Ақпарат

Шыңғыс ханның қабірін іздеушілерді қолдайтындар көбейіп келеді

Қаралды: 591

«Замананың» өткен нөмірінде «Шыңғыс ханның қабірін таптық деген адамдар жоғарыдан хабар күтіп отыр» 

деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. Онда редакциямызға арнайы келген Құрбан есімді азаматтың айтқан сөздері берілген болатын. Ал кешегі аптада редакциямызға Әділхан Әтемов есімді қария  арнайы келіп, төмендегідей мәтінде жазылған хат әкеліп тапсырды.

«Менің өткен, 2016-жылдың қараша айында «Жас Алаш» газетінде Шыңғыс хан жөнінде мақалам жарық көрген болатын. Сонда Шыңғыс ханның немесе оның ұрпағы Кенесары ханның қабірін тауып, күтімге алуымыз керек, әйтпесе халықтың рухы көтерілмейді  де­генмін.

Бір ерлі-зайыпты адамдардың аян түс арқылы Арыс жаққа барып, сонда көрсетілген жерді қазып жатқанын естігенде қатты қуанып қалған едім. Сосын оларды іздеп барып жолықтым. Әлгі жерді көрдім, рухымыздың көтерілетінін сезе бастадым. Сосын сол жерді қазушы Гүлжанар Алтынбекова мен оның жұ­байы Сман Өтегенов Шым­кентке, біздің үйге келді. Мен оларды «Жас Алаш» газетінің жергілікті бөліміне ертіп бардым, олар туралы жазып, көпшілікті, басшыларды құлағдар етуге өтініш жасадым. Содан кейін газетте менің «Шыңғыс ханның әруағымен тілдескен» деген мақалам жарық көрген еді. Сонда мен Гүлжанардың Шыңғыс ханның әруағы түсінде аян бергені туралы айтқан сөздерін келтіргенмін.

«Гүлжанардың Манас де­ген бабалары Шыңғыс хан­ның заманында өмір сүрген екен, – деген еді сонда оның жары Сман. –  Шың­ғыс ханмен байланыстырып жүрген сол бабасының әру­ағы ғой. Сосын қазу жұмыс­тарын бастап кеттік, бізге біраз туыстарымыз көмектесті. Аумағы 4х8 метр жерді 4,5 метрге дейін қазғанымызда одан қанды топырақ шықты. Бабамыз оны Алматыға апарып тексер­тіңдер деген, сосын оны белгілі археолог Карл Байпақовқа көрсеткенбіз. Бірақ бізге ешкім сеніп отырған жоқ. Сондықтан Арысқа қайтып барып, қазу жұмыстарын жалғастырдық.

Қабірдің «ішкі үйіне» кірер кезде бабамыздан: «Сары­төбе деген жерді табыңдар» деген аян түсті. Оның қайда екенін бізге бабаның жыланы көрсетіп отырды. Үш шақырымдай қашықта тұрқы тақия тәріздес 15 шақты төбе бар екен. «Бірін­ші төбенің басында Майқы би жатыр» деген аян алдық. Майқы би Шыңғысты хан көтерген, оған ұстаз болған адам екен. Аяннан білгеніміз, ол осы төбенің басында әйелі және қызы үшеуі жерленген екен. Әруағының рұқсатымен Шыңғыс хан моласының «ішкі үйін» қазуға кірістік. Сосын қазуды аян бойынша тоқтатып, 2015-жылдың қазан айында қайта жалғастырдық. 13 метр тереңдікке жеткенде алдымыздан бабаның үш бұлағы шықты. Енді бабаның есігінің алдына барып тоқтап тұр­мыз».

Олар ақ керішті, қатты жерді 12 – 13 метр тереңдікте, көлденеңінен 40 метрге дейін қазып шығыпты.

«Қазу жұмыстары кезінде аян арқылы көптеген белгілер көрінді, – деді Гүлжанардың өзі маған. – Табанның таңбасы, арабша жазулар, «16» деген белгі кездесті, бабаның жыланы да шықты, «1027» деген сыры белгісіз жазуды да көрдік. «Шыңғыс ханның моласына 30 сантиметр қалды» деген белгі келді. Аяннан білгенім, Шыңғыс хан ол жерге атымен бірге жерленген екен».

...Осы әңгімелерді есті­генде мен әрі-сәрі күйде қалдым. «Бұл өзі кісі иланатын тірлік пе? Әлем ғалымдары жылдар бойы таба алмай жүрген Шыңғыс ханның қабірі Арыс қаласынан екі-үш шақырым қашықтағы жұрт «Лесхоз» деп атап кеткен ауылда жатыр деген сөз құлаққа қона ма? Әлде бұл адамдар осы арқылы қандай да бір пайда табуды ойлап жүр ме екен?» – деген ойлар келген. Бірақ әңгімелеріне қарағанда, олар­ға қаржылай жәрдем беріп жатқан да ешкім жоқ сияқты. Өздері бір үйді жалдап тұрып жатыр, жанын асырайтын табыстары да жоқ, яғни жұмыс істемейді.

Мен қазақ халқы Шың­ғыс ханның өз бабамыз екенін білгесін рухы бір көтеріліп, оның жатқан жерін тезірек ашуды, оған тамаша ес­керткіш тұрғызуды, атын бір қалаға беруді талап ететінін білемін. Халқымыздың ойшыл, ұлтшыл азаматтары Шыңғыс ханның қазақ екенін білгесін рухтары көтеріліп, бір әрекет етеді деп ойлаймын.

Егер осындай жай өзге елдерде орын алса, мысалы, Қытайда, Өзбекстанда, араб елдерінде болса, олар біз сияқты қарап жүре бермей, тез арада бір әрекет жасап, қабірін ашып, дәлелдеп, өздерінің Шыңғыс хандай батыр бабалары барын әлемге жария етер еді.

Мені бүгінде осы мәселе жиі мазалайтын болып жүр. Ерлі-зайыптылардың жар салып жатқан мәселесіне жоғарыдағылар неге селт ет­пейді? Бұл жөнінде Прези­дентіміз білсе, бұған шындап назар аударса екен деймін. Болмаса Үкімет басшысына немесе оның орынбасарына тапсырма берсе болар еді.

Өз басым басшылардың бұл мәселеге мән бере қарағанын қалаймын.

...P.S. Бұл мақала авторы – Әділхан Әтемовтің жасы қазір 75-те екен. Айтуынша, ол кісінің әкесі Арыс өңіріндегі ауқатты адамдардың бірі болыпты, кезінде Жызақ жаққа апарып мал өткізіп, одан керекті заттар әкеліп халықтың жағдайын жасаған екен. Кейін бүгінде Өзбекстанға қарап кеткен, сол кездері «Социалистік құрылыс» деп аталған колхозды басқарыпты. Ұлы Отан соғысы кезінде майданды керек-жарақпен қамтамасыз етуге атсалысыпты, тіпті әскери ұшақ жасауға жеке қаржысын аударған кезі де болыпты.

Ал Әділхан қарияның өзі 1966-жылы Ташкент политехника институтын бітіріпті, Жызақ облысында тұрып, еңбек етіпті, бірнеше шаруашылықтарда жауапты қызметтер атқарыпты, бас инженер лауазымына дейін көтеріліпті. Бүгінде ол кісі Шымкенттің «Қазығұрт» шағын ауданында тұрады екен.

Әділхан қарияның байланыс  телефоны – 8-778-618-04-00.

Әділхан ӘТЕМОВ, зейнеткер».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Светлана 28.06.2017 13:09
Мынандай жаңалыққа селт етпеу деген еш ақылға қонбайтын жағдай... Егер сол жерде АТ БАСЫНДАЙ алтын жатыр десе қандай реакция болар еді,шіркін!Шірк ін қазақпыз ғой...
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру