Президентті мақтап-мадақтауға тиым салды

17.06.2017
Қаралды: 712

Өзбекстанда сазгерлер мен әншілерге ел Президентін мақтап ән жазуға және оны орындауға тиым салынды. 

Бұл жөнінде мемлекеттік «Өзбекконцерт» бірлестігінің жиынында қатаң ескертілді. Жиында «Президенттің және басқа да кейбір қайраткерлердің іс-әрекетін мадақтап бейнежазба түсіру – әдепсіздік» екені баса айтылды.

Жалпы, мұндай шешім жасалуына таяуда Өзбекстан Президенті туралы түсіріліп, әлеуметтік желіде таралған, Мирзиёевті жер-көкке сиғызбай мадақтаған бейнеклип себепкер болды. Онда Өзбекстан  Президенті «сымбатты сұлтан», «Құдайдың жердегі көлеңкесі», «сүйікті адам» ретінде сипатталады. Авторы – өзбектің белгілі әншісі әрі актрисасы Дильфуза Исмаилова оны шын жүректен шығарғанын айтып ақталғанымен жұртшылықтың ащы сынынан құтыла алмады. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай әрекеттердің Өзбекстан үшін қажет емес екенін айтып, ондайды қаламайтындарын ашық білдірді.

Негізі жөн-жосықсыз мақтауды Өзбекстан Президентінің өзі де жақтыра қоймайтын көрінеді. Әлгі бейнеклип оны қуантпаған, керісінше, қолайсыз жағдайға қалдырған сияқты.

Ал кей елдердің халқы мұндай марапаттауды солай болуы тиіс сияқты қабылдап, Президентін мақтауда жарыса шауып, бірін-бірі таптап кете жаздайтыны өтірік емес қой.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ