Ақпарат

Шымкенттен – Астанаға...

Қаралды: 261

Бүгінде Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін тәулігіне мыңдаған адамдар барып тамашалауда.  

Осынша жұрттың және жергілікті тұрғындардың күнделікті ішіп-жемін қамтамасыз ету мақсатында биылғы көктемнен бері Елордада азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Бұған біздің Оңтүстік Қазақстан облысы да белсенді түрде атсалысуда. Мысалы, астанаға тек Шымкент қаласының аумағындағы түрлі кәсіпорындардың өзінен ғана осы уақытқа дейін бірнеше ондаған тонна азық-түлік жеткізіліпті.

«Өткен 27 – 28-мамырда Астанадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қала кәсіпорындары өндірген бірнеше тонна қызанақ, кеп­тірілген жемістер, макарон, жұмырт­қа, бал жеткізілді, – дейді бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігі ауыл шаруа­шылығы бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай. –  «Шымкент Құс» серіктестігінің өзі 10 мың дана жұ­мыртқа апарды. Осының алдында, 14-мамырда өткен жәрмеңкеге де тонналап азық-түлік апарғанбыз. Алдағы 24 – 25-маусым күндері өтетін жәрмеңкеге 5 тонна көкөніс, 3 тонна кептірілген жемістер, 2 тонна бал, 10 тонна макарон өнімдерін, 10 мың дана жұмыртқа апару жоспарланған. Шілде, тамыз, қыркүйек айларында да жәрмеңкелерге қатысамыз.

Аталған жәрмеңкелерге негізінен «Қаз Агроном», «Асар» жылыжай өнімдері», «Корона», «Барыс – 2007», «Шымкент Құс» серіктестіктерінің, «Тянь-Шань» шаруа қожалығы мен бірқатар жеке кәсіпкерлердің өнімдері жеткізіліп жатыр».

Шымкент қалалық әкімдігі мамандарының  айтуынша, Елордаға жет­кізілетін өнімдердің бағасы облысымыздың сауда нүктелеріндегі бағадан 10 – 15 пайыздай арзан болады екен. Қымбатшылыққа үйренген астаналықтарды Оңтүстіктен апарылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапалылығы ғана емес, бағасының біршама арзандығы да қуантуда.

«Жергілікті әкімшілік жәрмеңке өткізуге қажетті барлық жағдайды жасап қойған, – дейді бөлімнің бас маманы Бақытжан Аязбеков. – Сатушылар жұмысын арнайы павильонда тұрып жүргізеді. Музыка ойнап тұр. Мерекелік көңіл-күйде, сапалы, арзан тауар алған астаналықтар бізге ризашылықтарын білдіріп жатыр.

Біздің облыс осыған дейін жәр­меңкені Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен бірге өткізген еді. 24 – 25-маусымдағы жәрмеңкеде бізбен бірге Атырау, Қарағанды, Қостанай облыстарының кәсіпорындары өнімдерін сау­далайды. Одан кейін де Елордаға үш мәрте өнімдер апарамыз.

Жалпы, Оңтүстік өнімдеріне сұраныс жақсы. Жергілікті тұрғындар таң­ертеңнен бастап біздің жәрмеңкемізге келеді. Олар біздің апарған өнімдерді мақтайды, оған, әрине, көңіліміз марқайып қалады».

...Қысқасы, Астана жұртшылығы Оңтүстіктен жеткізіліп жатқан өнімдер сапасына риза екен. Ал бұл игілікті іске тек облыс орталығының кәсіп­орындары ғана емес, барлық аудандарымыздың шаруашылықтары да бір кісідей атсалысуда. Яғни Елордаға облысымыздың шаруашылықтарынан жүздеген тонна көкөніс, жеміс-жидектер  мен жылқы, қой, тауық, күркетауық, балық еттері, қазы-қарта, сүт пен ұн өнімдері, өсімдік майы мен қымыз-қымыран жеткізілуде екен.

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру