Ақпарат

Сөмкеге сиып кететін бесіктер сатылуда

Қаралды: 818

Таяуда бір қызық жарнама назарымызды аударды. Онда жиналмалы бесік жөнінде айтылыпты. 

«Қазақстанның барлық аумақтарына жеткізіп бере аламыз» деп жазылып, телефон нөмірі көрсетіліпті. Осы телефон арқылы хабарласқанымызда тұтқаны бір жігіт көтерді. Аты-жөні – Нұрсұлтан Ақжол, Алматы қаласының тұрғыны екен.

«Мұндай бесіктерді қазір 63 жастағы бір кісі жасайды, – деді бізге Нұрсұлтан. – Оның әкесі ағаштан түйін түйген шебер болған екен, өнері баласына дарыпты. Қазір ол кісінің өз рұқсатынсыз аты-жөнін атай алмаймын. Ол бесікті бүгінде өзінің кенже ұлы екеуі жасайды.

Ал мұндай бесіктерді жарнамалау, сату – менің мойнымда. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық бесік сатылды. Сұраныс жақсы. Біз мұны базарда емес, арнайы дүкенде сатамыз. Тұтынушылар телефонмен хабарласып, тапсырыс береді, дайын болғанда алып кетеді.

Ұсталар бесікті әбден кептіріліп, дайын болған қайың ағашынан құралмалы етіп жасайды. Бір бесік үш-төрт күнде жасалады. Әзірге ол жасаусыз шығарылуда. Бағасы – 35 мың теңге. Енді жасауымен шығаруды қолға алмақпыз. Бұйыртса, алдағы бір ай көлемінде ішіндегі жасауы толық жиналмалы бесіктер дайын болады».

Нұрсұлтан осылай дейді. Ол сатып жатқан бесіктер өте ыңғайлы екен, яғни оны тасымалдауда қиындық жоқ. Қай жаққа апарамын десеңіз де жинап, арнайы сөмкесіне салып, дипломат сияқты көтеріп жүре бересіз. Пайдаланылмайтын кезде жинап, сөмкесіне салып қоясыз. Қонаққа бара қалсаңыз да бөпеңізге бесік іздеп әуре болмайсыз. Ол үйден бесік табылғанымен де бала оны бөтенсіп, жатырқайды, бірден үйрене алмайды ғой. Осындайда сөмкеңізден жиналмалы бесікті шығарып, құрап жібересіз де, сәбиіңізді соған бөлей қоясыз.

Бұл бесіктің ұзындығы – 85 сантиметр, ені – 40 сантиметр, ал салмағы 5 – 7 кило аралығында болып келеді екен.

...Қысқасы, бесіктің жаңа түрі шығыпты, бүгінде оның пайдасын көріп жатқандар да бар. Ал жиналмалы бесік жасаушылармен серіктес болып еңбек етіп жүрген Нұрсұлтан өздерінің алға бұдан басқа да жоспарлар қойып отырғанын айтады.

«Жоспарымыз өте көп.  Электронды домбыра, жиналмалы жатын жиһазын, жиналмалы үстелдер, сандықтар және тағы басқа да заттар жасау ойымызда бар», – дейді ол.

Бұл өзі бір жақсы нәрсе сияқты. Өйткені қазақта үйінде бесік ұстамайтын отбасы жоқ қой. Бесіктегі бала таза болып өседі, оның денсаулыққа да тигізер оңды әсері бар. Ендеше осындай бесікті тасымалға жеңіл етіп ойлап шығарған адамдарға барша жұрт риза шығар.

Нұрсұлтан Ақжолдың байланыс  телефоны –8-707-192-95-59.

Р. ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру