Ақпарат

Бекболат бақсының кереметтерін көрдік

Қаралды: 1551

Мәселені телефонмен-ақ шешіп тастады
Қызылордалық бұл бақсымен біз кездейсоқ та­ныс­­тық. Ауылдық амбулаторияда мейірбикені іздеп бір бөлмеге бас сұққанбыз. 

Буындары ісіп, артрозы ас­қынған апайға массаж жасап жат­қан азаматтың телефоны шырылдай жөнел­ді. Ол телефонды құлағына тосты. Тұтқаның арғы жағынан асыға сөйлеген қыздың даусы естіліп тұрды. Оның аты мен әкесінің есімін сұраған әлгі азамат:

– Бісміллә, – деп көзін жұмды да, бірер минуттан кейін сөйлей жөнелді. – Қарындасым, сенің затың жоғал­ғ­ан жоқ. Жаныңда ұзын бойлы келген қараторы жігіт бар. Ол саған туыс емес, тым бөтен де жан емес. «Ухажерің» ғой. Үстіне қою-көк түсті «футболка» киген, бұтындағысы – джинсы шалбар, иә? Іздегенің соның артқы қалтасында тұр, – деді ол.

Жоқ іздеген жанға қашықтан да көмектесе алатын адаммен жолыққанымызды түсіне қойдық. Бұл сәтті ұялы телефонымыздың бейнежазбасына түсіріп те үлгердік.

– Ол қыз не жоғалт­қан? – деп сұрадық сосын.

– Ұялы телефон.

– Оны табады ма?

– Иә, табады. Жігіті ойнап қалтасына салып қойған, – деді ол жымиып.

Сәлден кейін әлгі қыз қайта хабарласып, рахметін айтып жатты. Бұл жолы оның даусы жарқын-жар­қын шыққаны бізге де анық естіліп тұрды. Алпамсадай денелі, бір қарағанда сұсты көрінетін көріпкел жарасымды жымиып алды да, массажын жалғ­астыра берді.

– Қолының қызуы бар, бір-екі күн массаж жасаса буынның қақсағаны қойып, бойың кәдімгідей жеңілдеп, ұйқың тынышталып қалады. Қамшысымен қағып жіберсе желкеңнің құрыс­қаны да қашып кетеді. Қолының шипасы мықты, – деп мейірбике апай маған сыбырлап үлгерді.

Бұл ақпарат біздің әлгі азаматпен жақынырақ танысуымызға себепші болды.  

– Жоғалған заттың қайда екенін қалай білесіз? – деп сұрадық біз одан.

– Көзімді жұмғанда маған хабар­лас­қан адамды жанымда тұрғандай анық көремін. Оның өмір тарихы, болмысы, мінезі, жалпы, барлық ақпарат маған мәлім болып тұрады. Ағзасын да рентген сияқты түгел шолып өтемін. Дімкәс ағза мүшесі маған қызарып көрі­неді, қай жері ауыратынын содан білемін. Сол сияқты адам, зат, мал жоғалса да оның қайда, қандай жерде екенін анық көремін, – деді Бекболат  бақсы.

Жоғалған жанның қайда екенін айтып берді

Бақсылық бойына бала кезден дарыған ол сөз арасында өзіне хабар-ошарсыз, із-түзсіз жоғалған адам жайлы қандай да бір дерек білу үшін құқық қорғау органдарының адамдары да жиі хабарласатынын айтып қалды.

«Керек адам екен» деп байланыс нөмірін жазып алғанбыз. Шынында да төрт күннен кейін керек болды. Алыс бір туысымыз адам жоғалтты. Күзетте істейтін жігіт ешқайда шығармауы тиіс жүйкесі жұқарған бір науқас­ты көзден таса етіп алыпты. Екі күн бойы сабылып іздегенімен ақыл-есі кіресілі-шығасылы жігіт ізім-қайым жоқ. Қызметінен сөгіс естіген ол шырылдап, жоқ іздегендерге көмектесе алатын адам сұрастырады. Туысымыздың өтінішімен мен Бекболат Қалмахановқа хабарластым. Жоғалған адамның аты-жөнін білмейтінімді айттым.

– Жоқ іздеген адамның аты мен әкесінің атын айтыңыз онда, – деді Бекболат Имашұлы.

Жоғалған адамға туыстық қатысы болмаса да күзетте істейтін жігіттің аты-жөнін айттым. Жауап мені ғана емес, жанымда отырған адамдарды да түгел таңқалдырды.

– Құс келіп, құс қайт­қанда ақылы ауысып, қайда кеткенін, не істеп, не қойғанын білмейтін бір жігітті көріп тұрмын. Үстінде тозыңқыраған киім, шашы өсіп, өзі қатты әбіржіп кеткен. Қаланың күншығыс жағында адам жерленбейтін ескі қорым бар. Сол төңіректе жүр. Әлденеден қорқатын сияқты. Қарны қатты аш­қанда жол бойына шығып, көлік тоқтатуға тырысады. Оның Түркістанға барғысы келеді. Екі күннің ішінде жол бойынан табасыздар. Уайымдамаңыздар, адам аман, тек шілия түсіріп оқыту керек. Сонда ауруынан да айығады, – деді бақсы.

Оның айтып тұрғаны рас. Бұл жігіт Түркістанның тумасы екен. Жасы отызға жуықтаған оның мұндай ауруға шалдыққанына бір­неше жыл болыпты. Мұны күзетте істейтін туысымыз растап отыр.

Бақсының айтқаны айдай келді. Арада екі күн өткенде жоғалған жігіт бақсының айтқан жерінен табылды.

Араққұмарлықтан құтқарады екен

Бекболат Қалмаханов жайлы елең еткізер тағы бір жайтты бізге мейірбике апай  айтып берді.

– Ол маскүнемдікке салынғандарды да емдейді. Дәрі-дәрмекпен емес, Құранмен, қамшымен. Мұндайда, бір қызығы, алдындағы адамның бойына әбден сіңіп қалған «перегардың» иісі Бекболаттың аузынан шығып тұрады. Бөлме де арақ сасып кетеді. Бірнеше жылдан бері ішетіндерді үш күн осылай емдейді. Ал көп ұзамай әлгі адам арақ көрсе «атама» деп тұра қашатындай халге жетеді. Соған қарағанда, тылсымнан бойына құйылатын қасиетпен бақсы адамның бойын, қан тамырларын түгел тазалайды-ау дей­мін. Әйтеуір біз тү­сінбейтін бір тылсым. Бірақ ол шынында да жоқ іздегендерге кө­мектесетін, ауырғандарды дер­тінен айықтыратын адам, – деді әлгі апай.

...Міне, Қызылорда облысында осындай ерекше адам тұрады екен. Қамшысымен рухани кеселді қуып, алақанындағы жылумен бойды буған ауруды «ауыздықтайтын» мұндай адам жайлы біле жүрген де артық емес-ау.

...P.S. Мақала баспаға әзірленіп жатқанда Бекболат бақсыға қатысты тағы да бір таңқаларлық оқиға болды. Біз бұл туралы газетіміздің келесі нөмірінде жариялайтын боламыз.

Бекболат Қалмахановтың байланыс  телефоны – 8-777-067-40-32.

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #2 Абдулла 13.07.2017 02:05
Номер тіркелмеген дейді
Дәйек алу
 
 
0 #1 Анон 28.06.2017 09:12
Замана ұжымы! Сіздер үшін ұят осылай жалған ақпарат таратып аудитория жинап жатқан. Əр түрлі адамдар үлкен үміт артып осы номерге хабарласып алданып жатыр. Мен де басыма іс түсіп хабарласып едім. 1000теңге бірлік салуымды сұрап сосын қайта хабарласу керектігімді айтты. Мен бірліктерді салып, қайта хабарлассам номер тіркелмеген деп жатыр. Сонда осылай да адамдарды алдап, күн көру жолы пайда болған ба?! Бұл не деген сұмдық?! Неге оны жарнамалап, интернетке саласыздар? Қаншама адам ішпей-жемей алаяқтың арбауына түсіп жатыр. Шектеу жасаудың орнына жарнамалап отырсыздар. Сіздер үшін ұят нарсе!
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру