жойылады. Онда араққұмар, нашақорлар, арам пиғылдылар болмайды.

Ендігі байлық – жерде, жер көп жылдан бері тусырап жатыр. Сол жерді игеру керек. Бұл айтпаса да түсінікті жағдай.

Мемлекеттен несие уақтылы берілсе, кооперативтендіруді осы жылы-ақ бас­тап кетуге болады. Аудан орталықтарынан әр оншақты кооперативке бір-бір банк ашу керек. Оның әдепкі үш жылғы шығынын мемлекет көтерсе, одан кейінгі шығынды кооперативтер өздері-ақ жаба алады.

Аудан орталығынан ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды (дәнекерлеуші, электрик, ағаш ұстасы, темір жонушы, т.б.) даярлау курсын ашу қажет. Жоғары оқу орындарында ауыл шаруашылығы мамандарын (зоотехник, мал дәрігерлерін, құрылыс және техника инженерлерін, ауыл шаруашылығының жоспарлаушылары мен есеп қызметкерлерін) даярлайтын бөлімдер ашу керек.

Қазір елде кезінде колхозшы болған қариялар аз да болса бар. Қазақ «Көптің ақылы – көл» дейді ғой, ауылдағы қарттар менің осы пікіріме үн қосар деген үміттемін.

Ата-бабаларымыз бұдан 80 – 85 жыл бұрын колхоз құрылымымен өмір сүрген. Қазіргі ауыл шаруашылығында жасалып жатқан реформа – сол мұраны мықтап дамытудың күрделі жолы. «Ата кәсібіңді ұстасаң, кедей болмайсың» деген бар, ауыл шаруашылығын кооперативтендіру – бірлік пен ынтымақтың, байлық пен молшылықтың, адалдық пен адамгершіліктің тұрақты көзі болмақ. Кооперативтер сондай-ақ қазіргі қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бақылаудың көзі де бола алады.

...Бүгінде менің жасым сексеннен асты. Атам 1930-жылдан колхозда жыл­қы баққан. Кейін колхоз жылқысын әкем қабылдап, 1972-жылға дейін жылқышы болып келді. Өзім онжылдықты бітірген жылы колхозда еңбеккүн есебін жүргізетін есепші болып орналастым. Дипломымда «Ауыл шаруашылығының бухгалтер-жоспарлаушысы» деген жазу бар. Негізгі өмірлік кәсібім  ауыл шаруашылығындағы есепшілік болды.

1990-жылы ауданда бірінші болып ауыл шаруашылығы кооперативін ашқанмын. Онда төрт жылдан астам уақыт жұмыс істеп, жекеменшікке айналған кезде табыс пен бар малды жеке меншікке өткіздім.

...Қысқасы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды мен өз басым қуана қолдаймын. Оның еңбек адамдарына, мемлекетімізге берері аз болмасы анық.

Орынбек САРИЕВ.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру