Ақпарат

Баспана үшін қарияға қосылуға да дайын екен

Қаралды: 494

Бүгінгідей қым-қуыт заманда жалғызбасты әйелдерге қиын. Әсіресе өзінің баспанасы болмаса. 

Таяуда бірге жұмыс істейтін әйелдің басындағы жағдай туралы естігенде айлығым аз болса да өз үйімнің барына шүкіршілік еттім.

...Айманның өмірі қабағы ашылмайды, өзі де сезбейді-ау, үнсіз, ойлы күйде отырып, көп күрсінеді. Бірде тіпті жұмысқа жыларман күйде келді. Оған жаным ашыды. «Таң-азанымен көңіліңді кім түсіріп жүр? Біреумен сөзге келіп қалдың ба? Олай болса оған бола өзіңді-өзің қинамасаңшы», – дедім оны көңілдендіруге тырысып. Оның күйеуімен ажырасып, үш баласын өзі асырап-бағып жүргенін білетінмін. «Балаларың – байлығың, соларды ойла», – дедім.

Айман әбден іштей тығылып, қиналып қалған екен. Менің жылы сөзіме толқып, жылап жіберді. Сосын тез жинақталып, көз жасын сүртті де: «Халімді айтсам, бір жеңілдеп қалармын. Мүмкін сіздің көмегіңіз де тиіп қалар», – деді маған үміттене қарағандай болып.

«Әпке, сізге сырымды айтайын, – деді сосын Айман. – Несін жасырайын, қазір мен балаларымның жағдайын жасайтын шалға да тиіп кетуге дайынмын. Үйі болса болды. Жұмыс табудың қиындығынан бөлек, басымда баспанам жоқтығынан әбден шаршадым. Квартирадан квартираға көшудеміз. Жалғызбастыларды болмаса, бала-шағасы барларды бүгінде квартираға да алмайды.

Біз ата-анадан екі қызбыз. Әпкемнің өз үй-жайы бар, жағдайлары жақсы. Оның маған көмектескісі-ақ келеді, бірақ қолында ештеңе жоқ. «Ең құрығанда аптасына бір мәрте үйге келіп, балаларыңмен аунап-қунап қайтсайшы», – дейді. Өзіміз де барып тұрамыз ғой, бірақ жездемнен қысыламын. Ол бізді жақтырмайтынын кейінгі кездері ашық білдіріп жүр. Осыны білгесін үйіне бармай-ақ қояйын десем, әпкем уайымдап телефон шалады, үйіне шақырады. Ал барсам болды, жездемнің қабағы түнеріп кетеді.

Негізі жездем жаман адам емес. Мені сыйлайды. Бірақ балаларды бөтенсиді ме, әйтеуір жақтырмайтынын ашық сездіретін болып жүр.

Мен қазір үй-жайы болса, шалға тиіп кетуге де әзірмін. Бәріне көнуге бармын. Тек балаларымның жағдайын жасаса, үйінде өз үйіміздегідей еркінірек жүрсек, мен үшін бақыттың үлкені сол болып тұр. Ақыры халімді білдіңіз ғой, сондай адам болса, қарастыра жүріңізші...»

Осылай деген Айман маған қиыла қарады. Әп-әдемі, жас әйелдің мына күйі менің жүрегімді езіп жібергендей болды.

Өзінің айтуынша, Айманның қыздай қосылған күйеуі ішімдікке құмар, ұрда-жық, сотқар жан болыпты. Төрт-бес жыл ит-ырғылжың тұрмыс кешкесін әбден көңілі қалып, одан ажырасып кеткен екен. Тіпті одан заңды түрде алимент алуға да жүрегі дауаламапты. Құтылғанын олжа көргенін айтады. Күйеуінің қайда жүргенін білмейді, ол бұларды іздемейді де екен.

Өзін көріп-білмесем де Айманның күйеуіне деген зығырданым қайнады. Өз өміріне де, әйелінің, балаларының өміріне де немқұрайды қарайтын, арақпен ғана дос сондайлар қайдан шығады? Ал Айманның мынадай күйге түсетіндей не жазығы бар еді?

Мені осындай ойлар толғандырды. Айманға өзінің жанын түсініп, қорған болатын, балаларына арқасүйер болатын жақсы адам кезігуін тіледім. Шынымды айтсам, мен оның адал жар бола алатынына сенемін.

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру