Кешегі аптада редакциямызға Шымкент қаласының бір тұрғыны хабарласты. «Көтеріп отырған мәселем түрлі пікірлер туындауына себеп болуы, сөйтіп елден сөз естіп қалуым мүмкін», – деген ол кісі өзінің аты-жөнін атамады.
«Биыл ораза айында берілетін пітір-садақа мөлшері 300 теңге деп белгіленгенін білесіздер, – деді редакциямызға хабарласқан адам. – Жұрттың көбі оның шариғатта бекітілген мөлшерден артық екеніне мән беріп жатқан жоқ. Мысалы, қазір бидайдың килосы 50 – 60 теңге аралығында. «Екі кило бидай мөлшерінде» деп дінде айтылған мөлшерге сай есептесек, ол 100 – 120 теңге болып шығады. Сонда діни басқарма пітір садақасына байланысты пәтуаны неге сүйеніп шығарған? Қарап отырсақ, өткен жылы да садақа мөлшері шариғатта көрсетілгеннен артық, адам басына 200 теңгеден болды. Биыл тағы да өсіп отыр.
Мен осыны түсіне алар емеспін. Еліміздің жемқорлығымен аты шығып отыр ғой. Соған қарағанда, жемқорлық дін саласына да келіп қалған жоқ па екен деген күмәнім бар. Әйтпесе пітір садақасының мөлшері жыл сайын неге арта береді? Кеше бір ауызашарда болған едім, жұрттың көбі осы жөнінде айтып жатты.
Газеттеріңізде бұл мәселе жөнінде де жазыңыздаршы. Мүмкін дін өкілдері бір уәжін білдіріп, жауабын беріп қалар».
Редакциямызға хабарласқан кісі осылай деді. Бұл жайдың бізге де ой салғаны рас.
Жалпы, баршамыздың пітір садақасын жан басының амандығы үшін, Алла разылығы үшін берілетін садақа деп ұғатынымыз, сондықтан бұл тақырыпқа пәлендей деп әңгіме қозғамайтынымыз белгілі. Садақаны кім қайда, кімге берсе де өзі біледі. Дегенмен аталған мәселе бүгінде көпшілік арасында жиі талқыланып жатқанға ұқсайды.
Мысалы, Қайрат Әмір есімді әлеуметтік желі қолданушысы өзінің жеке парақшасында былай деп жазыпты:
«ҚМДБ-ның есебінде 2320 мешіт бар екен. Халық санын шамамен 17 миллион 600 мың адам делік. Оның 75 пайызы – мұсылмандар, 13 миллион 200 мың адам. Пітір садақасы жан басына 300 теңгеден болғанда 3 миллиард 960 миллион теңге, АҚШ валютасымен 12 миллион 692 мың 307 доллар 69 цент болады екен...
Имамдыққа кетеміз-ау осы.
Бидайдың килосы 50 – 60 теңге, екі кило бидайдың бағасы 100 – 120 теңге емес пе?»
Қ.Әмірдің бұл жазбасына қатысты көптеген адамдар өз пікірлерін білдіріпті. Әжептеуір айтыс-тартыс болған.
...Жалпы, дін өкілдерінің бұған байланысты қандай да бір түсінік беріп, оны ақпарат құралдарында жариялағаны да дұрыс-ау. Әйтпесе жұртшылық арасында осындай жағымсыз әңгімелер орын алып жатыр.
Н. ӘБДІ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!